Жер қойнауы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекет меншігі болып табылады. Жер қойнауын заңсыз пайдалану Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 139-бабына сәйкес жауапкершілікке тартуға әкеліп соғады.
Осыған қарамастан облыс аумағында жер қойнауын заңсыз пайдалану, яғни, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру әлі күнге дейін тоқтамай келеді. Атап айтар болсақ, елордаға жақын орналасқан Целиноград және Аршалы аудандарында заңсыз жер қойнауын пайдалану көрсеткіші басқа аудандармен салыстырғанда жоғары болып отыр.
Ақмола облысы бойынша экология департаменті ағымдағы жылдың 10 айында құқық қорғау органдарынан түскен материалдарды қарастырып, жеке және заңды тұлғаларға қоршаған ортаға келтірілген экономикалық шығын үшін 404 744 теңге және 1 581475 теңге көлемінде айыппұл салды. Барлық айыппұл мөлшері мемлекет есебіне толықтай өндірілді.
Жер қойнауын заңсыз пайдалану бүгінгі таңда қоршаған ортаны сақтау саласындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отырғандықтан, жергілікті тұрғындарды осындай заңсыз іс-әрекеттерге куә болған жағдайда, бұл туралы шұғыл түрде жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторына немесе «102» жедел желі нөміріне хабарлауға шақырамыз. Жер қойнауына қатысты заң бұзушылықтарды анықтау әрі болдырмау мақсатында жедел алдын алу шаралары құқық қорғау органдары мен департамент тарапынан жиі өткізіледі. Дегенмен, тұрғындар тарапынан да осы маңызды мәселеде көмек керек екендігі айтпасақ та түсінікті.
Арыстанбек ТАСҚЫНБАЕВ,
Акмола облысы бойынша экология
департаментінің бас маманы.