Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы Еуропалық аймақтық бюросының COVID-19 пандемиясының қазіргі жағдайы талқыланған басқосуына қатысып, қазір Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақталып, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермес үшін алдын алу шаралары жүргізіліп жатқандығын айтты.
– Бүгінгі күні көптеген ел, соның ішінде Қазақстан жаңа коронавирус инфекциясының таралуын болдырмас үшін, COVID-19-ға қарсы вакцина жасау жұмысын белсенді түрде жүргізіп жатыр», – деді жиында Ерлан Қиясов. Қазір клиникалық зерттеулердің III кезеңінде тұрған бірнеше вакцина бар. Қазақстан тарапы оларды жіті бақылап отыр. «Коронавирусқа қарсы алғашқы вакцинаны жасау мен тіркеудің сәтті тәжірибесін ескере отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресейдің тікелей инвестициялар қоры арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Оған сәйкес Ресей Федерациясы «Спутник V» вакцинасын Қазақстан аумағында өндіруге арналған технологиялық трансферді, кемінде 2 миллион доза вакцина өндіруге субстанция береді. Бұл мәселе ресейлік мамандармен егжей-тегжейлі пысықталуда», – деді вице-министр.
– Әлем елдерімен бірге қазақстандық ғалымдар да COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлеуде. Ол ДДСҰ тізіміне енген, клиникалық сынақтардан сәтті өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықтың қосымша әлеуметтік осал топтарын қоса алғанда, вакцинациялауға жататын азаматтар контингенті кеңейтіледі. Қазіргі уақытта КВИ-ға қарсы әзірленген вакциналардың ерекшеліктерін ескере отырып, жоспар дайындалуда. Осы жоспарға сәйкес КВИ-ға қарсы вакцинация жоспарлы профилактикалық екпені жүргізетін медициналық ұйымдардың қолданыстағы екпе кабинеттері базасында жасалады. Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялаудың басталғаны туралы халыққа клиникалық зерттеудің барлық кезеңдері аяқталып, вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы толық деректер нақтыланып, вакцинаны елге жеткізген күннен кейін хабарланады. «Бұл мәселеде халықаралық ұйымдар – ДДСҰ мен ЮНИСЕФ тарапынан әдістемелік қолдау күтеміз», – деді вице-министр. Кездесу соңында Е.Қиясов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросына және COVID-19-дың әлемде таралуына қарсы күресте және оны алдын алуда жетекші рөл атқарып отырғаны үшін ризашылығын білдірді. Еске салсақ, 22 желтоқсаннан бастап Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасы өндіріле бастайды. Алдын ала болжамға сәйкес, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 65 жастан асқан, жүрек-қан тамыры ауруы, қант диабеті және созылмалы өкпе аурулары бар тәуекел тобына кіретін адамдарға және медицина қызметкерлеріне салынатын болады. Вакцина алатындардың болжамды саны 2 347 000 адамды құрайды. Денсаулық сақтау министрлігі вакциналау – инфекциялық аурулардан қорғанудың тиімді әдісі екенін жеткізді. Қазақстандық ғалымдар 7 вакцина дайындау технологиясын жасады. Коронавирусқа қарсы вакцина салынатын тәуекел тобындағы адамдар айқындалды. Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина бағасы қанша болуы мүмкін екені де айтылды.