Он ай ішінде ауыл шаруашылығы тауарларының өнімі 31 миллиард теңгені құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артты.
Шортандылық диқандар 119 мың гектар алқаптан 312 мың тонна астық жинады.
«Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында жалпы сомасы 444 миллион теңгеден астам 9 жоба қаржыландырылды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 888 миллион теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылуда.
Шортанды ауданының әкімі Ғайдар Қасенов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің биылғы жылғы он айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алда тұрған міндеттер жөнінде жан-жақты баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді.
–Аудан дамуының негізгі бағыттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауына, Президентті жаңғыртудың 7 бастамасына және мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес айқындалған, – деп брифингті бастаған аудан әкімі биылғы жылдың он айында өңір агроөнеркәсіп саласында айтарлықтай табысқа қол жеткізгендігіне тоқталды. Ауданда он ай ішінде ауыл шаруашылығы тауарларының өнімі 31 миллиард теңгені құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артқан. Нақты көлем индексі 124 пайызды құрады. Бұл – облыс бойынша бесінші орын. Осы ретте, аграрлы аудан астықтың шығымы жағынан облыста ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
– Аудан диқандары жалпы 119 мың гектар алқаптан 312 мың тонна астық жинады. Әр гектардан 15,7 центнерден бидай алынды. Сонымен бірге, 5,6 мың тонна майлы дақыл, 1,4 мың тонна көкөніс және 5,6 мың тонна картоп жиналды, – деді Ғайдар Қасенов.
Осы ретте, ауданға көктемгі дала жұмыстары үшін 6,7 мыңнан астам тонна кепілдендірілген дизель отыны және 563 миллион теңге субсидия бөлініпті. Аудандағы шаруашылықтар 47 мың тонна шөп дайындаған. Машина-трактор паркі де жаңартылуда. Бұл үшін 2,8 миллиард теңге қаржы бөлініп, оған 63 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.
Ауданда мал басы да көбейіп келеді. Осының нәтижесінде он айдың ішінде барлығы 3 мың тоннадан астам ет, 13 мың тоннадан астам сүт, 3 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Мемлекет басшысының Нұр-Сұлтан қаласы айналысында азық-түлік белдеуін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде аудан астанаға ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты түрде жеткізіп тұрады. Нұр-Сұлтан қаласының базарларында «Темеш» шаруа қожалығы «Воложанин» жеке кәсіпкерлігі, «Молочный 2» ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігінің өнімдері сатылады.
– Ауданда «Төнкеріс» астық қабылдау орны мен «Capital Trade Housе» диірмен кешені толық қуатына шықты. Осы екі кәсіпорын жалпы құны 2,6 миллиард теңгенінің 20 мың тонна ұнын өндірді. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде «Милк Продукт» серіктестігі Германиядан 128 бас сауын сиыр әкеліп, қазіргі заманға сай жабдықталған тауарлы — сүт фермасын ашты. 450 бас ірі қараға арналған етті бағыттағы 4 ферма ашу жұмыстары жүргізілуде, – деді Ғайдар Қасенов.
Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі – өнеркәсіп саласы. Осы ретте, аудан 47 миллиард 781 миллион теңгенің өнімін өндірген. Аудан осы сала бойынша облыс өңірлерінің арасында төртінші орыннан көрініп отыр. «Төнкеріс» астық қабылдау орны», «Полимер-Пласт» және «Белая лилия» серіктестіктері тәрізді алты кәсіпорын Индустрияландыру картасына еніп отыр.
– Ауданымызда жұмыс істеп тұрған 1053 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Ақмола облысының 2020-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдау картасына «Milk product» жеке шаруашылық серіктестігі инвестициялық жобасы енгізілді. Жобаның құны 1 миллиард теңгеден асады. «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында жалпы сомасы 444 миллион теңгеден астам 9 жоба қаржыландырылды, – деді аудан әкімі. Ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де артып, 11 миллиард теңгені құрады. Инвестиция ауыл шаруашылығы техникасын, жабдықтарын сатып алуға, тұрғын үй құрылысына, теміржолды жөндеуге бағытталды.
Ғайдар Қасенов атап өткендей, соңғы жылдары ауданда құрылыс қарқынды дамуда. Құрылыс жұмыстарының көлемі 4 миллиард 118 миллион теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 95 пайызды құрап, аумағы 7 мың шаршы метрден астам тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 942 миллион теңгені құрады. Тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру үшін Шортанды және Научный кенттерінде жаңа құрылыс учаскелеріне инженерлік –коммуникация инфрақұрылымын салу бойынша жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Биыл Төңкеріс стансасында 140 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде. Ол үшін республикалық бюджеттен 335 миллион теңге қаржы бөлінген.
Аудан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шапағатын көріп отыр. Осы бағдарлама арқылы Шортанды кентінде 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде Раевка, Бектау, Степной ауылдарында көше жолдары жөнделді. Келер жылы Бозайғыр ауылында 800 метр көше жолын жөндеу жұмыстары басталады.
Ауданның тұрақты дамуына ықпал ететін негізгі бағыттардың бірі сумен жабдықтау және су жүйелерін жаңарту болып табылады. Ең алдымен, бұл сапалы ауыз суды үздіксіз беруді қамтамасыз ету, бүгінгі күнде аудан халқының 98 пайызы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген.
– Республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың арқасында Петровка ауылының қолданыстағы су құбыры желілері мен нысандары қалпына келтірілді. Төңкеріс ауылында сумен жабдықтаудың таратушы желілері жаңартылды. Бүгінгі күні аудан ауылдарын сумен жабдықтау бойынша проблемалық мәселелер бар, оларды шешу үшін жобалар әзірленуде, – деді Ғайдар Қасенов.
Бұдан әрі аудан әкімі жұмыссыздықпен күресу мәселесіне тоқталды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 44 адам жастар тәжірибесінен өтіп, 30 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 25 адамға жалпы 23 миллион теңгенің шағын несиесі берілген. Ағымдағы жылы Шортанды ауданында «Жұмыспен қамтудың жол кратасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 1 миллиард теңгені құрайтын 23 жоба жүзеге асырылуда.
– Бұл бағдарлама ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге жаңа мүмкіндіктер береді, – деді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 888 миллион теңгенің 9 жобасын жүзеге асыру көзделген. Бұл жобалар ауданның білім беру, мәдениет және спорт саласы нысандарын күрделі жөндеуге бағытталған.
Брифингте Ғайдар Қасенов пандемия кезінде ауданда коронавирус инфекциясының алдын алу және таралуын болдырмау бағытында бірқатар күшейтілген шаралар қолға алынғанын атап өтті. Мәселен, аудан аумағында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай ұдайы бақылауда. Осы ретте, Степное ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салынғанын айта кеткен жөн.
– Аудандық медициналық ұйымдар коронавирустық инфекцияны бақылау және алдын алу шараларын өткізуде. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілді. Жалпы, аудандағы денсаулық сақтау нысандар пандемиямен күресуде қажетті дәрі-дәрмек және медициналық қорғаныс заттарымен толықтай қамтамасыз етілген, – деп қорытындылады аудан әкімі өз сөзін.
Брифингте әкім журналистердің өңірдің басқа да әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары жөнінде қойған сауалдарына жауап берді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.