Ауданда кәсіпкерлікті дамыту мен белсенділікті арттырудың тиімді құралы – «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 20 миллион теңге көлемінде 40 адамға бизнестерін дамыту үшін қайтарылмайтын грант кредиттері берілген.
Осының нәтижесінде жылыжай, автосервис, кондитерлік цех, кірпіш өндіретін кәсіпорын сияқты кіші бизнес нысандары ашылды.
Шаруа қожалықтары ірі қара және ұсақ малдарды сатып алды. Бюджетке түсетін салық төлемдері өсіп, 1 миллиард 695 миллион теңгені құрап отыр. Бүгінгі таңда ауданда 240-тан астам кәсіпорын белсенді жұмыс атқаруда. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 18,4 миллиард теңгені құрап, бұл көрсеткіш 2019 жылғы деңгейге қарағанда 63,3 пайызға асыра орындалды.
Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифингте Аршалы ауданының әкімі Талғат Мұханбетжанов 2020 жылға белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының іске асырылу барысы мен 2021 жылдың басты жоспарларымен таныстырды. Мұнда, әсіресе, инвестициялық саясаттың әлеуеті артып отырғанына екпін түсірілді.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау, халықтың табысы мен жұмыспен қамтылуынау айрықша назар аударды. Аршалы ауданындағы жергілікті атқарушы органдардың жұмысы мемлекет басшысының алдымызға қойған барлық мақсат міндеттерін шешуге, мемлекеттік салалық және өңірлік бағдарламаларды орындауға бағытталған, – деді Талғат Қойбағарұлы.
– Ауданымызда 8 инвестициялық жоба іске асырылуда, мұның жалпы құны 100 миллиард теңгеден асады, – деген Т.Мұханбетжанов бұл бағыттағы негізгі жұмыстарға тоқталды. Келтірілген деректерге қарағанда, Анар ауылдық округінде құны 450 миллион теңгені құрайтын құрама жем өндіретін зауыттың құрылысы аяқталған. Ал, Бұлақсай ауылында қуаты 100 МВт «ЦатэкГрин Энэрджи» ЖШС жел паркі құрылысының бірінші кезеңі 2019 жылы аяқталып, 40 миллиард теңгеден астам инвестиция жұмылдырылды. Аталған жобаның екінші кешенінің құрылысы ағымдағы жылдың соңында аяқталады. Маңызды жоба толық аяқталғаннан кейін, жергілікті бюджетке 300 миллион теңгеден астам салық түсетін болады. Сонымен қатар, «Борей Энерго» ЖШС осы ауылда қуаты 156 мВт жел паркін салуға бағытталған дайындық жұмыстарын аяқтап, құрылысты бастауға кірісіпті. Жобаның жалпы құны 70 миллиард теңгені құрайды. Бұған қоса, Жібек Жолы ауылында 1 миллиард 130 миллион теңге сомасында силикат кірпіш шығару жобасы іске асырылмақ. Қазіргі уақытта инвестор құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде.
Аршалы кентінде 237 миллион теңгелік, Жібек Жолы ауылында 11 миллиард 400 миллион теңгеге бағаланған тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін екі зауыт салу жоспарланғаны осынау шетін мәселенің оңтайлы шешілетініне мүмкіндік беретіні анық. Волгодонов ауылдық округінде жылына құны 100 миллион дана кірпіш шығаратын зауыт салынбақ. Бұған инвесторлар 12 миллиард теңге қаржы жұмсайтын болады. Жібек Жолы округінде аграрлық-кредиттік корпорацияның көмегімен 6 мың тонна құс етін өндіру қуатындағы жаңа фабриканың құрылысы жүргізілуде екен.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Аршалы кентінде жалпы құны 694 млн.теңгеге салынған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, ішкі жолдар желісіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, № 2 орта мектебінің, «Светлячок», «Солнышко» балабақшаларының аумақтары абаттандырылды. Өткен жылы осы жоба аясында екі орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілген болатын. Тұрғын үй кезегіндегі халықтың баспана мәселесін шешу мақсатында ағымдағы жылы Аршалы кентінде екі 45 пәтерлі үйдің жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, бір үйдің құрылысын бастауға қаражат бөлінді.
Өңірде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 387,6 миллион теңге қаржы бөлініп, 10 жоба жүзеге асырылуда. Ал, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл қосымша 72 миллион теңге бөлінгені ризалықпен атап өтілді. Ауданда қызметтің барлық түрлері бойынша экономикалық өсу байқалды. Мұны орташа айлық жалақының 23,5 пайызға өсіп, 137283 теңгені құрағанынан да көруге болады.
Ағымдағы жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 66 адам оқытылып, 73,1 миллион теңгеден астам 16 кредит берілген. 2020 жылдың есепті кезеңінде 672 азамат жұмысқа орналастырылып, 806 жаңа жұмыс орны құрылды. Мемлекет басшысының әлеуметтік жеке меншік үйлер салынатын жер учаскелерін коммуникациялармен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 48 шақырымдық электр, 54 шақырымдық су желілері және Жібек Жолы ауылында 23 шақырымдық көше-жол құрылысы жүргізілді. Жалпы, құрылыс жұмыстары барысында 7,1 миллиард теңгені құрайтын 19,9 шаршы метрлік нысан пайдалануға беріліп отырылғаны айтылды.
Мемлекет басшысының бес бастамасына сәйкес, 17 елді мекенді газдандыру мақсатында, «Сары-Арқа» газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Ол үшін Аршалы кентінде автоматты газ тарату станциясының құрылысы жүргізілуде. Биыл төрт ауылға «көгілдір отынды» жеткізу жоспарланған.
Маңызды бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы. Биыл егін бітік шығып, аудан бойынша 230 мың тонна астық жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 134 пайызға жоғары екендігін айтқан аудан әкімі мал басы санының өсуі мен асылдандыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Ағымдағы жылы еттік бағыттағы 3 ферманың құрылысы аяқталды және «Аумақтарды дамыту бағдарламасы» аясында 100 басқа арналған екі сүт фермасы мен инвестициялық құны 500 миллион теңгені құрайтын еттік бағыттағы ферма құрылысы үшін жер телімдері бөлінді. Бұған қоса, Жалтыркөл ауылында жылына 6 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың құрылысы жүріп жатыр екен.
Ауданның білім беру саласына кеңінен тоқталған әкім осы салаға жұмсалатын қаржы шығындары ауданның жалпы бюджетінің 47,7 пайызын, немесе 4 миллиард 295,6 миллион теңгені құрап отырғанын айтты. Халық санының өсуіне байланысты тек соңғы үш жылдың ішінде оқушылар қатары 10 пайызға өскенімен, 3 ауысымдық оқыту мәселесі толық шешілген.
– Әрине, пандемияға қарсы тұру бәріміз үшін басты сынақ болды, – деді есеп беруші. Сондықтан біз де, халқымыздың өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша үлкен жұмыс жүргіздік.
Әкім әлеуметтік қамсыздандыру ісіндегі атқарылған шаралар ауқымы кеңейгенін тілге тиек етті. Біз бір мысалды ғана бөлектеп алып, оқырманға жеткізуді жөн көрдік. Төтенше жағдай режимі кезеңінде әлеуметтік көмек алушыларға, барлық санаттағы мүгедектерге, жұмыссыздарға, мүгедек бала тәрбиелейтін ата аналарға (4 500 мың адам) 24,7 миллион теңгенің азық-түлік және тұрмыстық жинақтары үлестірілгеніне тұрғындар ризашылық білдіруді. Брифингте Талғат Мұханбетжанов журналистердің сұрақтарына толық қанды жауаптар қайтарды.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек Мағзұмов.