Бабалар аманаты – ұрпаққа ұлағат

Біздің қазақ бұрын үш жүзге бөлініп келсе, енді жер-жерге, жақын туысқанға, топ-топқа бөлініп, берекесі қашуы мені қатты алаңдатады. Жан жүрегімді жегідей жейді. Ойландырады, толғандырады. Біз барлығымыз осы кемшіліктің себеп-салдарын зерттеуіміз керек. Қандай бір ауруды емдеу үшін оның диагнозын дұрыс қоюымыз керек қой. Диагноз дұрыс болмай ем қонбайды. Қоғам да сол сияқты. Мен қазақтың қалыптасуына байланысты алыс шетелдерден бес мың жылдық тарихы бар мынау іргеміздегі қытайдың, түріктердің, арабтардың, жапондардың және өзіміздің Қазақстан тарихшыларының көптеген еңбектерін көз майын тауысып оқығаным бар. Әкем кезінде «адам болам десең, елдің азаматы боламын десең үлкен тұлғалардың әр аптада тарихқа қатысты, ұлағатты бір шығармасын оқып жүр» деуші еді. Сол жадымда қалды. Сабақта жүрген қаншама қиын, уақыт жоқ кездердің өзінде уақыт тауып роман, повесть, тағылымды кітаптарды оқи бастап едім. Соның жемісі, нәтижесі болса керек, қазіргі кезде менің екінші, үшінші жинақтағы Алла аузыма салған қанатты сөздерім қолдарыңызға тиіп отыр.

Қазақ ұлты – ананың құрсағынан алты айлық кезінде дүниеге келген адамзат баласы. Бір кезде қазіргідей өркениет заманауи жетістіктер болмады. Адамдар табиғи ортада тау аңғарларында, теңіз жағалары мен аралдарында, ну орманның ішінде табиғаттан берілген барлық тіршілік иелерімен бірге жабайы өмір сүрді. Тіршілік ету қиын болды. Осындай ортада алты айлық жүкті анамыз толғатып, өміріне қауіп төнеді. Босанған кезде жолдасы (шаранасы) түспей қансырап, дүние салады. Баланың кіндігін атамыз кесіп, тымағына салып асыраған екен. Қазақтың бөркі – табиғаттың қауіп-қатерінен қорғануға қолайлы, жылу сақтайтын өте ыңғайлы бас киім.
Балаға бөріктің шапағаты тиді. Атамыздың (кей деректе атамыздың аты Алаш делінеді) күркесі бір көкбөрінің апанына жақын екен дейді. Қасқыр күнде көрген атамызды жатсынбай, қорықпай еркін жүреді екен. Көкбөрі күшігін емізгенде әлгі бала бірге еміп, өсіп жетіліпті. Бала небірі алты айда дүниеге келгендіктен тоғыз ай толғанша яғни, нақты адам санатына қосылғанша азан шақырылып, ат қойылмаған. Атамыз тек тоғыз ай толған соң Алланың аянымен сәбиді көтеріп, бұл бала қасқыр сүтімен асыралды, сондықтан «Қасқыр сақтап қалған» деген мағына берсін деп, құлағына азан шақырып «Қас-сақ» деп ат қойған екен. Сол ұл өсіп-өнеді. Одан үш ұл болады. Олар да ат жалын тартып мінеді. Ол кезде адам баласы табиғат аясында еркін жүрген. Атамыздың негізгі мекені қасиетті Алтай, Тарбағатай таулары, жер жәннаты Жетісу өңірі болса да қазіргі қазақтың кең даласын Арқадан Атырауға дейін аралап көрген екен. Алла тағала осы кең байтақ өлкеге менің үш ұлымды ие етіп жаратқан екен деп, немерелеріне жиған мүлкін, бағып өсірген малын бәсіре етіп, бөліп береді. Үлкен немересіне 3000 жылқы, ортаншысына 2000 жылқы, кенжесіне 1000 жылқы енші береді. «Мынау ұланғайыр дала – Алладан сендерге несібе ғып берген мекен. Осы далада өсіп өніңдер, ырыздығын пайдаланыңдар, ынтымақ берекелі болыңдар» деп батасын береді. Қас-сақтың үш ұлы (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз) қазақтың кең даласын бірі шығыс пен солтүстікті, бірі оңтүстікті, бірі батысты ен жайлап, ұрпағын өсіріп, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бақытты ғұмыр кешкен екен.
Кең дала Қас-сақ немесе қазақ жері, қазақ елі атанып, бақытты елдің атағы басқа елдердің құлағына шалынып, басқалар танитын ұлы ел болыпты. Сөйтіп көрші елдер елшілерін, зерттеушілерін жіберіп, қазақ даласына тәнті болады. Келе-келе қазақтың малына, байлығына, жеріне қызығып, көз тіге бастаса керек. Тіпті, емін-еркін жатқан елді жаулап алғылары келеді. Бірақ, сол кең даланың жау бір шетінен кірсе, Қас-сақтың ұрпақтарының қолы жиналып, жан-жақтан қаптап кетеді. Жауға алдырмайды. Алтайдағыларға жау тисе, Атыраудағы, Арқадағы ағайындары желден жүйрік арғымақтарымен садағын асынып, найзасын кезеніп жетіп келіп болысады. Жау қазақ даласын оңайлықпен ала алмай тынарын біледі.
Қазақ ортасын зерттеген жау елшісі «Бұл бір береке-бірлігі жарасқан ынтымақты, сексеуілдің тамырындай біте қайнасып кеткен ел екен. Оларды жаулап алу мүмкін емес дейді. Сонда қатын патша Екатерина, қатты ашуланып: «Соншалықты олар кім? Мені де жаратушым тегін жаратқан жоқ, менің көзім осында түсті. Сексеуілдей, тамыры бір-біріне біте қайнасып кеткен халық екен дейсіңдер ме, маған екі сексеуіл алып кел» деп бұйырады. Алып келген екі қу сексеуілді әйел патша бір-біріне соғып, опоңай сындыра салады. Мұның бұларды сыртынан тиісіп ала алмасаң, ішінен бүлдір, өздерін бір-біріне айдап сал деген ишара екенін уәзір елші бірден түсінеді. Міне, бізді айла амалмен осылай бағындырыпты. Бірімізді-бірімізге айдап салып, іштей қырылыстырып ақыры жаулап алыпты. Біз осылай берекесіздіктен сан ғасыр басқа елдің бодандығында болыппыз. Яғни, бір атадан тараған үш ұлдың ұрпақтарын бір-біріне қарсы қойып, күшін ыдыратты. Бірақ, олар қазақтың рухын жеңе алмады. Жер бетінен жойып жібере алмады. Өйткені, қазақтың бойында ана сүтін ембесе де көкбөрі өлекшіннің (қаншық қасқырдың) сүтінің қасиеті, рухы бар еді. Ата-бабамыз содан қуат жинаған болу керек. Сөйтіп, жаратқан Алла мен қасиетті көкбөрінің рухы қолдап, үш жүз жылдық бодандықтан құтылып, кеше тәуелсіздігімізді алдық. Тәуелсіздікке оп-оңай жеткен жоқпыз. Бұл жолда мың өліп мың тірілдік. Сан мың жылғы қолдан жасалған ашаршылық, зобалаң, талай нәубетті бастан кешірдік. Ашаршылықтан қырылдық, атылдық, асылдық, айдалдық. Әйтсе де рухымыз өлмеді, біздің ұйысуымызға, ел болуымызға септігін тигізді. Тәуелсіздікке жеттік. Дәл осы сәтте Елбасымыз алыстағы ағайындарды қазақ ордасының шаңырағын көтерісуге, уығын шаншысуға шақырғаны белгілі. Елбасының «құйылсын көшің, жиылсын елің» деген ұранынан, үндеуінен күш алып, Алтай, Тарбағатайдан біз де байырғы отанымызға жеткен едік.
Тәуелсіздіктің отыз жылындағы «Мәңгілік қазақ елі» идеясын ұсынушы көсем көшбасшымыздың бастауымен, саясаткер қазіргі Президентіміздің басшылығымен, қолдауымен ынтымақ берекеміз ұйысып, дәулетіміз тасып, ел қатарлы ел болдық. Бірақ, береке-бірлігіміз баяғы атама-бабамыздың берекесіндей берік деп айта алмаймыз. Бұл – өмір шындығы. Біз «Мәңгілік қазақ елі» идеясын әрі қарай жалғастыруда, ұлт болып ұйысу үшін жоғарыдағы бабамыздың үш ұлын бір-біріне қамқор, берекешіл етіп тәрбиелеген тағылымын неге алмаймыз? Тағылым алатын кез жетті. Тағы бір есте болар нәрсе біздің ата-бабаларымыз мәңгілік құл болып өткен жоқ. «Алтын орда» заманында Еуропаның көптеген елдері, Россия бізге салық төлеп тұрды. Біз айбынды, күш қуатты мемлекет болдық. Оны біз ұмытуға тиіс емеспіз.
Көкбөрінің сүтімен ауызданған қазақтың рухы осал болуы мүмкін емес. Мен барлық қаракөздеріме осы тарихты білейік, бір-бірімізге жақын болайық, береке-бірлікшіл болайық, Абай атамыз айтқандай «Бауырым деп адамзаттың бәрін сүйейік» дегім келеді. Абай атамыздың сөзі қандай даналық. Адамзаттың бәрін сүю – қандай ғанибет. Алла тағала барлық адамзатты мейіріммен, махаббатпен жаратқан. Бір үйдің баласындай тату-тәтті болайық, әсіресе, бір қазақ мың қазақты, мың қазақ бір қазақты бауырымызға тартайық. Бір үйдің баласындай бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешейік. Президентіміз басшылыққа халыққа жақын болуды тапсырып отыр. Бұл ынтымаққа шақыру.
Менің өз кітабымда жазғанымдай: «Бақ қайда болады?» десеңіз – ынтымағы жарсқан елде болады! «Сор қайда болады» десеңіз – ынтымағы мен берекесі кеткен елде болады! Біз берекесі қашқан сор маңдай ел болмайық. Әсіресе, жас ұрпақ жастар бірліктерің бекем болса, «Мәңгілік қазақ елінің» көшін дұрыс алып жүресіңдер. Маңайдағы көрші елдердің береке-бірліксіздігін көріп отырсыздар. Солардан сабақ алып, кемістігімізді көре білейік. Бөлінгенді бөрі жейді, бөлінбейік. «Жас-Ай» медицина орталығын жақсы білесіздер. Біз келгендердің ешқайсысының атасын, тегін сұрап көрген емеспіз. Біз адамдарды жүрегінен танимыз, жүрегімізбен түсінісеміз. Жұмыс, қызметке де адамдарды туыстыққа, жершілдікке қарап, жікке бөліп қабылдаған емеспіз. Соның берекесін көріп отырмыз. Басымыздан талай қиыншылық жағдайлар өтті. Бірақ ұжымымыз ыдырған жоқ. Менің ниетім халқыма адал қызмет ету, «қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей» халқыма аз да болса жақсылық істеу. Бұған тәуелсіздігіміз, еліміздегі тұрақтылық күш беріп отыр. Сондықтан, халыққа ой тастап, береке-бірлікке шақырып отырмын. Менің ұстанымымды, қағидамды әр адам жүрегімен қабылдаса деп тілеймін. Менің үш қаладағы үш орталықтың әр қайсысының босағасына «Қазақты құртатын негізгі төрт кемшілігі: жалқаулық, рушылдық жершілдік, намыссыздық жігерсіздік, күншілдік» деп жазып іліп қойдым. Сол төрт кемшілікті түзете алсақ біз кемел ел болар едік. Бізді бөлінуге, берекесіздікке алып баратын осылар. Бір затты құру бар, оны ұстап тұру бар. Екеуінің әуресі екі басқа. Осыны меңзеген Елбасымыз «Мәңгілік елді құру оңай, оны ұстап тұру қиын» деген еді. Мен дана емеспін, данышпан емеспін. Тек өмір тәжірибемді ойымды халықпен бөлісіп отырмын. Артық кеткен немесе толымсыз жерлері болса, кешірім өтінемін. Әркім өзіне қажетті жерін ала жатар. Алла амандық, жақсылық, береке берсін!

Жасан ЗЕКЕҰЛЫ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик

(Арнайы «Арқа ажары» үшін).

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар