Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіровтың қатысуымен баспасөз конференциясы болып өтті.
Жиынға қатысқан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне басқарма басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру туралы айтып берді.
– Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, тұрғын үй мәселесімен тығыз байланысты. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы іске асырыла бастаған үш жыл ішінде Ақмола облысында 1,5 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. 13 мыңнан астам ақмолалық отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылы жоспарланған 570 мың шаршы метр тұрғын үйдің немесе шамамен бес мың пәтердің, бүгінгі күні 504,54 мың шаршы метрі немесе 4100 пәтері пайдалануға берілді. Мемлекеттік инвестициялар есебінен Ақмола облысында 50 көппәтерлі тұрғын үй (2432 пәтер), оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 45 үй (2235 пәтер), «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 4 үй (152 пәтер), «Ірі қалалардың шет аймақтарын дамыту» бағдарламасы бойынша 1 үй (45 пәтер) салынуда. Қолжетімді тұрғын үй құрылысымен облыстың 14 ауданы, сондай-ақ, Көкшетау, Степногорск қалалары қамтылған, – дейді басқарма басшысы.
Брифингте белгілі болғанындай, ағымдағы жылы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 6 тұрғын үй, яғни, 300 пәтер пайдалануға берілген. Ал, бағдарламаның несиелік баспана бағыты бойынша аумағы 32 мың шаршы метр болатын 501 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, жыл соңына дейін бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Оның ішінде 186 пәтер көп балалы отбасына беріледі. Атап айтсақ, Атбасар ауданында 32 отбасы, Степногорск қаласында 60 отбасы, Бұланды ауданында 42 отбасы, Есіл ауданында 12 отбасы, Біржан сал ауданында 10 отбасы, Целиноград ауданының Қосшы ауылында 30 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Айта кетуіміз керек, өткен жылы 258 көп балалы отбасы баспаналы болған. Сонымен қатар, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 175 отбасы пәтер алмақшы.
Сондай-ақ, ақмолалықтар «7-20-25» бағдарламасына белсенді қатысуда, бұл бағытта 8,6 миллиард теңгенің 946 өтінімі мақұлданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Жыл соңына дейін ауданда 11,1 мың шаршы метр 5 кредиттік үй немесе 165 пәтер пайдалануға беріледі.
Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша тұрғын үй кезегінде 21 085 адам тұр. Олардың 12 383-і әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар, 1342-сі көп балалы отбасы, 7178-і бюджет қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер, 182 адам апатты тұрғын үйде тұрып жатқандар.
Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде басқарма 24 жобаны іске асыруда. Аталған жобалар бойынша 1348 жұмыс орнын құру жоспарланған, оның 716-сы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы іске асырылуда. Сонымен қатар, жобалар жүзеге асқаннан соң 401 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда.
2020 жылдың соңына дейін Целиноград ауданы мен Көкшетау қаласында үш ауысымдық мектептер мәселесін оңтайлы шешу үшін, өңірімізде 7 білім беру нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Атап айтсақ, Целиноград ауданында Қоянды ауылындағы 1200 орындық мектеп, Максимовка ауылында 300 орынға лайықталып салынған білім ошағы мен Семеновка ауылында 120 орындық мектеп пайдалуға беріледі. Сонымен қатар, Көкшетау қаласындағы №6 орта мектебінің 300 орынға қосымша құрылыс нысаны мен №13 «ЭКОС» мектеп-гимназиясының 420 орынға қосымша ғимаратының құрылысы аяқталады. Шортанды ауданындағы Төңкеріс ауылындағы мектепке дейінгі білім мекемесінің де құрылысы аяқталып, өз бүлдіршіндерін қабылдауға дайын. Бұдан басқа, облыс орталығында ірі құрылыс кешені болып саналатын «Болашақ сарайы» да пайдалануға беріледі.
Ақмола облысында тұрғын үймен қоса әлеуметтік сала нысандарының да құрылысы қарқынды. Алдағы жылы 6 спорт, 8 денсаулық сақтау және 24 білім беру нысанының құрылысы жүргізілмекші. Бұл мақсатқа 29 миллиард теңге бөлінген.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.