«Көкшетау сельстрой» кәсіпорны Бестоғай ауылының тұрғындарына ауыз су станциясын бес айдың ішінде салып берді, сонымен бірге, көшелерге су құбырлары жүйесін тартты. Бұрын ауыл тұрғындары сапалы суға қол жеткізе алмапты. Ауыл тұрғыны Ғайса Ғабдуллиннің айтуынша, көшедегі колонкалар суының сапасы сын көтермеген екен.
Ал, кейбір құдықтардың суы ащы болыпты. Ауылдың малы жаз айларында өзеннен, қыс айларында тасымалданып суарылыпты. Бүгінгі таңда әр тұрғын өз үйіне су кіргізуде. Бестоғай ауылдық округінің әкімі Жомарт Мусин өз сөзінде округте 517 адам, Бестоғай ауылында 284 адам тұратынын айтты.
–Су станциясының жобалық-сметалық құжаттамасы 2019 жылы жасалды. Әйтеуір су мәселесі биыл шешілді. Су станциясының құрылысын Ермек Мырзахметов басқаратын «Көкшетау сельстрой» компаниясы жүргізіп, 5 айдың ішінде аяқтап шықты. Бұл жобаға 338 миллион теңге жұмсалды. Аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы ауылдың 38 тұрғыны осы жұмысқа тартылды. Қазір су құбырлары жүйесінен ауыл тұрғындарының үйлеріне су құбыры тартылуда. Бұл нысанды тапсырыс берушілер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына тапсырады. Кейін ол ауыл округі әкімдігінің құзырына беріледі. Біз оны «Ерейментау Су арнасы» серіктестігінің балансына тапсырамыз. Мердігерлердің қаржысымен жергілікті жерден 3 оператор оқытылды. Енді олар ауыл тұрғындарын сапалы әрі үзіліссіз ауыз сумен қамтамасыз етпекші,–дейді ауылдық округінің әкімі.
Біз ауыз су станциясын аралап көріп, жұмысымен таныстық. Мұнда екі ұңғыма орнатылып, су 92 метр тереңдіктен сорылып алынады екен. Екі резервуар сапалы суға толтырылыпты. Осы жерден су сорғыш арқылы ауылдың орталық су құбырларына ауыз су берілетін көрінеді. Су станциясының учаске басшысы Болат Теміртасов «Тайыр» серіктестігінен келіпті.
–Бас мердігер – «Көкшетау сельстрой» компаниясымен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бізбен бірге 30 еңбеккер еріп келді. Оның үстіне жергілікті ауылдың 38 адамын жұмысқа тарттық. Қондырғылар мен өзге де қажетті бөлшектерді Алматы қаласының фирмасынан сатып алдық. Су құбырларын Теміртау қаласынан, пластик құбырларды Нұр-Сұлтан қаласынан әкелдік. Ауыл ішіне 11,5 шақырым су құбырлары жүйесі тартылды. Мектепті су құбырына тегін қостық. Тұрғындар да өз есебінен үйлеріне су құбырын тартуда. Олар тұтынған ауыз судың құнын төлейтін болады. 24 миллион теңгеге бағаланған сүзгіш қондырғысын Орал қаласынан сатып алдық. Екі ұңғымамен сорылған су осы сүзгішпен тазартылып, резервуарға толтырылады. Кейін су сорғыш арқылы орталық құбырларға беріледі. Су станциясының маңайы абаттандырылып, 50 ағаш көшеті отырғызылды,–дейді учаске басшысы бізбен әңгімесінде.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Ерейментау ауданы.
Суретте: Бестоғай ауылдық округінің әкімі Жомарт Мусин.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.