Өзгерістер көз тартады

Ақмола облысының əкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, курортты аймақты дамыту мақсатында іске асырылып жатқан жаңа жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынған құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Үстіміздегі жылы аудандағы №1 жылу қазандығын жəне оның қосалқы жабдығын ағымдағы жөндеуден өткізуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 429 миллион теңге бөлінген болатын. Жұмыс сапары барысында «Бурабай жылу» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бас директоры Зейнур Альбеков əкімге жаңартылған жылу қазандығын аралатып көрсетті. Барлық желілердің жұмысы жылу қазандығында орнатылған орталықтандырылған басқару жүйесі арқылы реттеліп жəне бақыланып отырады. Бұл жұмыстарға облыс əкімі жоғары баға беріп, бейнебақылау жүйесі цифрландырудың жақсы үлгісі екенін айтты.

Жалпы, ауданда жылу желілерін жаңарту жұмыстары жыл сайын жүргізілуде. Сонымен қатар, қазіргі таңда Бурабай кентіндегі жылу қазандығының жобалық қуаттылығын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сағатына 10 гкал жылу қуаттылығын беретін екі қазандық орнатылуда.

Бұл күні Ермек Маржықпаев Бурабай кентіндегі Абылай хан паркінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын да аралап көрді. «Бурабай Даму» серіктестігі өкілдерінің айтуынша, парк үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Кешен 7 аумаққа бөлінген. Мұнда шамамен 20 жұмыс орны құрылмақшы. Облыс əкіміне жақында ашылатын мультимедиялық интерактивті кешен таныстырылды.

Бүгінде аудан үлкен құрылыс алаңына айналды деуге болады. Курортты аймақты дамыту мақсатында көптеген жобалар қолға алынуда. Соның бірі «AQBURA» курортты аумағының құрылысы. Жоба төрт фаза бойынша іске асырылады. Оның біріншісі 2018-2021 жылдарға жоспарланған. Қазіргі таңда магистральдік инженерлік желілерінің жəне де бірқатар туристік нысандардың құрылыс жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, «Отелі бар қалалық
орталық» нысанының құрылысы жалғасуда. Айта кетейік, салынып жатқан «AQBURA» курортты аумағы Теке көлі мен Үлкен Шабақты көлдерінің аралығында орналасқан. Курортты аумақта болған əкім туристерге демалыс орындарын салумен қатар, жаңа нысандарды кадрлармен қамтамасыз ету мəселесін де қазірден ойластыру қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда жолдар да жөнделуде. Мəселен, Зеленый Бор-Мəдениет бағытындағы 27 шақырымдық жолдың бүгінде 15 шақырымы жөнделіп, бүгінгі таңда мемлекеттен бөлінген 1 миллиард 30 миллион теңгенің 600 миллион теңгесі игерілген. Осы ретте, Ермек Маржықпаев жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін тапсырды. Жалпы, биыл аудан орталығында 22 шақырым жол жөнделген. Биылға жоспарланған, алайда, жөндеу жұмыстары аяқталмаған жолдар да бар. Курортты өлкені дамытуға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, осындай жұмыстардың уақытында орындалмайтынын атап өткен облыс əкімі аудан басшысына ескерту жасады.

Ауданға жұмыс сапары барысында облыс əкімі Мəдениет ауылында да болды. Мұнда əкім ауыл мешітін, «Ақ тілек» мəдени орталығын, сонымен қатар, Есмағамбет Ысмайылов атындағы Мəдениет орта мектебін көрді. Былтыр қатты дауыл кезінде білім ошағының шатыры ұшып кетіп, ол төтенше жағдай аясында жөнделген болатын. 320 орынға лайықталған мектепте осы күні санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып 85 оқушы штаттық режимде білім алуда. Мектепте оқу кабинеттерін жаңарту,  компьютерлер, оқу жиһаздарын сатып алу секілді қордаланып қалған өзекті мəселелер бар. Сонымен қатар, мектеп ғимаратының терезелерін, электр желілерін ауыстыру қажет. Əкімнің сапары барысында осы мəселелер шешім тауып, мектепті жөндеуден өткізуге қаражат бөлінетін болды. Ал, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мектепке жаңа оқу құралдарымен, компьютермен жабдықталған кабинет сыйға тартылмақшы.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар