Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, әрбір құбылыстың да екі қыры болатынын бағамдауға болатындай. Медицина қызметкерлерінің өзі ауру деген біржақты жағымсыз нәрсе емес, ол адам ағзаларын тазартады дегенді айтады. Біз жаман деп санаған нәрселердің астарында жақсы жақтары да болатынын оншалықты байқай бермейміз. Биылғы жылдың ақпанында Қытайда басталып, содан кейін барша әлемге тараған коронавирус дертінің жағымсыз жақтарымен қоса, жағымды тұстары да бар екен.
«Тойың тойға ұлассын» деп әндететін, қит етсе той жасауға құмар қазақ жұқпалы дерт салдарынан енгізілген карантинге байланысты той-томалақты ұмыта бастады. Бұның қандай жақсылығы бар? –деп сұрарсыз. Оның әсіресе, тойшыл қазақ үшін көп жақсы жақтары бар. Өткенге ой жіберіп қараңызшы: соңғы кезде бір-бірімен жарысып той жасаған қазақ ақыл-естен айрылып, тіпті есіріп кеткен жоқ па. Баласы мектепке барса – той, бірінші сыныпты бітірсе – той, сүндетке отырғызса – той, мектеп бітірсе – той, оған қоса қаптаған мерейтойлар, үйлену, қыз ұзату тойлары, ерлі-зайыптылардың бірге тұрған жылдарына байланысты күміс, алтын, бриллиант аталатын тойлар бар. Ал, соңғы кезде өлген адамдарға берілетін дұғалар да кішігірім той сияқты өткізілетін болды.
Өткен жылы Феисбук парақшасына бір кісі өзге облыста тұратын жігітке тұрмысқа шыққан қызының тойына барып келе жатқанында жолда кездескен қазақтардың бәрінің тойға бара жатқанын, не болмаса тойдан қайтып келе жатқанын естіп, қазақ елі түгел тойханаға айналып кеткендей әсер алғанын жазған еді. 140 мыңдай тұрғыны бар Көкшетау қаласында 500-1000 адам сиятын тойханалар жетерлік. Қаптаған тойхана. Сол тойханаларың қысы-жазы бір босамайды. Той өткізетіндер бір ай бұрын тапсырыс беріп қоймаса, тойхана табу қиын. «Қазақстан» телеарнасының бір журналисі Шымкентте бір жылда адамдар 500 миллиард теңгедей ақшаларын тойханаларға тастап кететінін айтты.
Қазақтың қалтасын қағып, кредит алғызып қарызға белшеден батырып жатқан тойлардың адамдарға, оның ішінде өсіп келе жатқан жас ұрпаққа беріп жатқан өнегелі жақтары болса жарайды дейсің ғой. Керісінше, бұл тойлар адамды аздыратын, топастандырып, арсыздықтарға итермелейтін жаман әдеттерді санаға сіңіруде. Мәселен, той өтетін мейрамханаға атпен, лимузинмен кіру сияқты даңғазалықтар, 5, 10, 20 мың теңгелік ірі ақшаларды шашу қылып шашу, ақылға сыймайтын аста-төк дастархан жасау секілді ысырапшылдықтарды былай қойып, жастар мен қарт адамдардың араққа тойып алып есіріктеніп билейтінін әлеуметтік желілердегі видеолардан талай көрдік.
Ақыл-естен айрылған асабалар неше түрлі ақылға сыйымсыз ойындар ұйымдастырып, жастарды аздырып жатты. Мәселен, орта жастағы ер адам екі бұтының арасына бос баклашканы қысып тұрады да, салиқалы келіншек оған қарсы тұрып әлгі баклашканы бұтына қысып суырып алуы керек. Біреу баклашканы бермеймін деп жанталасады, екіншісі бұтпен қысып жұлып алмақ болады, сөйтіп итіңдеген екеуінің әрекетіне қарап отырған жас балалардан бастап пайғамбар жасынан асқан қариялар қыран-топан күлкіге қарық болады. Ал, түрсігінен басқа лыпасын түгел шешіп тастап, қыз-келіншектермен ортаға шығып билеп жүрген атпал жігіттердің әрекеттері әлеуметтік желілерде талай талқыланды. Тіпті, бір байшыгеш ұлының үйлену тойына стриптезершаны шақырып, жұртты айран-асыр қылғаны да бар.
Осылайша қазақтың тойы адамдарды арсыздандырып, топастандырып құрдымға құлатып бара жатқан еді. Бір-бірімен бәсекеге түскен халықтың тойды тоқтатар түрі жоқ-ты. Кредит алып, қарызға белшеден батқан жұрт ақылдан айрылып, арақ ішкен мас адамдай есірік күйге түскен жайы бар-тын. Тойдың залалы туралы аузы дуалы адамдар да, журналистер де талай айтты, жазды. Бірақ, бұған құлақ асар пенде болмады. Осы орайда, көрші қырғыз, өзбек ағайындар сияқты аста-төк той жасағандарды жазаға тартатын заң шығару қажет дегендер де болды. Дегенмен де, демократиялық қоғамбыз, тойды заңмен тыю кісі құқығын шектеу болады, деген желеумен бұндай заң қабылданбады.
Қазақта «ұрып болмас қожаны, соғып болмас қожаны, құдай алсын қожаны» деген сөз бар. Яғни, ертеректе адамдар қанша теріс әрекет жасаса да қожаға тіл тигізуге, қол жұмсауға болмайтындықтан, оны жазалауды құдайдың еркіне қалдырған ғой. Сол сияқты не сөз өтпейтін, не кредит алып, қарызға батырған тойлардың қалтаны қағар шығынын елемейтін жұртты бұл есуастықтан Алла тыймаса, адам тыя алмайтын жағдайға жеткендей едік.
Міне, осындай уақытта келген жұқпалы дерт сол Алланың ақыл-естен айрылып, той-тойлаған қазақ қауымын тәубесіне түсіру үшін жіберген жазасы ма деген ой келеді. Иә, той тыйылды. Қаптаған тойханалар қаңырап қалды. Ақшаны күреп тауып жүрген тойхана иелері жандары қысылып, зәулім сарайларын сатуға шығара бастады. Бірақ, бағасы бас айналдырар ондай тойханаларды кім алсын. Шымкентте бір қазақ тойханасын мектепке беріпті дейді. Ал, карантин осылай жалғаса берсе, тойханалардың сауда үйлеріне, мектеп, аурухана сияқты мекемеге, тіпті спорт залдарына айналып кетуі ғажап емес.
Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында жұқпалы дерт әлі де екі жылдай уақытқа созылуы мүмкін екендігін айтты. Егер карантин шаралары сонша уақыт созылар болса, қазақ тойды мүлдем ұмытатын кездің келуі бек мүмкін. Әрине, тойды мүлдем доғару жөн болмас, дегенмен де, «көрпеңе қарап көсілетін» нарық талабына сай үйлену тойларын жақын таныс, туыстарын ғана шақырып, шағындау етіп өткізу, мерейтойлар мен басқа да қаптаған тойларды тоқтатқан жөн болар еді.
…Жақында бір таныс кісі қайтыс болды. Жерлеп келгесін бұрынғыдай мейрамханада емес, өз үйінде жиырма-шақты адамға шағын дастархан ұйымдастырып, асын берді. У-шу, даңғаза жоқ, марқұмға арнап дұға жасалып, ың-шыңсыз өтті. Егер бұрынғыша мейрамханада 100-200 адамға ас беретін болса, кісісі өліп қайғы жамылған үйдің иелеріне бұл үлкен ауыртпалық түсірер еді.
Міне, жұқпалы аурудың салдарынан жарияланған карантин әкелген жақсылықтың бірі осы. Бұның астарында бәлкім Жаратқанның ақыл-естен айрылған пенделерін түзу жолға салу ниеті жатқан шығар, кім білсін?!.
Қалкөз ЖҮСІП.