Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа аурухана – жаңа мүмкіндік - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа аурухана – жаңа мүмкіндік

Бүгінде Көкшетау көпбейінді қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар орталығы жайлы сөз ете қалсаңыз, «Ақылды аурухана» ұғымы қатар айтылатынын байқайсыз. Себебі, аталған орталық жаңа технологиялармен жабдықталып, онда науқастарды жұқпалы аурулардан емдеуге қажетті жағдайлардың барлығы жасалған, ал ең бастысы, инфекциямен күресте дәрігерлердің тәжірибесі мол. Инфекциялық аурулар орталығы Көкшетау қаласының сыртында облыстық фтизиопульмонология орталығына жақын маңда небары екі айдың ішінде бой көтерді. Аз ғана уақытта салынғанына қарамастан, орталық ғимаратының сапалы екеніне жуырда ашылуында болған меймандар нақты көз жеткізген болатын. Мұнтаздай корпустары мен бокстарындағы ауа мен жарықтың молдығы және оларда орнатылған заманауи медициналық құрылғылар кез-келген жанды сүйсінтпей қоймайды.

Қысқа мерзімде салынды

Биылғы жылдың тамыз айында ғана жаңа орталық салынбай тұрғанда оның орны «қу дала» болатын. Көкшетау – Рузаев трассасының бойымен жүріп бара жатқан көліктердің арасынан топырақты тегістеуге кіріскен техниканы ғана байқауға болатын. Бір қарағанда, мердігер компанияға құрылысты жүргізуге берілген уақыт та жеткіліксіз сияқты көрінетін. Алайда, уақыт өткен сайын құрылыс алаңындағы жұмыс қызғанның үстіне қыза бастады, ал, қарашаның алғашқы күнінде аурухана есігін айқара ашты. Ауруханаға апаратын жолға асфальт төселіп, автотұрақ салынды, айналасына жасыл желек отырғызылды. Кіреберісінде автокөліктерге арналған дезинфекциялау қондырғысы бар. Орталықтың ішінің қаншалықты заманауи етіп жабдықталғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
–Біздің аурухана 180 стационарлық және 20 реанимациялық төсек-орынға лайықталған. Мұнда түрлі жұқпалы ауруларға, соның ішінде коронавирус індетіне шалдыққан науқастар ем қабылдайды. Ұжымымыздың ортақ ойынша, мұнда ақ халаттылардың жұмыс істеуіне және науқастардың өздерін жайлы сезінуіне өте жақсы жағдайлар жасалған, – деді жұқпалы аурулар орталығының жетекшісі Сәуле Жұматаева бізбен жаңа жұмыс орнындағы алғашқы күндерінен алған әсерімен бөлісу барысында.

Құрылыс сапасы жоғары

Жаңа орталықты аралап көргенде оның жетекшісінің сөзімен келіспеу қиын екенін түсінесіз. Аурухананың жел өткізетіндей етіп салынғанына қарамастан, мұнда өте жылы, әрі жайлы. Ыстық су тартылған. Әр палатада санитарлық тораптар мен жуынатын кабина бар. Тіпті, жарық сөніп қалған жағдайда электр жіберетін резервтік желілерді пайдалану мүмкіндігі де қарастырылыпты. Ал, арнайы крандардан орталық бойынша фильтрленген су ағады.
Бірақ та, аурухананың ең басты ерекшелігі – ауаны сүзгілеу және желдету жүйесінің болуында. Осының арқасында мұнда медициналық персоналдың да, науқастардың да індетке шалдығу қаупі төмен.
–Әр бокс-палатаның өзінің ауаны тартатын және шығаратын желдеткіш жүйесі бар, бокстар бір-бірімен байланыспайды. Коронавирус инфекциясы және ауа тамшылары арқылы берілетін басқа да көптеген аурулар науқас адаммен бір бөлмеде болған адамға қауіпті екенін бәріміз білеміз. Ал, бұл жерде вирус таралған ауа палатадан желдету жүйесі арқылы фильтр-бокстарға түседі. Сол жерде зарарсыздандырылып, қажетсіз микробтарсыз қоршаған ортаға шығарылады, – деп түсіндірді Сәуле Жұматаева.
Сондай-ақ, ауруханада «таза» аумақтан «лас» аумаққа өтудің, науқастардан контактісіз анализ алудың жолдары да ойластырылған. Бұл да өз кезегінде медициналық персоналдың жүз пайыздық қорғанысын қамтамасыз етуге тиіс. Аурухана қала сыртында болғаннан кейін кейбір тұрғындар оның ішіндегі науқастар қалай тамақтанады деп алаңдаушылық білдіруде. Бұған жетекшінің жауабы мынадай болды: «Мұнда асхана жоба бойынша қарастырылмағандықтан, барлық тамақ пациенттерге қалалық ауруханадан жеткізіледі».

Барлық жағдай жасалған

Аурухананың жайлы болғаны жақсы ғой, әрине. Бірақ, ең маңыздысы бұл емес. Емдеу тиімді болуы үшін жаңа орталық ең заманауи құралдармен жабдықталуы тиіс. Ол да үдеден шыққандай.
Мұнтаздай жарқыраған реанимациялық блокта әр кереует ауа мен оттегі келіп тұратын ваккумдық сорғылары бар панельдермен жабдықталған. Аталған блок өкпені жасанды желдетудің аппараттарымен де жарақтандырылған. Эксперт-класты бұл құрылғы оттегін бөлудің режимін таңдауға мүмкіндік береді. Және бір айта кетерлігі, жаңа орталықта жеке оттегі стансасы бар, оған қоса коронавируспен ауыратындар үшін аса қажетті газ да әрбір кереуеттің жанына жеткізіліп, орнатылған.
Қазіргі заманғы мониторлар реанимациялық блоктағы науқастардың жағдайын қадағалап отыруға көп мүмкіндік береді. Мұндай панельдерде қажеттілік туа қалса, қосымша тағы койкалар қосуға болатын екі жақты қосымшалар да бар. Сондай-ақ, қалалық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Нариман Сыздықовтың атап өткеніндей, реанимациялық бөлімді интенсивті терапия палаталарының есебінен де тағы 10 төсек-орынға көбейтуге болады.
Жұқпалы аурулар орталығының дәрігерлеріне диагностика жасау тұрғысында үлкен мүмкіндіктер берілген. Орталықта «Philips» фирмасының 32-қиып алатын компьютерлік томографы орнатылған, УДЗ, екі жұмыс орнын қамтитын сандық рентген-диагностикалық аппараттары бар. Дәрігерлердің айтуынша, бұл техникалық құрал суретті сапалы көрсетіп, оның сандық форматтағы суреттерін кешенді ақпараттық жүйеге енгізіп, жүктеуге ыңғайлы екендігіне аса көңіл бөліп отыр. Бұл басқа қалалардағы дәрігерлер мен тар шеңбердегі мамандармен пікір алмасып, қажет бола қалса кеңес өткізуге үлкен мүмкіндік береді.

«Ақылды» әрі тиімді

– Бұл аурухананың салына бастаған кезінен-ақ оның «ақылды» аурухана болатындығы айтылған-ды. Мұндағы электрондық жүйелер реттеуіші – орталықтың барлық тыныс-тіршілігінен хабар етіп тұрады, мәселен, электрмен жабдықтау, желдету, байланыс және басқа да назар аударылатын ситуациялық кабинеттегі жағдайларға қатысты ақпараттарды жинақтап тұрады. Ол сонымен бірге жайларды, медициналық қалдықтарды, аурухананың инженерлік дезинфекциялық кедергілерді зарарсыздандыру жұмысына бақылау жасауға да жауап береді. Бақылау және ақпараттар есебінің жүйесі – науқастардың жағдайы туралы барлық мәліметтерді ситуациялық кабинетке шығарып тұрады.
Ситуациялық кабинеттегі монитарлардан шынымен де барлығын байқап, қарап отыруға болады. Мұнда аурухананың инженерлік желілерінің барлық кестелері бар, науқастар туралы барлық ақпараттар да осында. Мәселен, палаталарда, реанимацияда қанша адам жатыр деген мәліметтерді білуге болады. Мұнда ауыр халдегі адамдар онда қызыл сызықтармен ерекшеленіп көрсетіліп, олардың аты-жөндерін, дене қызуын, қан қысымы мен пульсін қарауға болады.
Әрбір медбикенің қолына планшет беріліп, онда күн сайын, сағат сайын анықталған науқастардың диагноздары мен хал-ахуалдары бойынша мәліметтер жазылып отырады. Бұл жазбалар ситуациялық кабинеттегі мониторларда көрініп тұрады, – дейді Сәуле Аймұхамбетқызы. Бұл жерде дәрігерлер барлық мәліметтерге қарап отырып, науқасты емдеудің тактикасына шешім шығара алады. Сонымен бірге, басқа қалалар мен облыстардың емхана, ауруханаларының мамандарымен және дәрігерлерімен бейнебайланыс арқылы консультациялар өткізіп, ақыл-кеңес жүргізуге мүмкіндік те бар. Бұл сондай-ақ, персоналдың бір-бірімен контактіге түспеуіне мүмкіндік береді.

Мамандары білікті

Аурухананың кадр мәселесі орталық салынып жатқанда әу бастан шешіліп қойылған болатын. Кадрлардың басым бөлігі, негізгі құрамы Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының тәжірибелі, жоғары білікті дәрігерлері мен медбикелері. Және де олардың қатарында арнайы шақыртылған Нұр-Сұлтан, Щучинск қалаларының дәрігерлері мен мамандары бар. Осы күні штатқа 137 медициналық қызметкер бекітіліпті. Көкшетау қалалық ауруханасы дәрігерлерінің коронавируспен күрес кезінде жинақтаған тәжірибесі мол, себебі, олар алғашқы толқында жүздеген науқастардың денсаулығы үшін күресіп, қаншама жанның өмірін сақтап қалды.
Атап айтқанда, мұнда Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздіктері, жоғары санатты дәрігерлер, пульмонолог-аллерголог Мауария Жұматаева, реаниматолог Вера Жузанова, дәрігерлер Кристина Лихачева, Мейрамбек Жұмабаев, терапевт Бақытжан Алдабергеновалар бар. Сонымен бірге, індетпен күресуді жаңа орталықта аға медбике Самал Қажғалиева да жалғастырады, жоғары білікті медбикелер Ләззат Әбілғазина, Галина Веселевская мен Әсемгүл Төкеновалардың да бұл салада тәжірибелері жетерлік.
– Әрине, мұнда жұмыс режимі ерекше болары сөзсіз. Біздің басты мақсатымыз – індеттің таралуының алдын алу, жұқпаға шалдыққан науқастарды толығымен оқшаулап, олардың жазылып шыққанша, халықпен байланысын болдырмау. Сондықтан, пандемия кезеңінде орталықтың қызметкерлері вахталық тәсілмен 14 күннен еңбектеніп, кейін сонша уақыт дем алады. Жұмыс уақытында олар «Елікті» шаңғы базасында тұрады. Оларды жұмысқа апарып, алып келу үшін арнайы автокөлік ұйымдастырылады. Вахта аяқталған соң, ол базаға басқа вахта келеді. Бүгінде орталықта медицина қызметкерлерінің бригадалары дайын,– деді Сәуле Жұматаева.
Уақыт өте келе, аты жаман пандемия да аяқталары сөзсіз. «Сол кезде бұл орталық не болады? деген заңды сұрақ туындайды. Өңірдің бас инфекционисі бұл жағдайды да түсіндіріп берді. «Жаңа орталықтың базасында ол кезде барлық жұқпалы аурулар емделетін болады. Мәселен, коронавирустан басқа түрлі жұқпалы аурулар жетіп жатыр. Солардың бәрі осы жерде болады. Гепатологиялық, паразитологиялық, терінің жұқпалы аурулары, басқа да АИТВ секілді індет түрлері емделеді. Жалпы, орталықтың жұмысы тоқтап қалмайды».

Халықтың денсаулығы үшін

Коронавирус пандемиясы басталғалы әлем бойынша барлық мемлекеттердің денсаулық сақтау салалары сапа жағынан сыналып жатыр. Қазақстанда бұл орайда инфекционист дәрігерлердің, медициналық техникалардың және де ең бастысы, мамандандырылған ауруханалардың жетіспеушілігі үлкен мәселе туғызды. Соңғы он жыл ішінде эпидемиологиялық қауіпсіздікке жете мән берілмеді. Оған себеп те бар. Біздің елде осындай айтарлықтай қатты тарап кететін, күрделі жұқпалы аурулар болған жоқ. Нәтижесінде бірқатар стационарлар қысқартылды. Дегенмен, уақыт олардың бәрібір де біздің өмірімізде аса қажет екендігін көрсетті.
Биылғы күрделі жылы облыстың денсаулық сақтау саласына қазынадан 15 миллиард теңге шамасында қыруар қаржы бөлінді. Көптеген ауруханалардың материалдық базасы жаңартылып, медициналық құрал-жабдықтар, техникалар мен дәрі-дәрмектер көптеп сатып алынды. Егер осыдан екі-үш жыл бұрын біреу келіп, Көкшетауда екі айдың ішінде осындай аумағы 6,7 мың шаршы метрді құрайтын заманауи керемет аурухана салынады деп айтқан болса, біз ешқашан оған сенбейтін едік. Алайда, бүгінде ол шындыққа айналды. Біздің мемлекетіміздің де осындай мүмкіндіктері бар екеніне әрқайсысымыз көз жеткізіп отырмыз.
Енді коронавируспен шалдыққандар үшін стационарларда орын жеткілікті болады, оған ешкімнің күмәні болмас. Осы орайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясовтің журналистермен болған бір брифингте айтқан сөзі еріксіз ойға оралады. Ол: «Біз жұқпалы індеттің екінші толқынына тас-түйін дайынбыз. Бірақ, біз бұл төсек-орындарда ешкімнің де болғанын қаламаймыз. Барлық адамдардың денсаулығы жақсы болсын» деген еді…

Владислава КОКОРИНА,
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар