Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр Әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді (қазіргі Түркістан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала). Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу-Насыр Әл-Фараби, яғни, Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған.
Әл-Фарабидің «Ғылымдардың жіктелуі туралы трактатында» логика ғылымының сегізінші бөлімі ретінде поэтика аталады. «Логиканың бұл бөлімі поэзияны талдау қағидаларын, кең таралған поэтикалық пайымдаулар мен өнердің өзге де салаларында қолданылатын пайымдау түрлерін қамтиды» деп жазады ғұлама.
«Поэтика» ұғымына қатысты Фарабидің жоғарыда келтірілген тұжырымдамасы ғалымның осы салаға арналған трактаттарында жан-жақты қырынан ашылады. Бұл тақырыптағы трактаттардың ең көлемді әрі кең танымалы – «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат». Фараби көптеген халықтардың поэзиясында мазмұн мен өлшем арасына шек қойылмай, аралас қолданылатынын, бұл мәселеде қатаң қағиданы тек көне гректер ғана сақтағанын айтады. Әрине, Фараби бұл жерде поэзияның әрбір түріне белгілі бір өлшемді ғана қолданатын көне гректік өлең қағидаларын үздік үлгі ретінде ұсынғалы отырған жоқ. Өлшем мен мазмұнның қатаң қағидаларға бағындырыла бермеуі түрлі халықтардың дүниетанымындағы, көркем ойлауындағы, сөз қолданыстарындағы ерекшеліктерге байланысты екені айқын. Фараби тек қатаң сақталатын қалыбы бар, теориялық тұжырымға салуға икемді, ең бастысы, біршама зерттеулерге арқау болып үлгерген грек поэзиясын толымды талдауға лайық және танымдық мәні бар объекті ретінде алады.
Сонымен Фараби жіктеуінде көне грек поэзиясы мынадай түрлерге бөлінеді:
Трагедия – арнаулы өлшемі бар, тыңдаушыға да, айтушыға да ләззат беретін өлең түрі. Трагедияда өзгелерге үлгі-сабақ боларлық жақсылы-жаманды істер сипатталады, билеушілер марапатталады. Музыканттар әдетте трагедияны әміршілердің алдында орындайды. Әмірші дүниеден өткен жағдайда трагедияға жоқтау сарыны бар өлеңдер қосылады.
Дифирамб – трагедиядан екі есе артық өлшемі бар өлең түрі. Дифирамбта жекелеген адамдарға емес, жалпы адам баласына ортақ абзал мінездер, ізгі істер, сондай-ақ, күллі адамзатқа қайырлы істер жасаған дара тұлғалар дәріптеледі.
Комедия – арнаулы өлшемі бар өлең түрі. Комедияда келеңсіз, оғаш жайттар суреттеліп, адамдардың мінез-құлық, іс-әрекетіндегі ұнамсыз көріністер шенеледі. Жекелеген тұстарда кейбір адамдар бойындағы жануарларға тән жағымсыз, жиіркенішті мінездер баса көрсетіледі.
Ямб – бұл да арнаулы өлшемі бар өлең түрі. Ямбта мақал-мәтелдер секілді жақсылы-жаманды істерді сипаттайтын нақыл сөздер келтіріледі. Бұл өлең түрі соғыстар мен дау-жанжалдар кезінде, ашу-ызалы сәттерде қолданылады.
Драма – алдыңғы түр тәрізді поэзия жанры. Ерекшелігі сол – мұнда белгілі бір адамдарға, жеке тұлғаларға арналған ой түйіндері, нақыл сөздер қолданылады.
Айнос – жоғары шеберлікпен жазылған, көркем де келісті пайымдауларды қамтитын өлең түрі.
Диаграмма – тәртіпке бағынбайтын, тезге салуға көнбейтін адамдардың жанын қандай жан түршігерлік азаптар күтіп тұрғанын сипаттайтын заң шығарушылар қолданатын өлең түрі.
Эпос және риторика – өткен дәуірлердегі саяси және құқықтық тәртіптер суреттелетін поззия жанрлары. Өлеңнің бұл түрлерінде сонымен қатар, билеушілердің өмір-салты мен іс-әрекеттері, ел басқарған кезеңі мен сол тұстағы айтулы оқиғалар баяндалады.
Сатира – белгілі өлшемі бар, музыканттар ойлап тапқан өлең түрі. Олар өздерінің әндері арқылы аң кейпінде киінген адамдар мен әртүрлі жануарларды таң қалдырарлық, әдеттен тыс қимыл-қозғалыстар жасауға мәжбүр етеді.
Поэма – жақсылық пен жамандықты, дұрыстық пен бұрыстықты бейнелейтін өлең түрі. Мұндай өлеңдердің әрбір түрі өзі сипаттайтын үлгілі, жарқын немесе келеңсіз, айыпты жайттарға сәйкес келеді.
Амфигенезис – жаратылыстану ғылымдарын сипаттау мақсатында жаратылыстанушы-ғалымдар ойлап тапқан өлең түрі. Поэзия жанрларының ішінде өлең өнерінен алшақтау жатқаны – осы түр.
Акустика – шәкірттерді музыка өнеріне баулу үшін қолданылатын өлең түрі. Оның қолданылу шеңбері осымен шектеледі, ол басқа салаларда қолданылмайды.
Фарабидің көне грек поэзиясының түрлерін жіктеп, талдап, толығымен
сипаттап көрсетуі поэзиядағы түрлердің, өлшемдердің, ұғымдардың тарихи даму барысында қандай өзгерістерге түскенін, қаншалықты жетіліп, сараланғанын, поэ-
зия ұғымына қатысты көзқарастардың қай дәрежеде өзгергенін пайымдауға мүмкіндік береді. Ол грек поэзиясы түрлеріне жалаң талдау жасап қана қоймайды, оларға қатысты өз пікірін де білдіріп отырады.
Интернет материалдары бойынша дайындаған Қалкөз ЖҮСІП.