Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихатқа партиялық тізім бекітілді

 «Көкшетау» мәдениет сарайында «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен партия филиалының кезектен тыс ХХХІІІ конференциясында облыстық мәслихатқа кандидаттардың тізімі бекітіліп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне үміткерлер анықталды.

«Nur Otan»партиясы Ақмола облыстық филиалының кезектен тыс аймақтық конференциясы барысында өткен пікірсайысқа барлығы 21 үміткер қатысты. Пікірсайысқа қатысқан кандидаттарға дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне кандидаттардың партиялық тізімі бекітіліп, оған Сандықтау аумақтық партия филиалының төрағасы, Сандықтау ауданының әкімі Асқарбек Үйсімбаев, Бурабай ауданындағы «Орленок» серіктестігінің директоры Павел Безвербный және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Мәди Елюбаев енгізілді.

Сонымен бірге, Ақмола облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша 58 кандидаттан тұратын партиялық тізім де  бекітілді. Онда көптеген жаңа есімдер бар, мұның өзі фракция құрамындағы елеулі өзгерістерді білдіреді.  Әйелдер саны 2,5 есеге, 35 жасқа дейінгі жастар саны 0-ден 20,7 пайызға дейін өскен. Партиялық тізімге енген үміткерлердің орташа жасы – 43, сондықтан, бұрынғы құрам 12 жасқа дейін жасарды.

Партиялық тізімнің 29,3 пайызы шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлердің үлесіне тисе, 25,9 пайызын білім беру саласының өкілдері, 13,8 пайызын ауыл шаруашылығы және басқа салалардың өкілдері құрайды. Осылайша облыстық мәслихаттың құрамы шамамен алғанда 70 пайызға жаңаратын болады.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар