Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауына «Ақ жол» партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы қабылданды.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, «Ақ жол» партиясының партиялық тізімінде 38 адам бар.
– Оның 14-і әйел және 29 жасқа толмаған адамдар. Яғни, бұл – тізімге енгізілгендердің жалпы санының 36,8 пайызын құрайды. Орталық сайлау комиссиясы уәкілетті органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар Конституцияның және «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына
сәйкес келеді, – деді отырыста А.Смағұлов.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері «2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауында «Ақ жол» партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады.