«Қоғамдық келісім» ғимаратында «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі мен «Ауыл» партиясының Ақмола облысы бойынша өңірлік филиалының ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасы» тақырыбында зиялы қауым өкілдерімен дөңгелек үстел болып өтті.
Аталмыш шараға Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, өңіріміздің танымал ақындары Қуаныш Оспан мен Мерген Тоқсанбай, Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің қызметкерлері мен «Ауыл» партиясының мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелді жүргізген «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Марал Жақыпова өңірімізде қолға алынған ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жұмыстарға толығырақ тоқталып, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында іске асырылып жатқан шаралардан хабардар етті. Одан әрі, әдебиеттанушы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы ұлттық құндылықтарды насихаттау туралы өз ой-тұжырымдарымен бөліссе, ақын Қуаныш Оспан өзінің ауыл туралы жырларын оқыды. Сондай-ақ, «Қоғамдық келісім» ғимаратының басшысы Ермек Нұғыманов өңірлердегі әлеуметтік ахуалды тілге тиек етіп, ауылдық елді мекендерді дамытудың өзектілігіне тоқталды. Ал, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик, «Ауыл» партиясының мүшесі Әбілжан Тоқанұлы партияның өңірлерді дамытуға және ұлт руханиятын кемелдендіруге бағытталған бағдарламасын көпшілікке таныстырды.
Дөңгелек үстел барысында биылғы жылы жарық көрген «Абылай ханның қара жолы» ғылыми жинағы мен өңір қаламгерлерінің жыр жинақтары мен «Рухани Aqmola» журналының жаңа саны қонақтарға тарту етілді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.