12 желтоқсан – қазақтың белгілі ақыны Төлеген Қажыбаевтың туған күні. Марқұм тірі болса 78 жасқа толар еді. Өмір болғаннан кейін сол өмірдің ғайып болатын күні де кез-келген адам баласының маңдайына жазылған дүние. Біз бүгін Төлеген ағамызды еске алып, оның шығармашылығы жайлы жазылған сырымызды «Арқа ажарының» оқырмандарын таныстыруды жөн санадық. Жаныңыз пейіште шалқысын, ардақты аға!
І. Сыр ұқтырар өмірден
Адамдардың бәрі бірдей сұлулықты танып, түсіне білсе, онда мынау айдай әлемдегі пенделердің бірде-біреуінің жүрегін өкініш етіп күйдірмес еді…
Әр жазушыны өз дәуірінің жыршысы десек халық алдындағы азаматтық парызын тереңінен сезіне білген әрбір қалам иесі өз айналасындағы адамдарды ойландырып жүрген сан қилы сұрақтарға жауап іздеп, толғанары бар. Өз замандастарын, кейінгі ұрпақты жақсылыққа үндеу, жамандық атаулыдан безендіру үшін, өмірдің көлеңкелі тұстарын азайтып, жылы шуағын молайтуға ықпал жасарлық шығармалар жазу әр жазушының қашанғы мұраты, ой-арман мүддесі болып келеді және солай болып қала да бермекші. Жуырда ғана «Жазушы» баспасынан жарық көрген жерлес жазушы Төлеген Қажыбаевтың «Махаббат әні» кітабын оқып болғаннан соң осы бір ойға берілгеніміз бар. Өйткені, жазушының бұл жолғы өз оқырманына айтар сырының, ойының тереңдей түскендігін, қаламгер творчествосымен бұрын да таныс оқырмандар айқын аңғарар еді. Бұл заңды да. Өйткені, уақыт атты үлкен көштің мазасыз легіндегі жазушының ойы толысумен бірге, көкейге түйген ойын, жүрек түкпіріне тұнған сырын жеткізе білер шеберлігі де жетілген үстіне жетіле түсуде. Жазушының «Махаббат әні» кітабындағы «Қорқаудың ақыры», «Махаббат әні» повестерімен бірнеше әңгімелерінің қай-қайсысы болмасын осы пікірімізді қуаттап, ақиқаттығына көзімізді жеткізе түскендей.
Жазушының «Қорқаудың ақыры» повесін оқи отырып, бойыңыздың әлде бір қиянатты істен тітіркеніп жүре берерін байқамай да қалар едіңіз. Өйткені, адам баласының қорқаулық жолға түсіп, мола тонап, содан күн көруді кәсіпке айналдыруы еріксіз жирендіреді. Байқал көліне қарай шығыстан соғар жел – баргузиннен де қатал әрі суық болатын көр тонаушы Селенганың іс-әрекеті. Автор Сібірдің жергілікті халқының жай-күйін, психологиясын жетік білуге ұмтылған, бұл сәтсіз де шықпаған сияқты. Повестегі тунгустік Саяқ шалдың бейнесі арқылы жазушы Сібірдің жергілікті халқының ішкі ой-әлемін, адамға жақсылық жасаудағы адал көңілдерін нанымды суреттей білген.Тайга ішіндегі колониядан қашып кетіп Сібірдің ысқаяқ суығына шалдығып жүре алмай өлімші халге жеткен Тимофей – Селенганы Саяқ шал тауып алып, өз мекен жайына алып келеді. Оның аузына су тамызып өлімші халден бетін бері қайтарып алды. Үсіген аяқ-қолын емдеп, арып-ашыққан Тимофейді тап бір туғанындай күткен Саяқ шал өз ажалының түбінде осы сұмнан боларын сезген де жоқ еді. Өйткені, өзіне жақсылық жасаған адам өзіңді өлтіруі мүмкін бе? Жоқ. Бұған аңқау да ер Саяқ шал илана қояр ма екен. Бірақ Тимофей – Селенга опасыздық жасады, кінәсіз адамға. Саяқ шалдың ажалы өзі күтіп, өлім аузынан өзі алып қалған Селенгадан болып еді. Саяқ шалдың ажалына күйіне отырып, Селенганың қорқаулығы ашу-ызаңды туғызады. Әйтеуір Селенгаға енді бұл жарық дүниеде жақсылық жоғына сенесің. Жазушы оқушының осы бір түйсігін дөп басқандай, повестің концепциясын шебер түйіндей білген.
Жазушының «Махаббат әні» повесін қазақ әдебиетіндегі соңғы жылдардағы тәуір шығармалардың бірі екендігін оқырман ретінде айта кетуді жөн санап отырмыз. Оқиғасы шымыр, тілі бай, айтар ойы терең бұл повестің сәттілігі сонда, мұны оқи отырып, шығарма кейіпкерлерімен жан дүниең бірігіп жүре береді. Повестегі суретші Досбол мен әнші Махаббаттың тағдыры арқылы жазушы айналадағы өмірдің, тіршілік атаулының тынысын сыршылдықпен баяндай білген. Жалпы кез-келген қаламгер үшін өнер адамдары туралы жазу, олардың түпсіз терең ой әлеміне ой санаңды бойлата білу, шым-шытырық психологиялық жан дүниесі мен күйзелісін, қуанышы мен мұңын тани түсу үшін бұған ден қойған жанның үлкен интеллектуальдылығы қажет. Осы тұрғыдан алғанда жазушы Төлеген Қажыбаев өнер адамдары Досбол мен Махаббаттың жан дүниесін, ішкі сезімдерін ашып көрсетуде шеберлік биігінен көріне білген. Жазушының мұндай шеберлікке жету жолы оның өнер туындыларын жан дүниесімен түсініп, тани білудегі ой өресі повестен айқын аңғарылады.
Повестегі басты кейіпкерлердің бірі – суретші Досболдың өнердегі де, өмірдегі де жаны таза адал жандардың бірі. Ол өз тіршілігінде мынау айналадағы тіршілікте жамандық атаулы мына сұлу да сырлы әлемде сыйықсыз да сүреңсіз нәрселер, маңайдағы адамдар арасында парықсыз да топас көкіректер бар екендігін білмейтін де, сезбейтін де. Өйткені, Досбол бар жан дүниесімен әсемдікке, сұлулыққа құштар жан. Сол бір сұлулық атты сырлы әлемді іздеп жүргені өмір бойы қолынан қыл қаламын тастамай. Тіпті, Досбол өзінің жары Гүлзада мен оның бастық ағасы Темір Тасеменович іс-әрекеттерінен, бұған деген көзқарастарынан да әбестік байқамаған еді әуелде. Өйткені, Досбол өмірді сүйетін, сол өмірден тек қана жақсылықты, сұлулықты іздейтін.
Жазушы Гүлзада мен Темір Тасеменович бейнелері арқылы өмірдің бар сұлулығы мен әсемдігін күйкі тіршіліктің ошағынан ғана іздейтін, соған әуес жандарды, көкірегінде сәулесі жоқ замандастарымыздың іс-әрекеттерін болмысы мен психологиясын нанымды суреттей білген. Гүлзада мен Темір Тасеменович үшін өмірдің сұлулығы мен жан рахаты жайлы пәтер, қымбат жиһаж, өктемдігіңді жүргізер биік мансап қана екендігі жаныңды күйзелтеді. Биік мансап пен байлықты парық санайтын Гүлзада өз жары Досболдың жан дүниесін, ішкі ой-әлемін, оның жақсылыққа, сұлулыққа іңкәр көңілін түсіне алмасы да анық. Сондықтан Гүлзадаға, оның ағасы Темір Тасеменович деген ағасына оқушы көңілінің де суып сала беруіне ешбір таңдануға болмайды.
Ал бұған керісінше повестегі әнші Махаббатқа деген сүйіспеншілігінің арта түсері бар. Өйткені, оның жан дүниесі мөлдір, тап-таза жүрек сыры әрқашан сыршыл ән болып естіліп жатады. Махаббаттың жан тазалығын, Досболға деген кіршіксіз де адал көңілі мен сезімін жазушы терең бір сүйіспеншілікпен баяндай білген. Досбол Махаббаттың жан дүниесінен өмір бойы өзі іздеп жүрген бір сұлулықты аңғарады. Сол сұлулыққа, сол бір сырлы сұлулықты бар жан дүниесі мен бітім болмысына жинақтай білген Махаббат суретші Досбол шабытының қайнар көзіне айналып жүре береді. Махаббат Досбол үшін ендігі арада мынау тіршіліктің, творчестволық шабыттың күш-қуатына айналады. Мұны Досболдың Махаббаттың бейнесін қыл қаламымен ақ қағазға түсіре білген сәтіндегі шабытты да қуанышты көңілінен де айқын аңғарар еді әрбір оқушы.
Адамдардың бәрі бірдей сұлулықты танып, түсіне білсе, онда мынау айдай әлемдегі пенделердің бірде-біреуінің жүрегін өкініш оты күйдірмес еді. Бірақ, өмірде олай болған ба?! Гүлзада да сол сұлулықты тани алмай Досбол салып жатқан Махаббаттың этюдтік суреттерін шашып аяғына басады. Оның бұл әрекеті Досбол үшін оның жүрегіндегі аяулысы Махаббатың, қасиетті өнерді қорлағандай, барлық сұлулық әлемін аяғына басқандай әсер етті. Досболдың Гүлзадаға деген көңілінің бірден суынып сала бергендігіне, одан безінгендігіне де кешіріммен қарайсың әрдайым.
«Махаббат әні» повесінде жазушы өз оқырманына мұңлы бір тәтті сыр шертеді де сол әуезді мұңының сарынын үзбей, шығарманы өмірден сыр ұқтырар терең бір толғаныспен аяқтаған. Жан күйзелісіне душар болған Досболдың машина апатына қазаға ұшырауы оқушы көңілін жабырқатады. Бірақ, Досболдың төс қалтасынан шыққан Махаббатқа жазып кеткен хатынан жаңағы жабырқау көңілің, жүдей қалған жан дүниең жаңа бір әсерлі қуанышқа, тәтті бір сезімге бөленері бар. «Жаныма сарқылмас қуат құйып, шабытыма қанат берген, аяулы Махаббатым, өмірде сенің барлығың қандай бақыт еді», – деген хат жолдары Досболдың ізгі жаны, мөлдір сезімі болып ойыңнан бір кетпейді әйтеуір. Мұны шығарма қуаттылығының әсері деу керек.
Сондай-ақ, осы кітапта жазушы Төлеген Қажыбаевтың әңгімелерінің де айтары мол әсерлі дүниелер екендігін айтуға тиістіміз. «Авгидің ат қорасы», «Жалғыз бауыр» әңгімелеріндегі өмірдің тамыр соғысынан бүгінгі адамдардың жан дүниесін, ішкі ой әлемін тани түсіп, «Айбозым», «Аза жыры» әңгімелерінде Біржан сал өмірінің трагедиясы нанымды әрі шебер суреттелген. «Әдебиеттің мақсаты – адамның өзін-өзі тани түсуіне көмектесу, өзіне деген сенімін молайту және ақиқатқа құштарлығын өршіту» – деген Максим Горькийдің пікірін еске алар болсақ, жазушы Төлеген Қажыбаевтың «Махаббат әні» кітабындағы дүниелер осы бір талаптарға біршама тәуір жауап берерлігін оқырман ретіндегі әділ де адал көңілмен пайымдауымыз керек. Өмірден сыр ұқтырар сыршыл дүниелер бола берсін дейміз.
(«Көкшетау правдасы» газеті, 20 желтоқсан 1989 жыл).
ІІ. Мұң бар екен, ағажан, жырларыңда!
Өзің жайлы жиі ойлаймын оңашада қалғанда,
Самғауменен қиял құсым топшысынан талғанда.
Сағыныштан сарғаюмен қамығатын шағым көп,
Жан көкешім, ерте үзіліп кеттің-ау деп арманда!
Жігіттіктің додасында намыс туын көтерген,
Жалықпапсың қайран әке, ел парызын өтеуден.
Қимасыңдай қызық шақтың той-думанын тарқатпай,
Сол бір апат кезікпесе өлең болып өтер ме ең?!
Маңдайыңды жатса дағы жалындаған от шарпып,
Сызды окопта отырдың ба туған елден сыр тартып.
Ақын жанды аңқылдаған кейпіңменен әлде сен,
Жаттың ба екен көк майсада көкірегіңнен күй шалқып.
Үйде қалған домбыраңның қос ішегіндей ширығып,
Тұрдың ба екен көкірегіңді намыс оты күйдіріп.
Басталмаған бір ән болып толқып әлде жүрдің бе,
Кеңащының бар аңғарын көкірегіңе сидырып…
Кешегі қан майданда опат болған әкені аңсап, аңыраған сенің шерлі көңіліңнің, сенің ақын көңіліңнің бұл мұңы мен бұл қасіреті менің де жаныма жақын еді, ақын аға! Біз екеуіміз туған ауылдың сол кең даласы – Кеңащыдан мәңгілік, әрі беймәлім әлемге қарай жол салған сол әкелердің соңынан қалған ізі, солардың туған елінің баурайында бүгінгі күні самғар үні болып қалдың, ақын аға!
Қалдың да, ет жүрегіңдегі сол арман әкелерге деген аяулы сағынышың шерлі көңіліңе аяулы бір мұң болып тұнды. Ет жүрегіңе мәңгілік орнап, жаныңды әлдилеп тербеген сол бір тәтті мұңнан, сол бір алапат сағыныштан туған жан сырыңды адам баласына аша алмай, адам баласына айта алмай жүрген балаң да бұлаң көкірегіңе қасиетті жыр келіп еді қонақтап. Сол бір сағыныш, сол бір мұң сені ақын етті де, осы бір аяулы қос сезім сонан бері сенің ақын жүрегіңнің күре тамырындай бірге соғып келеді әрдайым.
«Бейқам күліп өспеген соң өз басым,
Бос күлкіні ұнатпаймын бір түрлі», – деген ақын Мұқағалидың сыр әлемімен үндес сендегі мұң да көкірегіңді шайқап, әрдайым мұңға батып жүретін қыран қабақ кейпіңнен біреулер айтатындай «тұлданып» емес, мұң басып, мұңдалып отырар сәтіңде, сол бір қасиетті қос сезімнің тұңғиығына батып, мынау кең дүниенің адалдық үшін кейде тарыла кетер тарсаңдығын, ар-қасиет пен имандылықтың саудаға түсе бастағанын көріп жан дүниеңнің әлем тапырығы шығып, жан жүрегіңнің, ақын жүрегіңнің жылап отырғанын сезінер ме екенбіз, ұғынар ма екенбіз?!
Сағынышсыз өткен күнім далбаса,
Бақыттырақ болмас едім мен де аса.
Атар таңнан бір шапағат тостырған,
Іңкәрлік үміт–сағыныштарым болмаса,–
деп өз жанының, өз жүрек сырының сағыныштардан тұратындығын міне, осылайша айтып отырған ақын аға Төлеген Қажыбаевты сағыныш пен мұңның ақыны демей көр кәне!
Осы бір сыршыл көңілдің айтар сыры поэзия әлеміне жыр болып қосылғалы ол өзіне ғана тән ақындық үнмен танылып келеді. Мен ақын ағаның баспалардан неше кітап шығарғандығын тізбелемей-ақ, бір ауылдың түлегі ретінде, ұзақ жылдардан бері білетін, ұғуға, ұғынысуға, түйсініп, түсінісіп жүруге ұмтылып, өкшесін басып келе жатқан қаламгер інісі ретінде Төлеген поэзиясының бастау көзі, қуат көзі, өмірдегі, қасиетті жыр әлеміндегі кредосы жайлы сөз қозғауды, сыр шертуді өзімнің аға алдындағы парызым деп білдім. Бірақ та ақын жайлы сөйлеу және адал айту, оның айналасындағы адам баласына ақтарыла да, айта да бермейтін жан сырын оның өз жырларынан іздеп табу және де сондағы сырларынан ақынның өзін тану оңайға түспегені де бар. Өзімен сөйлесіп, өзімен пікірлесіп, суыртпақтап сыр тартсаң да, томаға тұйық мінезіне басып, еркін сөйлесе қоймайтын ақын ағаның өзін, оның жан сырын ұзақты түн ақтарған жыр кітабынан тапқанымды айтайын.
Ақыл айтар алдыңда,
Көсемсір адам мен емен.
Жалғандық айтып алдың ба,
Алып та болсаң елемен.
Алқалы топтың алдында,
Кездерім жоқ-ты есірген,
Жалғандау іске бардың ба,
Әкең де болса кешірмен!
Міне, бұл ақын Төлегеннің «Адалдық» деген өлеңіндегі айтар сыры–оның өзінің күнбе-күнгі тіршілікте ұстанған адамдық, азаматтық позициясы, «Жалғандау іске бардың ба, әкем де болсаң кешірмен»,–деп шындықты шыңнан құлатпау үшін өзін мерт қылуға әзір ақын ағаның адал да әділ бұл жан сырына тек тексіздер мен бетсіздер ғана шүбә келтіріп, дау айта алар-ау!
Төлеген Қажыбаевтың шығармаларын ой елегінен өткізіп, үзбей және қадағалап оқып отырсаңыз ақын ағаның ұлы Абайға көбірек жүгіне бастағандығын байқар едіңіз. Бұл ақын Төлегеннің тақырып таппай жүргендігі емес, бұл Төлеген ақындығының биіктей түскендігі деп ұғынуымыз керек. Ақын Төлеген Қажыбаевтың «Абайға жүгініс» деген өлеңін оқи отырып, «Мыңмен жалғыз алысқан» Абай дәуірінен бері қалмай келе жатқан мынау өмірдің қарама-қайшылықтары, жер басып жүрген адам баласының бүгінгі ұрпақтарының кей пиғылы, ең әуелі сезімі бар ақын жүрегіне ой түсіріп, жара салатындығын ұғындыра түсті.
Мансаппенен өлшедік кісілікті,
Дедік соның қашан да ісі мықты.
Пысықайлар иыққа мініп алды,
Қолы сумаң болғанда, көзі сұқты.
Бұлай деп отырған Абай емес, мұны айтып тұрған ақын Төлеген! Ал енді ұлы Абайдың:
«Ақылды деп, арлы деп, ақ бейіл деп,
Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп»
деген жыр жолдарын ақын Төлегеннің осы жырына қосып бірге оқи жөнелсеңіз, екі дәуірдің екі ақынның сыры мен мұңы, қайғысы мен уайымы бірігіп, бітісіп жүре беретін қасиеті бар. Бұл неліктен? Мұның сырын Төлегеннің: «жан емен жегенге тоқ, ішкенге мас» деп ұстанған өмірлік позициясынан іздеу керек. Ақын – өз қоғамының төл перзенті бола тұра, сол өмір сүріп отырған дәуірдің жалғандығы мен қиянатына, өз үнімен қарсы тұруымен, өз кезеңінің кесір-кесапатын тани білуімен, өз халқына, өз еліне өсиет айтуымен қасиетті болар бәлкім!
Теңдеспеспен теңестім,
Егеспеспен егестім.
Жыласаң бүгін жылап қал,
Абайдан әулие емеспін,–
деп адалынан сөйлеп Абайдың мұңымен шарпылып, Абайдың қасіретімен күңіреніп тұрған ақын Төлегеннің «Дариға жүрегі» міне, осыны ұғындырады маған.
Асылында азамат Төлегенді түсіну үшін, оның кім екендігін білу үшін оның поэзиясын оқу керек. Өзінің көп ашыла қоймайтын, тұйықтық мінезіне басып, оның өлеңдері де ішкі сырын бірден жайып сала бермейді. қайталап оқып, сол оқыған сайын оның айтар ойы мен ышқына шыққан жан даусын таныр едің «сәулең болса кеудеңде». Тегінде ақын болу үшін қасиетті бір сезім керек болса жүрекке, сол ақын жүрегінен шыққан жырды түсінуге де сезімтал да сергек көңіл керек болар-ау! Төлеген поэзиясынан тағы да бір ұғынғанымыз осы болды.
Қасиетті поэзияның қасиетті жүгін арқалап, бүгіндері ердің жасы елуге де келіп жеткен ақын аға Төлеген жырларының жылдар озған сайын сомданып, шыңдалып та, кемелдене түсер қасиеті бар. Бұл Төлеген ақынның өзіндік айтар ойы, өзіндік айтар сөзі бар екендігінен болса керек. Ақын аға жырларының әрдайым жаңғырып, келер күндерге жетер күш-қуатына да сенесің. Өйткені, ол жырлардың бастау көзі – ақын аға жүрегіне өмірдің өзі тұндырған Мұң мен Сағыныштарда жатыр.
Өз үнім, өз соқпағым қалсын деумен,
Өріме сүйреп келет бақ талабым, –
деп адал сырыңды, асқақ арманыңды жайып салып отырған ақын аға, жырлай бер әрдайым! Мұң мен сағыныштардан құралған біздің жүректер табысар әлі, табысар да бірін-бірі сағынар, ойлаумен, мұңаюмен өткен тіршіліктің қоңыр күйін біздер бірге, бірақ әрқайсымыз өзімізше айтармыз әлі. Ылайым тек сол бір күндерге жетейік, аға!
(«Көкшетау правдасы» газеті, 5 желтоқсан 1992 жыл).
Жабал ЕРҒАЛИЕВ.