Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында халқымызға, болашақ ұрпаққа қажетті терең ойлар айтылғаны мәлім. Жаһандану заманында ең алдымен ұлттық рухымызды, мәдениет пен ұлттық тәрбиемізді сақтап қалуымыз қажет деген сөзін басшылыққа алып, еліміздің даму жолындағы барлық істердің маңыздылығын сезініп-түйсіну жолында еңбектенудеміз.
Тарихи тұғырымызды айқындап, тереңде қалған құндылықтарымызды жарыққа шығарып, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беру мақсатында қолға алынған «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақала өз жемісін беруде. Аталған мақала негізінде мәдени, тарихи маңызы бар бағдарламалық құжат ел азаматтарының құнды жәдігерлерді сақтап, өткенді саралауға деген құлшынысын арттыруда. Ата-бабаларымыз ұстанған тәлім-тәрбиеге толы салт-дәстүрлер уақыт пен кеңістікке бағынбайды. Яғни, аталмыш құндылықтарымыз бүгінгі күнде де өзекті.
Тарих пен болашақты байланыстыратын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен оның мән-мағынасын байыта түскен «Ұлы даланың жеті қыры» атты ауқымды мақала әр қазақтың кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатып, еңсесін тіктеп алуға серпін бергені рас.
«Ұлы даланың жеті қыры» қоғамдық сананы жаңғырту жолындағы маңызды қадам болды. Біз ұлттық тарихты Ұлы дала тарихы, әлем тарихы мен мәдениетінде орасан зор рөл атқаратын біздің халқымыз бен мемлекетіміздің тарихы ретінде қайта пайымдауға тиіспіз. «Ұлы Даланың жеті қырының» бірі көне заманнан басталып, жылқы малын алғаш біздің бабаларымыз қолға үйреткені ұлы даланың қуаты мен құдіретінің тарихын көрсетті. Көшпенділер мәдениетінің символы осы десек қателеспейміз. Қазақ халқының әлемдік өркениеттегі орнының биік екендігін дәлелдеп көрсететін қырларының бірі, Ұлы Даладағы ежелгі металл өндіруде біздің бабаларымыз көне заманда-ақ озық технологияны меңгергендігі. Көшпелілер мәдениетінің әлемдік өркениеттегі орны бар екендігін дәлелдеудің бастауы болған атақты бірінші «Алтын адамның» табылуы да, дала өркениетінің бай мұрасы – ұлы даланың жеті қырының бірі және ұлт мақтанышы дерлік құбылыс.
Біздің ұлы бабаларымыз Еуразияның Ұлы Дала төсінде де өшпес қаһармандықтың жыры мен мол рухани байлықты қалыптастырды. Ұлы даланың тарихи тұлғасы Әбу Насыр Әл-Фараби «… адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді. Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт»деген тарихи ұстанымы сияқты терең философиялық еңбектер Ұлы Дала елінде жазылғандығы мақаланың негізгі тұжырымы болды.
Біз өткенімізді мақтан тұтуды үйренуіміз керек, бұл өз тарихымызға оң көзқарас. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі. Бұл – Елбасымыздың осы мақаласында айтылған негізгі ойдың бірі.
«Ұлы даланың жеті қырының» негізгі идеясы – ұлттық код пен мәдениетті сақтау және оны бүгінгі күнге бейімдеу. Тарихи құжатта айтылған бастамаларды жүзеге асыруда өңіріміздің білім жүйесі белсенділік танытуда. Қазақта «Туған жерге туыңды тік!» – деген дана сөз бар. Бұл – әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне деген сүйіспеншілігінің белгісі.
«Туған жер» арнайы жобасының қолдау тауып жатқаны туралы да айта кеткен жөн. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы арнайы жоба да «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен өзектес екені баршамызға мәлім. Жаһандану кезеңінде, ұлт тарихының мәдениеті мен құндылықтарын білу, насихаттау, әрі сақтау елді ілгерілетудің тікелей кепілі болмақ. Бүгінде цифрлық технологиялар әлемі күн сайын жаңғыруда. Барша қазақстандықтар алдында ел болашағы үшін жалпыұлттық бағдарламаға айналып отырған Рухани даму арқылы, Ұлы дала мәдениетінің көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету және оны жаңғырту міндеті тұр. Бүгінгі қазақ ұрпағы осы тарихи деректер мен шындықтарды бойына сіңіріп қана қоймай, оның әр бөлшегін қастерлеуі, бағалауы, мақтан тұтуы керек деп ойлаймын.
Оқырмандарды өңірімізде жаңадан бой көтеріп жатқан «Болашақ» сарайының бір бағыты – «Өз өлкеңді тану – рухани жаңғырудың даңғылы» жасөспірімдер мен жастардың бастамасын үйлестіру бөлімі туралы айта кеткен орынды. Аталмыш бағытта «Мәңгілік Ел» құндылықтары мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тәуелсіз Қазақстандағы қоғамдық сананың жаңғыруындағы балалар мен жасөспірімдердің, жастардың жұмысын үйлестіру қарастырылады. Онда білім алушылардың рухани-адамгершілік қасиеттерін, азаматтық жауапкершіліктерін қалыптастыру, ұлттық сана мен төзімділікті дамыту, зайырлы құндылықтарды нығайту, қазақстандық патриотизмді, жалпыұлттық идеяны іске асыру, этносаралық, мәдениетаралық байланыс жағдайында толеранттылыққа тәрбиелеу, балалар мен жасөспірімдердің, жастардың кәсіби және шығармашылық дамуына жағдай жасау, өңірлік ұйымдардың өкілдері арасында тәжірибе алмасуды ұйымдастыру, еріктілер жұмысын, көшбасшылық біліктерін, кәсіпкерлік білім беруді дамыту жоспарланған. Өңіріміздің үлгі тұтар мақтанышы, тәжірибесі мол аға буын өкілдері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында сүбелі ой, түйінді ұсыныстарын берілді, бірлесе жұмыс атқарыды, болашақ ұрпаққа саналы тәлім-тәрбие беру жолында мекемеміздің бірінші қатардағы жанашырлары болады деп сенемін. Біз де өз тарапымыздан еліміздің Мәңгілік елге айналып, әрдайым өркениет көшінің алдыңғы легінде жүруіне аянбай қызмет атқарарымыз анық.
Айнагүл БАЛТАШЕВА,
Ақмола облысының білім басқармасы жанындағы«Bolashaq Sarainyn» басшысы.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.