Әлемді дүрліктірген аты жаман індет бойынша облыста жағдай күн сайын күрделеніп барады. Осы күнге дейін өңірдегі балабақшалардағы тәрбиеленушілер арасында коронавирус жұқпасы анықталған 8 оқиға тіркелді.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусинаның мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде облыста мектепке дейінгі білім беретін 5 мекемеде 8 оқиға анықталды. Оның төртеуі облыс орталығындағы екі балабақшада тіркелсе, қалғандары Біржан сал, Аршалы, Астрахан, Жарқайың аудандары бойынша анықталған.
–Көкшетау қаласы бойынша эпидемиологиялық ахуал күрделеніп барады. Себебі, мұнда коронавирус балабақша тәрбиеленушілері арасынан да шығып жатыр. Қалада мектепке дейінгі ұйымдарда білім алып жүріп, індетке шалдыққан 4 тәрбиеленуші белгілі болды. Қазіргі уақытта олар барған балабақшалардағы топтар, олардың тәрбиешілері мен оның көмекшілері екі апталық карантинге жіберілді. Бұл балабақшалардың екеуінің де іші-сыртына толық дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді, – деді бас санитарлық дәрігер.
Бұл балалардың тең жартысы індетті симптомды түрде өткеріп жатса, жартысында індеттің ешбір белгісі байқалмайды. Осылардың ішінде екеуінде ата-аналары өздері медициналық ұйымға балаларының денсаулықтарына шағымданып барғанда, сынама алу нәтижесінде анықталған, тағы екеуі алдын ала тексеріс кезінде белгілі болыпты, ал қалған төртеуі бұрын ауырған адамдармен қарым-қатынаста болған адамдардың ортасын зерттеп-тексеру кезінде тіркелген.
Жалпы, 30-ыншы қазанда облыста 39 адамнан коронавирус анықталыпты. Оның 26-сы Семізбай-U кенінің жұмысшылары. Оларда індет симптомсыз негізде жүріп жатыр дейді мамандар.
Еске сала кетейік, өткен тәулікте 465 қазақстандық аты жаман індетті жұқтырса, оның 27-сі Ақмола облысында тіркелді. Олай болса, балалар денсаулығына да абай болайық.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.