Зеренді ауданының шығыс жағындағы Бурабайға барар күре жолға ат басын бұрсаңыз, біздің ауылға соғар едіңіз. Мәлік Ғабдуллин атындағы ауылды көре қалғанда, әркімнің де түрлі ойға қалары сөзсіз. 1974 жылдан бері батыр атымен аталған кеңшар қаншама өтпелі кезеңдерден өтті, ақыры тарады. Ауыл аты да бірнеше рет басқа атауларға өзгерді, қаншама жыл бойы Пухальск деп аталды, бірақ, батыр баба рухы қолдап, қайтадан Мәлік Ғабдуллин ауылы болып қала берді.
Бүгінгі күні Мәлік Ғабдуллин атындағы мектептен жас ұрпақтар білім алып, елге пайдалы азамат болып шығуда. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығын дамытып, халық жұмыспен қамтылып отыр. Айналасы орманмен көмкерілген, көлдің жағасында тұрған осынау алтын бесік шұрайлы да киелі мекенде көп ұлт аралас тұрып жатыр.
Биыл батыр бабамыз Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 105 жыл толады. Өкінішке орай, бүкіл әлемде болып жатқан пандемия осы мерейлі қуаныштың кең көлемде өтуіне кедергі болып тұр. Алдағы уақытта ауыртпалық та кетер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса Мәлік Ғабдуллин атындағы ауылдың мерейлі сәттері әлі алда. Бұл жерде көп қуаныштар болатынына сеніміміз мол. Батыр бабамыздың ескерткіші мектеп ғимаратының алдында бой көтеріп тұр. Бұл ол кісінің есімі болашақ ұрпақтар жадында мәңгілік сақталады деген сөз.
Батима БАЛТАБАЕВА,
М.Ғабдуллин ауылдық кітапханасының кітапханашысы.
Зеренді ауданы.