Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қырандай ұшып, көкке өрлеген - АРҚА АЖАРЫ

Қырандай ұшып, көкке өрлеген

Тұрсынбек Кәкішев ағамыз Ақмола облысының  Бөрлі разъезінде дүниеге келген.  Бұл жер мен туып-өскен бұрын Сталин руднигі аталған, қазіргі Степногорск қаласы аумағындағы Ақсу кенішінен алыс емес. Бұланды, Ақкөл аудандарына қарайтын осы елді мекендер іргелес, аралас-құралас жатқан алқап.

Ол Қаратал ауылында сауатын ашты. Қазіргі өзі атындағы Даниловка поселкесіндегі мектепте оқуын жалғастырды, Ақмола (Астана) қаласындағы №3 орта мектепті аяқтады. Міне, содан соң әсем қала – Алматыға біржолата қоныс теуіп, қалған жетпіс жыл ғұмырын Алатау баурайындағы  гүл-гүл жайнаған осы шаһарда өткізді.
Ертеректе «Лениншіл жаста» («Жас Алаш») істеген, ал, сол кезде Ақмола облыстық «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») газетінде бөлім меңгерушісі (мен аға әдеби қызметші едім), кейін сол басылымда бас редактордың орынбасары болған Рамазан Ахметов «менің газетке келіп, журналист болуыма себепші болған Тұрсынбек  Кәкішев еді» деп  ризашылығын білдіріп отыратын. Әскен Нәбиев, Сайлау-бек Қожамсейітов, Әмірғали Нүркішев, Рафық Фазылов сияқты басқа да ақмолалық журналистер Тұрсекеңнің үлгі боларлық адамгершілік қасиеті, еңбекқорлығы, қара қылды қақ жаратын турашылдығы жайлы айтқан жылы пікірлерін талай естідім.
Сөйтіп жүргенде әскери қызметке шақырылып,  республикадан тыс жерде, сосын Жезқазқан, Шымкент өңірінде болып, кейін Ақмолаға (Астана) қайта оралып, зейнет демалысына шықтым. Бұдан соң бірер жыл облыстық тіл басқармасында істеген кезде (1994) әкімшіліктің нұсқауымен С.Сейфуллиннің 100 жылдық мерейтойы-на орай ақиық ақынның өмір жолы, шығармашылығы жайлы кітапша (брошюра) шығару қажет болды да, оны орындау маған жүктелді. Бұл еңбек жарық көріп, ақын тойына келген қонақтарға таратылды. Тұрсынбек ағамен алғаш кездесіп, аралас-құралас болуымыз осы кезден басталды. Мұның өзі Сәкен аруағының шапағаты шығар деп ойлаймын.
Академик-жазушы Сәбит Мұқанов, белгілі ғалымдар Есмағанбет Ысмайылов, Серік Қирабаевтан бастап, Нұрболат Жуа-нышбеков, Марат Әбсеметовке дейінгі аралықтағы талай оқымыстылардың зерттеу еңбектеріне себеп болған Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығы мен машақаты мол азапты өмір жолы туралы сөз болғанда Тұрсекеңді, Тұрсынбек Кәкішевті, айналып өте алмайсыз. Өйткені, ол шыққан асу тым жоғары, зәулім.
Жарты ғасырдан бері Сәкенді зерттеп жүрген Тұрсекеңнің дауылпаз ақын туралы кеңес заманында шыққан дүниелерін былай қойғанда, тәуелсіздік кезеңінің өзінде қаншама еңбектері  жарық көрді десеңізші! Бұрын айта алмаған бірқыдыру тың деректерді «Сәкен Сейфуллин» ғұмырнамасында баяндады. «Сәкеннің соты», «Сәкен және Гүлбаһрам», «Сәкен сүйген сұлулар», «Мағжан – Сәкен», «Сайыс» деген кітаптарда, ондаған сараптама мақалаларда бұрын белгісіз болған көп дүниелердің сыры ашылды.  Сәкен Сейфуллиннің «Қазығұрт» баспасынан 13 томдық шығармалар жинағын жалғыз өзі шығарды десе де болады. Сөйтіп, Сәкен арқылы өзі де биіктей түсті, қадір-қасиеті де молая берді.
Осы жылдар ішінде Тұрсекең ағаның  мерейтойларына, Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығы, өміріне байланысты ұйымдастырылған жиындардың көбіне қатыстым. Бұлар негізінен, ғылыми-тәжірибелік конференция, оқушылармен кездесу түрінде болатын. Сондай іс-шаралардың бірі ағамыздың 70 жылдығына орай, 1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен еді. Сонда оның құрдасы, әріптесі Зейнолла Қабдоловтың не дегенін қойын дәптеріме жазып алыппын. Оқып көрейік.
– Биік мақсатқа, атақ-дәрежеге жетудің жолы әртүрлі. Біреулер жан-жағына қарайлап, елеңдеп, жыландай жер бауырлап шығады. Енді біреулер алды-артына бұрылмай-ақ бірден алға ұмтылады, аспанға көтеріледі, самғай ұшады. Тұрсынбек Кәкішев қырандай ұшып, биікке көтерілген екінші топқа жатады. Тұрсекең бар өмірін арнаған әдебиеттану ғылымы бір-бірімен сабақтас, бір-бірінен ажырамас үш тармақтан – оның тарихынан, теориясынан және сынынан тұратындығын еске алсақ, соның соңғы буынын – қазақ әдебиетінің сынын өзі бастап, өзі өрбітті. Өйткені, әдебиет тарихы дегенде оның көш басындағы Бейсенбай Кенжебаевтың ізі жатса, теориясы дегенде Ахмет Байтұрсынов салған сара жол бар, ал, қазақ әдебиетінің сыны игерілмеген тың еді. Соны бір арнаға түсіріп ғылыми негізге келтірді. Қос қанатының бір жағына әдебиеттің сынын, екіншісіне Сәкенді артып, қазақ әдебиетінің төріне шықты.
Құрдасы, үзеңгілес әріптесі, жақын жолдасы академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың осынау салтанатты жиында Тұрсекең туралы айтқан пікірінің негізгі мазмұны осындай еді.
* * *
Қоғамдық өмірдің төрінен орын алып, ел-жұртқа танымал азаматтардың кейінгі ұрпақтың қамын жеп қажетті кезде оларға қол ұшын беріп, демеп жіберуі сияқты жақсы әдет бар.  Мұндай мысал өмірде аз емес. Ойлап қараңызшы. Мәселен, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин қазақ совет әдебиетінің классиктері болып төбеден түсе қалған жоқ қой.  Бұлардың талант көзін ашып, демеп-жебеген, қиын-қыстау кезде қамқоршы болып, үлкен әдебиетке жолын ашқан кім еді? Ол – Сәкен Сейфуллин!
Айталық, 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа  оқуға түскен Сәбит Мұқанов жатақханада, тамыр-таныстарында емес, Совнарком төрағасы Сәкен Сейфуллиннің үйінде жатады. Кейін Ғабит Мүсірепов те Сәкеннің араласуымен  рабфакқа түседі, Деевтегі 5-ші пәтерде Сәбитпен бірге  болады. Олардың ішінде Сәйділ Талжанов та бар. Ауылда жүрген Бейімбет Майлинді қояр да қоймай астанаға әдейі алдыртып, «Еңбекшіл қазақтың» жауапты хатшылығына бекітіп, болашағына  жол ашқан да Сәкен болатын.
Ғабиттің партияға өтуі керек еді (1924). Олай болса, ешкім білмейтін Мүсіреповке  кепілдік (рекомендация) беретін бес адам (оның екеуі революцияға дейінгі большевик болуы керек) аяқ астынан табыла қояр ма екен? Міне, сол кезде Совнарком төрағасы өзі бас болып Ғабитті қолынан жетектеп жүріп, Әліби Жанкелдин, Баймен Алманов сияқты ел ағаларымен таныстырады, қажетті құжаттарын жинап беруге тікелей араласады.
Сәкен шапағатын көргендер бұл үрдісті кейін жалғастыра түсті. Мәселен, Сәбит Мұқановты алыңыз. Бірде оған соғыстан елге оралған Әбдіжәміл Нұрпейісов келеді. Қолында оқушы дәптерінің он екі бетіне жазған «Курляндия» деген романы бар. Мән-жағдайды түсінген Сәбең ең алдымен автордың дүниесін оқып, ақыл-кеңес беруді тиісті адамдарға (Ғ.Мұстафин, Т.Нұртазин, т.б.)  тапсырады.  Главлит бастығына звондап, оған 11 килі қағаз бергізеді. «Мына жігіт роман жазып жатыр,  жағдай жасауыңызды өтінемін» деп Шалқар аупарткомының бірінші хатшысына хабар жолдайды. Бас-панасыз  вокзалда қонып жүрген соң алты бүлдіршініне қосып, жетінші баласы есебінде едәуір уақыт үйіне жатқызады. Соны еске алып, бүгінгі классик жазушы Әбекеңнің «мен үшін  күйіп-жанып, өзі ойланып, өзі кесіп-пішіп, бар істі тындырып жүрген Сәбең ағамыз екен.  Мұндай жақсылықты әкемнен де көрген емеспін», –  деп ағынан жарылуы тегін болмаса керек («Егемен Қазақстан», № 14-15, 19 қаңтар 2010 ж.). Сәбеңнің мұндай қамқорлығын көргендер аз емес, соның бірі – Тұрсынбек Кәкішев. Шынында,  жанкешті еңбегімен, табиғат берген дарын-қуатымен біраз биікке көтеріліп, ел абыройына бөлене білген Тұрсекең өзінің ұзақ ғұмырында, әсіресе, жастау кезеңінде, қол ұшын беріп, маңдайынан сипаған Сәбең сияқты ағаларын әрдайым ілтипатпен еске алып отыратын.
Аттестаттағы бағаларын көріп, «осыдан бірдеңе шығар» деген ниетпен оқу басталғанына бір ай болғанына қарамастан, КазГУ-ге емтихансыз қабылдап, қолма-қол жатақханаға орналастырған Қайыржан Бекқожин (қазақ журналистикасы саласындағы тұңғыш ғылым докторы) ағасының мұндай жақсылығын ұмытқан емес. Кезінде Ғабит Мүсіреповты қолынан жетектеп жүріп, партия қатарына өткізген Сәкен сияқты, қазақтың атақты фельетоншысы Сейділдә Төлешов университет бітірген бес жігітті, оның ішінде Тұрсекең де бар, бірден «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетіне қызметке орналастырғанын естен шығаруға болар ма?
Реті келген соң тағы бір-екі деректі тілге тиек етейік.
Елге жаны ашиды деген көптеген зия-лы қауым өкілдері қолынан іс келеді деген талантты жастарды алыстан  танып, олардың болашағына даңғыл жол аша білген. Мәселен, кезінде КазГУ-де дәріс оқи жүріп, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Қасым Шәріпов партиялық басшылықпен алдын ала келісіп, жеті студентті оқуларын бітірер-бітірместе бірден «СҚ»-ға  қызметке алған. Бұлар кейін қазақ журналистикасының төріне шыққан  Балғабек Қыдырбекұлы, Төлеубай Ыдырысов, Орақбай Смағұлов, Бекділдә Абдуллин, Әбдіраш Жәмішев, Әбілмәжін Жұмабаев, Пернебек Бейсенов еді.
КазГУ-де тапжылмай жарты ғасыр қызмет істеген уақытта Тұрсекең де талай жастардың ғылым жолына түсуіне қамқорлық жасағанын айта кеткен жөн. Бір кезде ол әдеби үйірмеге жетекшілік етіп сонда көзге түскен бір топ талантты студенттерді – Жанғара Дәдебаев, Серік Негимов, Болатжан Әбілқасымов, Балтабай Әбілғазиев – оқуын бітірген соң Оқу министрлігіне, Ұлттық академияға өзі ертіп апарып, олардың Алматыда қалып, тікелей ғылыммен айналысуына мұрындық болған. Мұндай жағдай кейін де қайталанған. Екінші бір дүркінде мәселелері шешілгендер – Құлбек Ергөбеков, Шәкір Ыбыраев, Бақытжан Майтанов, Анарбай Бұлдыбаев… Бұлардың бәрі қазір қазақ руханияты әлеміндегі танымал тұлғалар.
* * *
Тұрсекең жайлы айта берсек ақтарылар сыр көп, ол естелік бір бұл жолы ғана емес, талай рет сөз болар.  Қалай десек те:
Жеміс берген бәйтеректей күзде әсем,
Сендей аға таба алмаспын іздесем.
Өзі ғалым,
Сөзі жалын ағаға,
Жарасады Сен десем де, Сіз десем,–
деп Серік Тұрғынбекұлы жырға қосқан жайсаң жан, қадірлі ағамыз бүгін арамызда жоқ.
Оған да қырық күн болып қалыпты. Бірақ, артта одан  тәлім алған шәкірттері, ұрпағы, ағайын туыстары, қаламының ізі, том-том кітаптары,  шаңырағының, рухани байлығының шырақшысы болып Күләш жеңгеміз қалды, демек, оның ізі қалды, яғни, өзі де бар деп есептеп, жүрегімізге желеу етеміз, соларға Алладан ұзақ ғұмыр  тілейміз.
Тұрсекең ағамыздың рухы бізбен бірге бола бермек!

 

Амантай  КӘКЕН,
журналист-жазушы

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар