«Бастауда» барлығы жақсы

Қазақстан тәуелсіздігінің төл құрдасы «Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің орталық қонысындағы жайнаған көрініс көз тартады. Салыстырмалы түрдегі теңеу іздеудің қажеті жоқ. Бізді қызықтырғаны, ауылдың шығыс бөлігін түгел алып жатқан мал шаруашылығы кешеніндегі қызу тіршілік еді.

Әп дегеннен-ақ, 13 заманалық мал қорасын, жемшөп базасын, құрама жем цехын, қыстау басындағы техникалардың жылы гаражын, қасапхана мен ет өңдеу цехын, шағын кеңсені, әр қорадағы малшылардың тұрмыстық бөлмесін біріктірген «Бастау-2» ауылына кіріп келе жатқандай әсер баурайды.
Сағат тілі екіден енді аса бас зоотехник Юрий Окуньевті, бас мал дәрігері Қайдар Ербалинді, ферма меңгерушісі Ғалия Дүйсенбаеваны жұмыс басынан кездестірдік. Аздап таңырқадық. Өйткені, ауданнан «звандағанның» өзінде тиісті мамандарды таба алмай қалатынымыз журналистік тәжірибеде бар. Ал, мұндағы жағдай жұмыстың жүріп жатқанынан, ырғақтың тұрақтылығынан хабар береді.
Мал шаруашылығы көп салалы серіктестіктің атын шығарып тұрғаны анық. Мұны серіктестіктің бас мал дәрігері Қайдар Ербалиннің көтеріңкі көңілдегі әңгімесінен байқауға болады. Мұнда тек қана асыл тұқымды еттік бағыттағы төрт түліктің бәрі өсіріледі. ЖШС 2011 жылдан бастап бір мезетте 5000 бас ірі қараны бордақылауды көздейтін инвестициялық жобаны жүзеге асырып келеді. Қазіргі күні қазақтың 1458 ақ бас сиыры мен Америкадан алып келінген 1089 абердин-ангус тұқымы, 1552 бас жылқы қыстатылуда.
– Біз жұмыс орындарын ашу үшін алғашында жергілікті тұрғындардан ақ бас сиырларды сатып ала бастадық, – дейді бас зоотехник Юрий Анатольевич Окуньев. Қазір 8 бұзау қорасы, ашық алаңдағы қысқы қоражайлар бар. Жалпы, кешенге қарасты нысандардың барлығы санитарлық жөндеулерден өткізіліп, сумен қамту шаралары атқарылды, жұмыстың басым бөлігі механикаландырылған. Фермаларда 8 маман, 36 бақташы мен үш табында 12 жылқышы жұмыс істейді. Орташа айлық жалақы 120 мың теңгеден асады. Ендігі жерде өндірістік табыс жөнінде де ауыз толтырып айтатын жағдайға жеттік. Ол барлық түлік санының өсуімен байланыстырылады. Ет экспорты бірінші кезектегі назарда ұсталады. Бұрнағы жылдары 40 тонна өнімді Қазақстан аймағы мен Ресейге шығарғанбыз.
Бас маман соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл өндірісін дамыту бағытында тиімді қолдау көрсетіліп отырғанын айтады. Шаруашылық асыл тұқымды селекция үшін әр бас аналық малға 20 мың теңге субсидия алып отыр. Өткен жылы жалпы қаражат мөлшері 60 миллион теңге өтемді құрапты. Сондай-ақ, табыстың еселенуі өндірісті ғылыми жүйеде ұйымдастыруда екендігі де айтылды. Мұнда Алматыдағы мал шаруашылығы және жемазық өндірісі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары мен елордадағы С.Сейфуллин атындағы ауыл шаруашылығы университетінің профессоры Рашид Қазиханов жүргізген зерттеу жұмыстарының қорытындысына негізделген аталық малдарды іріктеу, бөлектеп өсіруге арналған арнайы база жабдықталыпты. Студенттердің өнді-рістік тәжірибеден өтуі дәстүрге айналған.
Осы ретте, шаруашылық 2012 жылы Қараөткел көрме-жәрмеңкесіне қатысып, жұрт назарын бірден өзіне аударғанын атап өткіміз келеді. Мұнда «Удав» атты қазақтың ақ бас бұқасы бірінші орын алды. Кеңсе қабырғасындағы марапаттар тізбесі серіктестіктің бұдан кейінгі жылдары да жүлдесіз қалған еместігінен дерек береді. Бас мал дәрігерінің айрықша мақтан тұтатыны республикалық «Ұлы Дала-2016» көрмесіне қатысып, сатып алушылардың ерекше сұранысына ие болған «Араб» дейтін бұқа екен. Мұнда герефорд тұқымды екі жасар бұқа 800 кило салмақ тартқан.
– Біз «Арабты» сатпадық. Бұл ойымызда да болған жоқ. Мәселе бұқаның түр-әлпеті мен салмағында емес. Оның генетикалық тегі, табынды толықтырудағы қарымы, бұзаулардың өсіп-жетілуі айрықша құнды. Бізде мұндай мал саны аз емес. Компьютерлік дерекқордан бұлар туралы жан-жақты мағлұматпен таныса аласыздар, – дейді Қ.Ерболин.
Ферма меңгерушісі Ғалия Дүйсенбаева ұжым мал қыстату науқанына әдеттегідей тыңғылықты дайындықпен кіріскенін тілге тиек етті. Қыстау басында жемшөптің бір жарым жылдық қоры жасақталған. Нақтылай түссек, 3800 тонна шөп, 1900 тонна арпа жармасы, 800 тонна сабан және 630 гектар жүгерінің әр гектарынан 61 центнерден өнім алынып, 3850 тонна сүрлем дайындалыпты. Бұл былтырғы жылдан қалған мал азығын қоспағандағы көрсеткіш. Мал азығын құнарландыру цехында тыңғылықты ісімен танылған Таутеков пен Ғаббасовтар әулетінің аты аталды. Сонымен бірге, бақташылар Евгений Кетте, Нақсұт Хоромец, Сағит Таутеков сияқты бақташылар қарауындағы бұзаулардың тәуліктік қосымша салмағын 1050 грамнан айналдырса, Сергей Сильников 177 сиырдан 77 бұзау алып отыр екен. Жалпы, шаруашылық бойынша биылғы жылы 801 бұзау табынға қосылғаны, облыстағы өзге шаруашылықтардың әлеуетін көтеру мақсатында асыл тұқымды 38 бас бұқалақ пен 37 бас тайыншаның сатылғаны төл төгіні енді басталған шақтағы өндірістік өрлеуден дерек береді.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.
Суретте: озат малшылар Қарамез Нақсұт пен Алакөз Жанболат.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар