Бүгінде облыста коронавирус пандемиясы бойынша жағдай аздап болса да, тұрақталып келеді. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг барысында мәлімдеді.
11 қарашадағы мәліметтер бойынша осы уақытқа дейін аймақта лабораторлық жолмен расталған 4143 оқиға тіркеліпті. Оның 2244-і індеттің симптомды түрімен ауырса, қалғандарында індет белгілері байқалмаған. Өкінішке орай, аты жаман аурудан 78 адам көз жұмды. Жоғарыда аталған науқастардың жалпы санының 92 пайызы ересектер қауымынан болса, 309-ы 14 жасқа дейінгі балалар екен. Жалпы, соңғы тәулікте 39 оқиға тіркелген. Оқу жылының басынан бері облыста штаттық және қашықтықтан оқу режимінде білім алып жатқан оқушылар мен балабақшалардың тәрбиеленушілері де індетке шалдыққаны белгілі.
Өткен қазан айында 263 оқиға анықталды. Және де осы қазанда 22 медициналық қызметкер коронавирус жұқтырды. Олардың 18-і Көкшетауда, 2-еуі Степногорск қаласында және Жақсы мен Целиноград аудандарында бір-бір қызметкерден. Басқарма басшысының айтуынша, олардың басым бөлігі індетті тұрмыстық жағдайындағы қарым-қатынас кезінде жұқтырған.
Қараша айының басынан бері 354 адамнан лабораториялық жолмен расталған індет тіркелді. Індет жұқтырғандардың басым бөлігі облыс орталығында анықталып отыр. Бірақ, аудандарда да індеттің таралу аумағы кеңейіп келеді. Біржан сал, Бурабай, Зеренді, Есіл, Бұланды, Атбасар аудандары мен Степногорск қаласында да жұқпалы індет белең ала бастаған, яғни, аты жаман аурудың таралу географиясы кеңейіп барады. Оның алдын алу әрине, халықтың, яғни, жергілікті жерлердегі тұрғындардың өздеріне байланысты. Індеттің таралып бара жатқандығына қарамастан, тығылып той-томалақ өткізіп, жақындарына індетті жұқтырып жатқандар бір сәт ойланса игі.
Бүгінде науқастармен қарым-қатынаста және індеттің жеңіл түрімен ауырып жатқан 1134 адам үй карантинінде ем қабылдауда. 10 қарашадағы жағдай бойынша облыста 359 індет ошағы анықталыпты. Оның 275-і отбасылар, 84-і түрлі мекемелер мен ұйымдар.
– Облыс стационарларында осы күні 222 науқас ем қабылдауда. Олардың 11-інің халі ауыр жағдайда, себебі, олардың бұрыннан сыр беріп келе жатқан қосарласқан аурулары бар. Біреуінің халі өкінішке орай, өте ауыр, –деді басқарма басшысы.
Төсек-орын қорына келер болсақ, қазіргі таңда өңір стационарларында індетпен күреске 580 орын бар. Сонымен бірге, күні кеше ғана ашылған жаңа жұқпалы аурулар орталығы да жұмысына кірісе бастауда. Онда бүгінде 7 адам емделуде.
Брифинг барысында облыста соңғы күндері жедел жәрдем қызметін шақыртулардың да азайғандығы белгілі болды. Оның себебі, індеттің азайғандығынан емес, адамдардың саналы түрде өздерінің тіркелген медициналық ұйымдарына, яғни, учаскелеріне қаралуынан. Бұл мекемелерде де барлық сынамалар алынып, тексерістер жүргізіледі. КВИ-дің жеңіл түрлері анықталып жатса, дәрігерлер науқастарға емді үйлерінде қабылдауға кеңес береді.
Дәрі-дәрмектің облыста 2 айлық қоры жасақталыпты. Облыс әкімдігі тағы да қосымша қорғаныс құралдарын алуға қазынадан 89 миллион теңге бөліпті.
–Барлық медициналық ұйымдарда экспресс-тестілер бар. Мысалы, күні кеше ғана стационарларға жатқызылған 15 адам шұғыл медициналық көмекке жүгінді, оның 3-інен індет анықталып, олар жеке изоляторларға жатқызылды, – дей келе, Сүлен Ілиясов жергілікті тұрғындарды жеке қорғаныс құралдарын жиі пайдаланып, көшеде және қоғамдық орындарда маска тағып жүруге шақырды. Әлеуметтік арақашық пен көпшілік жерлерге бармау қажеттігін де ұмытпау керектігін ескертті.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.