Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бес партия тізімдерін ұсынды - АРҚА АЖАРЫ

Бес партия тізімдерін ұсынды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов Ақмола облысы мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну және тіркеу қорытындылары туралы ақпарат берді.

Елімізде мәслихатқа сайлау алғаш рет партиялық тізімдер бойынша өтетіні белгілі. Мәслихаттардың сайлауын ұйымдастыру мен өткізуді аумақтық сайлау комиссиялары қамтамасыз етеді. Брифинг барысында Манарбек Сәдуов сайлауға дайындық негізгі күнтізбелік жоспар бойынша 2020 жылғы 13 қараша мен 4 желтоқсан аралығында жүргізілгенін, 2021 жылы 10 қаңтарда өтетін Қазақстан Республикасы мәслихаттарының сайлауына облысымыздан 5 саяси партия қатысатынын мәлімдеді. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «Адал» саяси партиясы, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы және Қазақстанның халық партиясынан облыс, қала және аудан мәслихаттарының депутаттығына партиялық тізімдер ұсынылған. Осылардың ішінде20 мәслихаттың барлығына тізімдерін ұсынған партиялар – «Nur Otan» партиясы  мен «Адал» саяси партиясы.Ал, «Ақ жол» – 13, «Ауыл» – 13 және Қазақстан халық партиясы 17 мәслихатқа тізім ұсынған.

–Облыстық мәслихатқа 5 партиядан 74 кандидат ұсынылды. Көкшетау мен Степногорск қалалары бойынша 72 кандидат бар. Аудандық мәслихаттарға 68 тізім ұсынылып, кандидаттардың саны 417-ні құрады.  Партиялық тізімдерге 662 кандидат енгізілді. Оның 48 пайызын әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастар құрайды. Облыс бойынша 254 мандат болса, осылардың барлығын есептегенде бір орынға екі адамнан келіп отыр. Бұл үлкен саяси науқанның белгісі және әйелдер мен жастардың еліміздің саяси өміріне қызығушылығының зор екенін көрсетеді, – деген облыстық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша,  мәслихат депутаттығына партиялық тізімдерді тіркеу қорытындысы бойынша барлығы 80 партиялық тізім тіркелген, оның ішінде «Ауыл» –44, «Nur Otan» – 495, «Адал» – 47, «Ақ жол» – 43, Қазақстан халық партиясы 30 кандидаттың тізімін берген. Облыстық сайлау комиссиясы ұсынылған 81 тізімнің біреуін ғана тіркеуден бас тартқан. Себебі,  құжаттары толық болмаған. Ол Қазақстан халық партиясы облыстық мәслихатқа ұсынған партиялық тізім болатын. Кандидаттардың аты-жөндері, тұрғылықты мекенжайы мен туған жылы туралы ақпарат облыстық сайлау комиссиясының сайтында жарияланған. 2020 жылдың 10 желтоқсанынан облысымыздағы барлық учаскелік сайлау комиссиялары сайлау науқанына дайындық жұмыстарына кірісті.

Облыс бойынша барлығы 722 сайлау учаскесі бар. «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» заңына сәйкес, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялардың әрбір учаскеге үш адамнан сенімді өкілдерін бекітуге құқықтары бар. 14 желтоқсанға дейінгі жағдай бойыншапартиялардан барлығы2300-ге жуықсенімді өкілдердің тізімі ұсынылған.

Сайлауға халықаралық бақылаушыларды қатыстыру еліміздің тәжірибесінде бұрыннан бар. Қазіргі таңда бақылаушылар Орталық сайлау комиссиясында тіркеуден өтуде. Ұзақ мерзімге келетін халықаралық бақылаушылар 15 желтоқсанда өңірлерде жұмыстарын бастайды. Брифингте облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Николай Политкин әрбір сайлаушы өзінің сайлау учаскесі жайлы ақпаратты әкімдіктердің және мәслихаттардың сайттарынан біле алатынын айтса, сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Баталов үстіміздегі айдың 21-інде облыс орталығында 5 саяси партияның қатысуымен дебат өткізілетінін хабарлады.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар