Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Артық ғылым кітапта - АРҚА АЖАРЫ

Артық ғылым кітапта

«ХХІ ғасыр – мәдениеттің, ғылым мен білімнің ғасыры. Бар білімнің қайнар көзі – кітапта».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Кітапхана адамдардың, әсіресе, жастардың ой-өрісін, ішкі жан дүниесін қалыптастыруға, жалпы, адамды тәрбиелеуге орасан зор ықпал етеді. Оқырмандар алдында кітапханашы бүкіл ел кітапханаларының өкілі ретінде өз жауапты міндетін жүзеге асырады. Сонымен қатар, кітапханашы оқырманның талап-тілектерін қанағаттандырып, оны білімге тәрбиелеп, қажет болған жағдайда тиімді шешімдер қабылдауға үйретеді. Әрбір кітапхана оқырманның жеке басының дамуын, қызығушылығын арттыруды көздейді. Осы жауапкершілікті сезіне отырып, оқырман қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында ізденіспен жұмыс істеу кітапханашылардың күнделікті атқаратын абыройлы ісі болып келеді.
Кітапханашы мамандығы – жауапкершілікті талап ететін мамандық. Ғасырлар бойы құндылығын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан киелі дүние кітапты қызғыштай қорғау – біздің міндетіміз. Салмағы ауыр кітаптарды тасумен, шаң болған кітаптарды сүртумен, оны оқырманға ұсынумен қатар, газет-журналдарды оқып, мәнді мақалаларды қарап, картотекаға толтырып, ұжымды газет-журналға жаздырып, оларды қолдарына тигізіп, пошта қызметкері де боламыз. Оның бер жағында кітапханаға келген әрбір оқырманның сұранысын қанағаттандырып, көңілінен шығу тағы бар. Осындай сан салалы жұмысты атқару білікті, өз қызметіне адал кітапханашының ғана қолынан келеді.
Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжі осындай білікті, заман талабына сай мамандық иесін даярлап шығаратын өңіріміздегі бірден-бір оқу орны деуге болады. Негізі осыдан алпыс жыл бұрын кітапхана техникумы болып қаланып, кейін мәдениет колледжі болып қайта құрылған білім ордасы әлі күнге дейін білікті кітапханашы мамандарды оқытып шығаруда. Біздің колледжден білім алған түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде осы салада абыройлы қызмет атқарып жүр. Менің өзім де осы колледждің түлегімін. 1995 жылы кітапханашы мамандығын алып шығып, Арқалық қаласында облыстық кітапхананың кітапханашысы, бөлім меңгерушісі қызметін атқардым. Осы жылдары жинаған тәжірибемді кейінгі толқын – жастарға үйрету үшін өткен жылдан бері осы білім ордасында кітапханашы мамандарын даярлауға өз үлесімді қосып жүрмін.
Тәуелсіз елдің келешегі – жас ұрпақты тәрбиелейтін оқу орындарында шоғырланған кітапханалар да тәрбие саласында осы үлкен міндетті бірге атқарып келеді.  Біздің колледждің кітапханасы да ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатын, еліміздің тарихынан небір сыр шертер асыл қазыналарды жинап, соны оқушылар игілігі үшін сақтап отырған жайы бар. Осы орайда, кітапханамыз қазіргі заманғы оқу үдерісі талабына толық жауап бере алады деп айта аламыз. Колледж  оқушыларына кітапханада ғаламторға қосылған компьютермен жұмыс істеуге жағдай жасалған. Жыл сайын жаңа оқулықтармен және оқу құралдарымен, әдеби кітаптармен толықтырылып отырамыз. Бүгінгі күні кітап қорымыз 21730 данаға жетіп отыр.  Кітапханада мерзімдік басылымдарға жазылу науқаны да өз деңгейінде өтеді. Электронды ақпараттандыру қарқынды дамыған кезеңнің өзінде бұл жағына баса көңіл бөлудеміз. Кітапхана жұмысын жеңілдететін және оқырмандардың өтінішін қарауды жылдамдататын РАБИС бағдарламасының бес модулі орнатылған. Осы бағдарламаның арқасында қазіргі кезде оқырмандарымыз өзіне қажетті кітаптың кітапхана қорында бар-жоғын тез анықтап, қажетті әдебиеттеріне бірден қол жеткізіп жатады. Кітапханамызда студенттердің білімін кеңейту ора-йында аса қажетті, заман талабына сай ақпараттық технологиямен қамтылған, еркін ғаламтор жүйесі бар. Кітапхананың әр жаңа оқу жылына арналған жылдық жоспарында оқырмандардың ойын ұштайтын кітапханалық танымдық сабақтар, мерекелік іс-шаралар өткізу, кездесу кештерін, әр- түрлі тақырыптағы кітап көрмелерін ұйымдастыру және оларды безендіру шаралары кең қамтылып, жүзеге асырылып отырады.
Мәселен, жастарды көркем әдебиетке тарту мақсатымен Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында колледждің ұйымдастыруымен жерлес жазушы Естай Мырзахметовтың шығармашылық тұлғасын еске алуға арналған «Ел қадірлеген Ес-аға!» атты әдеби-сазды кеш өткізілсе, оқу орны қабырғасында жазушының «Арайлым» шығармасы бойынша диспут ұйымдастырылып, оқушылар осы шығарма туралы өздерінің ойларына түйгендерін ортаға салды. Орыс тілді оқырмандар үшін қазақ  жазушысы Әбдіжәміл Нүрпейісовтың «Қан мен тер» шығармасын насихаттау мақсатында арнайы конференция өткізілді. Шара барысында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботагөз Байманова баяндама жасап,  оқушыларымыз триологияның бірінші бөлімі – «Ымырт» кітабының желісі бойынша көріністер дайындап, көрермендер назарына ұсынды. Биыл туғанына 100 жыл толып отырған заманымыздың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» триологиясына арналған оқырмандар конференциясы да тартымды өтті. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогының басты кейіпкері Бауыржан Момышұлының ерліктері туралы да оқушыларымыз осындай кеште кеңінен естіп, білді. Күні кеше ғана Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, «Ұлы дала тарихы  ұрпаққа аманат» тақырыбында дөңгелек үстел өткізгенімізді де айта кеткен жөн. Бұл шара барысында тарих пәнінің мұғалімі Гүлзина Тілеуғабылова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабын оқушылармен бірігіп оқып, Ұлт Көшбасшысының тәуелсіз қазақ елін әлемге кеңінен танытуы тұрғысындағы өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.
Жалпы, колледжде ана тілі, әдебиет жөнінен көп нәрсені көңілге түйіп жүрген маман ретінде айтарым, біздің оқушылар көркем әдебиетке өте жақын, прозалық, поэзиялық кітаптарды сүйіп оқиды. Айталық, ұлы Мағжан Жұмабаевтан бас-тап, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов тәрізді ақындардың өлең-жырлары, бірталай басқа да шығармалары үнемі сұранысқа ие. Президентіміздің жылдағы дәстүрлі Жолдауларын оқырмандарға насихаттау, түсіндіру мақсатында «Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ» тақырыбында көрме ұйымдастырылып тұрады. «Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл», «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде», «Қазақстан халықтары Ассамблеясына 20 жыл» атты кітап көрмелері, сынып сағаттары да осы бағыттағы мақсатты жұмысымызды көрсете түссе керек. Мұның бәрі сөз жоқ, өскелең ұрпаққа керек шаралар. Адамзат баласы қашанда жан азығын, рухани тәлім-тәрбиені кітаптан, көркем әдебиеттерден алған. Ендеше, елге қажет кітапханашы мамандығы да біздерді, осы сала қызметкерлерін өз еңбегімізбен қазақ мемлекетінің дамуына белгілі бір үлесімізді қосып жатырмыз деген мерейлі ойға жетелейді.

Мәншүк ОМАРОВА,
Ақан сері атындағы
 Көкшетау мәдениет колледжінің
арнайы пәндер оқытушысы.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар