«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалында партияның сайлауалды бағдарламасының «Денсаулық» бағыты бойынша өңірлік партиялық кураторының комиссия отырысында облыстың денсаулық сақтау ұйымдарының коронавирустың екінші толқынына дайындығы және тұрғындарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамту шаралары талқыланды.
Комиссия отырысының төрағасы Серік Аяғанов өңірдегі жағдайдың күрделілігіне орай, мүдделі органдардың өкілдеріне індеттің алдын алу бойынша халыққа ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстарды белсенді жүргізуге ұсыныс жасады. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов баяндама жасап, облыстағы эпидемиологиялық жағдай және өңір тұрғындарына дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі жөнінде айтып берді. Баяндамашының мәлімдеуінше, 2 қарашадағы жағдай бойынша облыста 3805 адамда коронавирус инфекциясы лабораториялық расталған. Оның 2146-сы індеттің симптомсыз түріне шалдыққан. Індетке шалдыққандардың 3517-сі ересектер болса, 288-і 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен айда 22 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Олар Көкшетау және Степногорск қалаларының, Целиноград пен Жақсы аудандарының ақ халаттылары. Өз сөзінде департамент басшысының орынбасары аурудың мектепке дейінгі ұйымдарда да тіркеліп жатқанын айтты. Өңіріміздегі балабақшаларда коронавирустың 11 дерегі анықталған. Оның 6-уы Көкшетау қаласында, сондай-ақ, Аршалы, Астрахан, Жарқайың, Бурабай мен Біржан сал аудандарында бір-бір деректен тіркелген. Үстіміздегі жылдың 17 сәуірінен бастап ПТР әдісімен 128914 зерттеу жүргізілген. Оның 4922-сі оң нәтиже көрсеткен.
Ағымдағы жылдың шілде-қараша айлары аралығында мобильді топтар жүргізген тексерістердің нәтижесінде 921 нысанда карантин режимінің сақталмағаны анықталды. Осы карантин тәртібін бұзу деректері бойынша 65 миллион теңгеге 825 айыппұл салынды. Рейд барысында көпшілік іс-шараларды үйде және қоғамдық тамақтану орындарында ұйымдастырған 45 факті анықталған.
Сонымен бірге, облыс орталығы мен аудандар бойынша дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеру немесе алып сату оқиғаларының алдын алу мақсатында ұйымдастырылған, құрамында мүдделі органдардың өкілдері бар жұмыс топтары тексеру кезінде 23 субъектіге жалпы сомасы 1 919 320 теңгені құрайтын әкімшілік айыппұл салды.
Комиссия отырысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов та осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жайлы баяндады. Биыл облыстың денсаулық сақтау саласына қазынадан 73,7 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Оның ішінде 14,87 миллиард теңгесі коронавирус инфекциясымен күреске бағытталған.
– Қазіргі таңда облыстың медициналық ұйымдарында 425 ИВЛ аппараты бар. Жуырда облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 100 оттегі концентраторын, 1 мың пульсоксиметр, 50 оттегі баллонын, басқа да аса қажетті медициналық құрал-жабдықтар мен аппараттар сатып алдық. Жақында 3 оттегі стансасы жеткізілуін күтіп отырмыз. Сондай-ақ, демеушілер тарапынан да 5 санитарлық автокөлік, 384 оттегі концентраторлары, 9 стационарлық ИВЛ аппараты, 857 пульсоксиметр алынды. Амбулаторлық қамтамасыз етуге 432 дәрі-дәрмек атауы алынып, 5 миллиард теңге қаржы жұмсалды.
Облыста эпидемиологиялық ахуалға байланысты қазір 15 жұқпалы, 7 провизорлық стационарлар жұмыс істеп тұр. Оларда 4222 медициналық қызметкер, соның ішінде 673-і дәрігер, 2345 орта медициналық қызметкер, 1204 кіші медициналық қызметші бар. Бір реттік әлеуметтік көмек алуға 504 өтініш беріліп, олардың барлығы да аймақтық комиссия тарапынан қолдау тапты. Министрліктің бұйрығына сәйкес республикалық бюджеттен облыстың 4228 медициналық қызметкеріне 3057,7 миллион теңгені құрайтын үстемеақы берілді, – дей келе, басқарма басшысы ждел медициналық қызмет пен коронавирустың соңғы апталардағы статистикалық тіркелу жағдайына назар аударды.
Комиссия отырысының төрағасы Серік Аяғанов өңірдегі жағдайдың қиындап бара жатқаны, облысымыздың аурудың таралу деңгейі бойынша жасыл аймаққа енуіне байланысты халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын нығайтуды ұсынды. Індетпен барша халық болып күресу қажеттігін атап өтті. Сондықтан, барша жұртшылық болып, карантин талаптарын сақтап, шектеулерге түсіністікпен қарағанымыз абзал. Әркім өзінің жақындарына жанашыр болсын!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.