Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Айналайын, ақ мекен!.. - АРҚА АЖАРЫ

Айналайын, ақ мекен!..

Адам баласының арманы көп қой. Соның бірі – жасында ойланбаған, есейген шақта өткенін армандайтын, қайта айналып бір көрсем дейтін арман. Ол – туып-өскен, кіндік қаны тамған ауылы екен. Әсіресе, қоныс аударған қартайған шағында еске көп түседі. Менің ауылым Уақ Заря деп аталатын. Тұрған жері жұмақтай 41 үйлі шағын ауыл еді. Менің осы ауылым бұрынғы Көкшетау облысы, Айыртау ауданы Қаратал ауылдық округінің орталық қонысынан батысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан. Аққу қонған Ақсу, Қарақоға аталатын шағын көлдері бар, жерін қазсаң, 4-5 метрден тұщы су шыға келетін, ну орманды, шөбі кілемдей құлпырған жер сонау Ресейдің отарлау саясаты кезінде орта шаруашылығы бар орыстар мекен етіп отырған Заря хуторы деп аталатын елді мекен екен. Ал, осы Заряның іргесіндегі Тілеубай, Қыстаубай, Сүгірәлі, Жанай, Сәмен, Мұқаш, Табай-Сәдуақас, Бостан-Баймұхамбет, Балғожа, Махамбет, Жанбазар-Алтыбай, Жетібай болып, әр ағаш баурайында қыстау салып отырған 4-5 үйден құралған ауылдар да бар болатын.
Октябрь төңкерісінен кейінгі жылдарда елде жаппай колхоздастыру басталғанда 1924-1929 жылдары аты аталған ауылдар «Заря» деп аталатын аз үйлі орыстармен қосылып, осы жерге көшіп келіп қоныс тепкен. Ортаға мал салып, колхоз болып құрылған. Енді осы колхоздың атын қою жөнінде ел болып ақылдаса келгенде, менің әкем Дауылбай бірінші болып ұсыныс айтып, колхоздың аты «Уақ-Заря» болып қабылданыпты. «Заря» дейтіні орыстар қоныстанған осы жер де, «Уақ» дегені қалың қазақ ауылдары айнала мекендеген Уақ Қамыс деген көлдің атынан алынған екен.
Сөйтіп, осы колхозды алғаш басқарған Мырзалының Бектұрғанынан туған Байдалы басқарма болған. Шұрайлы деген 1400 гектар жерге сол кездің өзінде-ақ өгіз, сиыр жегіп, қол соқамен жер жыртып, егін салған.
Ал, 1931-1933 ашаршылық жылдары елге іріткі салушылардың қырсығынан осы ауылдың төңірегінде өрт шығып, біраз үйлер, колхоздың мал фермалары өртке шалдыққан. Ел болып, көрші колхоздардан келген көмектің арқасында ат құрығына суға малынған кигіз байлап сөндірген екен. Аштыққа ұшыраған елді қорғау үшін өртке шалдыққан, терісі күйген 2-3 қара малды сойғыздырып, халыққа таратқан басқарма Байдалыны көре алмаушылар «қоғам малын сойғызды» деген жаламен соттатып жіберген. Сол Байдалы осы уақытқа дейін хабарсыз. Тек артында ізі болып жалғыз баласы Іргебай қалды. Қазіргі заманда Іргебай мен жан жолдасы Шәмшінұрдан бес қыз, жалғыз ұлы Серік ел қатарлы жанұя құрып, өмір сүріп жатыр. Ал, әке-шешелері дүниеден озған. Колхозға екінші басқарма болған Тілеубайдың Қалиянұры, ол да ауылға мектеп салдырам деп «Ақтас» аталатын колхоздан жер беріп, үй сатып алғаны үшін басқармалықтан шығарылып сотталды. 1932-1933 жылдары колхозды Жүсіптің Әбілмәжіні басқарды. Осы кезде колхозда екі ХТЗ тракторы болды. 1939 жылы егін бітік шықты. Бұл кезде колхозды Бекмағанбет Қабаев басқарған. Есімде қалған, кейін өзім еңбекке араласқан жерлерді көргенде ыстық сезімге бөленемін. Олар «Шарбақшоқ», «Қоскүйген», «Жақаш», «Оталы», «Молдабек», «Таласөзек», «Бодан», «Қызылсиыр», «Шиелішоқ», «Дөңгелек шоқ» аталуы еді.
1934-1936 жылдары колхоз алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналды. 1936 жылы Сәменнің Бекіші ағаштан бес бөлмелі бастауыш мектеп салдырды. Осы естелікті жазып отырғаным, мен осы Уақ-Заря ауылында 1930 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келіппін.
Әкем Дауылбай сауатты болғандықтан, 1933 жылы сауда қызметінен Октябрь ауданындағы Казгородок деп аталатын (қазіргі Сырымбет) сельпоға төраға болып сайланды. Қызметін атқарып жүргенінде радикулит ауруына шалдығып, 1935 жылы кіндік кескен ауылым Уақ-Заря ауылына көшіп келдік. Әкем осы сырқатымен белін баса алмай, бір жыл жатып қалды. Шалқалап жатып, аурудың бейнетін өлеңмен қағаз бетіне түсірді. Мен ол өлең жолдарын жаттап алып, айтып жүруші едім. Қазір ұмытып бара жатқан жайым бар. Өйткені, 90 жасқа келіп, екі ғасырдың куәсі дәрежесіне жеттім ғой.
Әйтсе де тұңғыш ұйымдасқан колхоздың «Уақ-Заря» деп атын қойғызып, оның өсіп-өркендеуін көре алмай, 1936 жылдың басында дүниеден өткен әкемнің өлеңінің есімде қалғанын халыққа ұсынуды жөн көрдім. Ол былай басталады:
Қолыма қалам алайын,
Іштегі шерді жазайын.
Зарығып бекер жатқанша,
Шер тарқатып алайын.

Мен де жастың бірі едім,
Езілген таптың ұлы едім.
Жастық дәурен кезімде,
Денім сау боп жүрмедім.

Жата-жата жалықтым,
Уайымдап қамықтым.
Жайылып науқас белімнен,
Бір жыл жатып қалыппын.

Ауыл үйге кіре алмай,
Бойымды жазып жүре алмай.
Замандаспен бірге өскен,
Әзілдесіп күле алмай.

Жазылар ма екем науқастан,
Орғыр ма екем тау-тастан.
Жазылған болсам көрем ғой,
Не болса да көнем ғой.

Замандастар, жолдастар,
Жолымыз бірге мұңдастар.
Еңбекші елге басшы боп,
Жастар алға жол бастар.

Шамаң келсе әділ бол,
Езілгенге қолыңды бер.
Ғаріптер мен ғасірді,
Тастамай елден, көңіл бөл.

Үлкен аға, кіші іні,
Денсаулығың – зор байлық.
Денсаулығың болмаса,
Бір жыл болар бір тәулік!
Иә, әкем 28 жасында дүние салғанда артында 2 жасар інім Қайсарбек (72 жасында дүниеден өтті), 5 жасар мен қалдым.
1938-1940 жылдары колхозды Хамит Оспанов басқарды. Ол ауылға жел диірмен, ұстахана салдырды. Сол ұстаханада мен көрік басушы болдым. Ауылда қолдан тері илеп, былғары жасап, шаруашылыққа қажет қамыт-сайман, арба, шана жасайтын шеберханада да жұмыс істедім.
Бір-екі табын қара мал, 2-3 отар қой бағып, алдыңғы қатарлы колхоз болып тұрған кезде, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, жарамды ер азаматтар соғысқа аттанды да, кемпір-шал, бала-шаға, ерлері Отан қорғауға кеткен әйелдер ауылға ие болып қалдық. Бұл жылдары соғыстан жараланып, алғашқы болып елге оралған Әбілмәжін Баймұханов басқарма болып, колхоздың жұмыстарын қарттар мен әйелдер, сол кезде жасымыз 12-ге келген шағымызда еңбекпен ерте есейген біздер атқардық. Соғыстың жеңіспен аяқталуы үшін жан аямай еңбек еттік, ерте есейдік. Егіс даласында қолмен шөп шабу, мал бағу жұмыстарында жұмалап үйге келмей, дала басында түнеп жүрдік.
Шешеміз Нағима Мәлікқызы өмір тауқыметімен екінші рет тұрмысқа шығып, басқа ауылда тұрды. Біз ініміз екеуміз атамыз Бақберген, әжеміз Әлпештің қолында қалып едік, олар да дүние салып кетті.
Шешеміздің екінші жолдасы Хайролла Құлышұлы Ұлы Отан соғысынан жараланып елге оралып, Қаратал ауылына көшіп келді де жатсынбай бізді қолына алып, оқытып, ер жеткізді. Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтында ұстаздық білім алған мен 38 жыл еңбек етіп, жан жолдасым Гүлхан екеуміз жанұямызда 6 қыз, 3 ұлды дүниеге әкеліп, оларды өсіріп, өз алдына отау етіп шығарып, зейнет жасына шықтық.
Соғыс аяқталып, одақтық үкімет басына Н.С.Хрущев келді де, колхоздарды ірілендіру саясатын жүргізіп, 1954 жылы «Қаратал», «Чапай», «Сарыөзек» және менің ауылым «Уақ-Заря» колхозының мал-мүлкін, қора-қопсысын Қараталға, Сарыөзекке таратып, ауылды жұмыссыз қалдырды. Жұмыссыз отырған ауыл адамдары әр жаққа бытырап кетті. Ақыры, 1960 жылы түгел құрып, ауылымның оңтүстік батысындағы Отынағаш, Келтеқыстау бауырында орыс-немістің моласы, ал, солтүстік батысындағы Отынағаш бауырында қазақтардың зираты ғана қалды.
Бұл көрген-білген, естігендерімізді жазып отырғаным, кейінгі жастарымыз, балаларымыз оқысын, білсін деген ой ғой.
Ал, Қаратал ауылын 90 жасқа дейін мекен етіп, сонда ұстаздық өмірімді өткізіп, кіші балам Ардақтың бастамасымен бұрынғы облыс орталығы болған Көкшетау қаласына көшіп келдік. Жоғарыда келтіргенімдей, Қуанышбай, Серікбай, Ардақ ұлдарымды, Светлана, Сараш, Ботагөз, Жеңіс, Ақбидай, Аягөз қыздарымды бір-бір отбасы етіп, олардан өрбіген 28 немере, 36 шөбере, бір шөпшек көріп отырғанда, қазақы дәстүрмен кенже баламның қолында болмай, қайда қалайын?
Бұл қоныс аудару «Айналайын, ақ мекен!» дегізіп, кіндік қаным тамған туған ауылым Уақ-Заря мен ұзақ жыл ұстаз болып еңбек еткен Қаратал ауылын есіме түсіреді. Ондағы өмір, көрген-білгендер ойымнан кетер емес. Сағындыра береді. Сондықтан, осы естелігімді жан толғанысыммен қағаз бетіне түсірдім.
Айтмағанбет ДАУЫЛБАЙҰЛЫ,
Айыртау ауданының білім саласы бойынша құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар