Төтенше жағдайлар кезінде 1159 адам қауіп-қатерден құтқарылды

Жыл басынан бері 646 төтенше жағдай тіркеліп, 3,5 мыңнан астам адам зардап шекті. Департамент бөлімшелері апаттан құтқаруға және кезек күттірмейтін жұмысқа 1330 мәрте шықты.

Сондай-ақ, бір мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. 94 зардап шегушіге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетілді. Биылғы жылдың 9 айында 989 тексеріс жүргізіліп, 604 нысан ерекше тәртіпте тексерілді. Тексеру кестесіне сәйкес, ескертудің орындалуын бақылау бойынша 377, прокуратураның тапсырмасы мен азаматтардың өтініші бойынша 8 тексеріс жүргізілді. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 2490 фактісі анықталды. Тексеріс нәтижесі бойынша бес жүз елуден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 129 адамға айыппұл салынып, 429 адамға ескерту жасалды. Айыппұлдың 4 миллион 709,4 мың теңгесі өндіріліп алынды. Азаматтық қорғаныс бағыты бойынша 295 бақылаудағы нысан, оның ішінде 182 мемлекеттік мекеме, жеке кәсіпкерліктің 113 субъектісі есепке алынды. Алдын ала бақылау тізіміне сәйкес, биылғы жылы 20 тексеріс жоспарланған. ЕСП критерийлер жүйесінің жоқтығына байланысты жоспарлы және жоспардан тыс тексеріс жүргізілмеді.
Төтенше жағдайдың көбі өндірістік және тұрмыстық өртке жатады. Жыл басынан бері 631 өрт болып, материалдық шығын 130 миллион теңгені құрады. Өрттің қауіпті факторынан 22 адам өмірімен қоштасты, 9 адам жарақат алды. Тұрғындардың отты пайдаланғанда абайсыздық танытуы бойынша өрт 36 пайыз, тұрмыстық электр аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылуы 46,5 пайыз азайды. Сондай-ақ, иісті газдан тұрғындар аман қалды. Тұрғын үй секторында 448 мәрте өрт болды. Тұрғындар отты пайдалануда 217 рет абайсыздық танытқан. Пеш пен мұржаны пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережесі 73 мәрте бұзылыпты. Электр қондырғылардың монтаждау және техникалық пайдалану ережесі 76 рет бұзылған. Өрт қоюдың 43 оқиғасы анықталды. Биылғы жылдың қаңтар және ақпанында 6 адам қайтыс болды. 5 оқиғада мас күйінде төсегінде темекі шегудің салдарынан 9 адам өмірімен қоштасты. 3 оқиғада тұрғындар отты пайдаланғанда абайсыздыққа жол беріп, 5 адам көз жұмды. Тұрмыстық электр аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылуының салдарынан 3 адам қайтыс болды. Электр қондырғыларын монтаждаудың және техникалық пайдаланудың ережесі 2 рет бұзылып, 4 адам өлді. Пешті пайдалану кезінде 1 адам қайтыс болды. Тұрғын үй секторындағы өртті азайту мақсатында департамент жылу беру және жазғы өрт қаупі бар кезеңде үгіт-насихат жұмысын күшейтті. Өйткені, бұл кезде өрт пен адам өлімі саны бірден өседі. Өрт салдарынан ажал құшқан 22 адамның 16-сы әлеуметтік жағынан аз қамтылған әрі спирттік ішімдікке құмар жандар болып шықты.
Карантин шарасы кезінде қауіпсіздік ережелерін тарату, үй аралау жұмысы тоқтатылды. Балалар мен жасөспірімдер арасында интерактивтік сабақ, өрт сөндіру бөлімшесіне саяхат, лекция, әңгімелер жүргізілмейді. Тек БАҚ пен әлеуметтік желілерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде түсінік жұмысы жүргізіледі. Жылу беру маусымына дайындық кезінде иісті газдың 613 датчигі орнатылды. Ақмола облысының аумағында әлеуметтік жағынан аз қамтылған 8782 адам есепте тұр. Олар мекенжайлық өрттің алдын алу жұмысын қажетсінеді. Осы тұрғындардың үйлерінде болып, өрттің алдын алу жұмысын толық жүргіздік. Облыс аумағында департамент мамандары 54 мың 563 үйде болып, 264 мың адамға кеңес берді. Жыл басынан бері Төтенше жағдайлар комитетінің 5 жоспарлы және 6 жоспардан тыс отырысы өткізіліп, 18 мәселе қаралды. Жеке және заңды тұлғалар өтінішін қарау мәселесі тұрақты бақылауда тұр. Жыл басынан бері 182 өтініш, 7 арыз, 301 талап, ұсыныс пен пікір түсті. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, өтініш саны 24 пайызға азайды. Облыс әкімдігінің қаулысымен «Орман өртінің алдын алу және мемлекеттік орман қоры аумағында өртке қарсы күрес бойынша шаралар жоспары» бекітілді. Жоспарда өртті ескертуге бағытталған шаралар сондай-ақ, өртті ерікті өртке қарсы құрылымдар, мемлекеттік өртке қарсы қызмет және орман күзететін мекемелер күшімен уақытылы жоюды қамтамасыз ету анықталды. Жергілікті атқарушы орган министрліктің және ведомствоның аумақтық органдарымен бірлесе жұмыс істеуі үшін өзара іс-қимылдың екі жақты нұсқамасы жасалып, бекітілді. Облыстың барлық орман пайдаланушыларымен өзара жұмыс істеу жоспары жасалды. Өңірде 1130 адамнан тұратын 208 ерікті өртке қарсы құрылымдар жұмыс істейді. Олардың қарамағында 53 өрт техникасы, 314 құрал-жабдықтар және 70 мотопомпа бар.
Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, ауылдық елді мекендерді өрттен қорғауды қамтамасыз етуді қарастыратын 2016-2020 жылдары облыс аумағын дамыту бағдарламасы бекітілді. Биылғы жылы төрт бекет ашылды. Жыл басынан бері ерікті өрт сөндіру құрылымы өртке қарсы қызметтің күші мен қаржысынсыз шалғай елді мекендердегі 24 өртті сөндірді. Мемлекеттік өрт сөндіру қызметімен бірге 80 өрт ауыздықталды. Үстіміздегі жылдың шомылу маусымы кезінде 19 адам, оның ішінде 6 жасөспірім суға кетті. Қайғылы оқиғалар құтқарушы бөлімшелері жоқ, күзетілмейтін су айдындарында және шомылу үшін жабдықталмаған орындарда тіркелді. Суға кетудің негізгі себептері қауіпсіздік ережесін сақтамаудан, масаң күйде шомылудан болып отыр. Мұндай оқиғалардың көбі Целиноград ауданында болды. Суға шомылу маусымында Полиция департаментінің аумақтық бөлімшелерімен бірге 3141 рейд жүргізіліп, 1796 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2020-2021 жылдардағы қыс маусымына дайындық мақсатында департамент жергілікті атқарушы органдармен бірге бірлескен шаралар кешенін жүргізді.
Облыс жолдарының қар алатын учаскелерінде 239 жылыну орнын анықтап, қала және аудан әкімдіктерінің шешімімен бекітілді. Арнайы техникалар мен қар тоқтататын шарбақ, құм, тұз, қажетті жанар-жағармай, тамақтанатын орын дайындалды. Сондай-ақ, магистральдық темір жол жүйесінде алдағы қыс айларына дайындық бойынша шаралар кешені жүргізілді. 6 темір жол станциясында 37 қар тазалайтын техника дайын. Департамент пен оның бөлімшелері өз кезегінде апаттан құтқару автокөліктерін, командалық-штабтық машиналарды, байланыс пен жарық автокөліктерін, батпайтын көліктерді дайындады.
Алексей СОВЕТОВ,
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар