«Тілсіз жау» тұрғын үйді жалмамасын

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Манарбек Шапағатов журналистермен брифинг-сұхбатын өткізді. Онда өртке қарсы күрес қызметінің биылғы жылу мауысымында атқарып жатқан шаралары сараланып, бүгінгі күні қалыптасқан жағдайлар жайында кеңінен хабардар етілді.

    –Мен тұрғын үйлерге қатысты мәселелерге арнайы тоқталғым келеді,-деді М.Шапағатов. Өйткені, қолданылған шараларға қарамастан, мұнда жылу маусымында төтенше жағдайлар көбейе түседі. Мысалы, облыс аумағында 1 қыркүйек пен 12 жедтоқсан аралығында 224 өрт оқиғасы тіркеліп, 22 миллион 163 мың теңгенің материалдық шығыны келтірілді. Осыған орай, өрт саны былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 32, ал материалдық шығын 15,7 пайызға артып отыр. Көңілге демеулігі – адам шығынына жол берілмеді.

Келеңсіз жағдайлардың басты себебі ретінде тұрғындардың өрт қауіпсіздігі шараларына тиісті көңіл бөлмейтіні айтылды. Осының салдарынан 2019-2020 жылғы қысқы кезеңде 15 адам қайтыс болып, бес кісі жарақат алған. Бұл оқиғалар, әсіресе, азаматтардың әлеуметтік осал топтарында көбірек кездеседі екен. Бір мысал. Үстіміздегі жылғы 11 ақпанда Атбасар ауданындағы Покровка селосында жеке меншік үй өртеніп, уақытша жұмыс істемейтін екі адам мен 2016 жылы туған бала қаза тапқан. Баланың ата-анасы ішімдікке байланысты есепте тұрған. Мамандар өрттің шылым тартудан шыққанын анықтады.

Бір қызығы, 2020 жылдан бастап өрт бақылау мемлекеттік органдарына тұрғын үйлерді тексеруге тиым салынған. Соған қарамастан, Департамент тарапынан жылу маусымында тұрғын үйлер секторында мақсатты алдын алу-үгіт жұмыстары күн сайын жүргізілуде. Брифингте бүгінгі күні Департамент қызметкерлері жергілікті атқару органдары өкілдерінің, аудиторлық ұйымдар мен еріктілердің қатысуымен өрт қауіпсіздігіне қатысты 272617 адамды қамтитын 130466 үй ауласында түсінік жұмыстарын атқарғандығы айтылды. Шара барысында пештерді, газбаллон жабдықтарын және электр құралдарын дұрыс пайдаланбаудың 19327 дерегі тіркелген. Сонымен бірге, жеке сектордағы құрылыс жұмыстарында жылдам тұтанатын материалдар жиі қолданылатыны өрт қауіпін өршіте түспек. Тұрғындармен кездесу қайталанып тұрады. Бірақ, әлеуметтік осал топтағы арнайы тізімдегі жекелеген отбасылар ескертпелерден тиісті қорытынды шығармайтыны қынжылтады. Бұған дәлел ретінде екінші ескертпеден кейін де 2241 үйдің 1838-інде ешқандай жұмыс атқарылмағандығы алға тартылды.Қазіргі күні жергілікті атқарушы органдардың араласуымен осы санаттағы 364 үйдегі кемшіліктер жойылды.

Облыстық Департаменттің бастамасымен тұрғын үйлерге улы газ бен түтін шыққан кезде белгі беретін құрылғылар (датчиктер) орнатылыпты. Соңғы екі айда Степногрск қаласындағы екі үйде осындай құрылғы дабылы тіркеліп,6 адамның газбен улануының алды алынды. Жыл соңына дейін жергілікті әкімдіктердің көмегімен тағы да 1552 құрылғы пайдалануға берілмек.

Брифинг соңында Департамент бастығының орынбасары «Әр үйдің қауіпсіздігі сақталсын» акциясы өткізіліп, қысқы маусымдағы өрт қауіпсіздігінің тәртібі мен талабы кеңінен насихатталғандығын айтты. Сондай-ақ, М.Шапағатов мерекелік және Жаңа Жыл күндері атқарылатын алдын алу шаралары туралы хабардар етті.

Бақберген Амалбек,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар