Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем» - АРҚА АЖАРЫ

«Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем»

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деп Абайша толғайтын болсақ, тілдің ұлт тағдырында алатын орны ерек екендігін анық байқаймыз. Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның ана тілдік қадір-қасиетіне қоса, мемлекеттік тіл екендігін барша қазақстандықтарға насихаттау мақсатында елімізде атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес.

Осыған орай, Көкшетау қаласындағы №2 орта мектеп-лицейінде мектептің оқу-тәрбие жоспарына сәйкес «Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем» тақырыбында қашықтықтан қазақ тілі мен әдебиеті апталығы өткізілді. Апталықтың мақсаты оқушылардың тіл сауаттылығымен қатар, сыни-ойлау қабілетіне, жан-жақты сауаттылығына назар аудару және өнерге қызығушылығын арттыру.
Апталықтың ашылуы «Zoom» платформасы арқылы оқушыларға бейнежазба көрсету және апталықтың жоспарымен таныстырудан басталды. Бейнежазба тіл құдіреті, тілдің ұлт тағдырында алар орны жайлы сөз қозғап, ұлылар сөздерінен бейнекөріністер көрсетілді.
3-сынып оқушылары арасында «Тілім менің тірегім, соғып тұрған жүрегім», 4-сынып оқушылары арасында «Тіл білгірлері» атты интеллектуалды сайыстары, 5-6 сынып оқушылары арасында «Мақал-мәтел – халық даналығы» атты «Полиглот» сайысы да жоғары деңгейде өтті.
Қазақ балалар әдебиетінде өзіндік өшпес із қалдырған ақиық ақын, бала жанының білгірі, көрнекті жазушы Сапарғали Бегалиннің 125 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі – Сапарғали Бегалин» тақырыбында 8-11 сынып оқушылары арасында онлайн конференциясы өткізілді. Балалар жазушы жайында мағлұмат бере отырып, оның өлеңдері мен шығармашылығы арқылы адалдыққа, адамгершілікке бойлаудың мән-мағынасына үңілді.
Конференция шымылдығы жазушының өмір жолы мен шығармашылығынан мағлұмат беретін бейнероликпен басталды. С.Бегалиннің көпшілікке танымал шығармалары, өмір жолы жайлы көптеген тың деректер мен ақпарат тыңдалды. Жазушының шығармашылығына арқау болған балалар тақырыбы, қазақтың біртуар ұлы, ғалым Ш.Уәлихановтың балалық шағы жайлы жазылған «Шоқан асулары» еңбегі, сол сияқты ұзақ шығармашылық жолында суреткер қаламынан туындаған жиырмадан астам поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, тоғыз пьеса, бір роман, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар жайында айтылып, оқушылар осы тұрғыда өздерінің білімдерін толықтырып, ойларын ортаға салды.
«Әрбір бала – бір жұлдыз, жарқырауына көмектес!» қағидасын ұстанған тәжірибелі ұстаздар: А.Жұманова, К.Тасмағанбетова, Қ.Есмағұлов, А.Қапбасова өткізген онлайн конференция көпшілік көңілінен шықты.
Конференция соңында ұйымдастырушы мұғалімдер мен мектебіміздің «Қазақ тілі мен әдебиеті» әдеби бірлестігінің жетекшісі Айжан Қапбасова қорытынды сөз сөйлеп, конференцияға қатысушыларға алғыс білдірді.
Бұл күні сонымен қатар, тағы бір балалар жазушысы, бір туындысымен көркем әдебиетте де, қазақ кино өнерінде де танымал бола білген, бір шығарма аясында бар баланың көңілінен де өшпес із қалдырған Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындысына арналған «Кім? Қашан? Қайда?» атты викториналық сұрақтар сайысы өткізілді. Әлемге Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» шығармасы қалай танымал болса, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы да әдеби шығарма түрінде болсын, көркем фильм нұсқасында болсын, әлемнің талай тіліне аударылып, сан ұлттың баласының санасына сіңгені анық. А.Нұрғалиева, К.Тасмағанбетова өткізген іс-шара барысында оқушылар көркем шығарманы қызыға оқып, әсерлі фильмді сүйсіне тамашалағандықтарын жауап беру барысында айқындап берді.
Тәжірибелі ұстаздарымыз онкүндіктің соңғы күні жоғары сынып оқушылары арасында «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!» атты эссе сайысын өткізді. Халқымыздың ұлы ақыны Абай атамыз айтып кеткендей, «Өмір» атты дүниенің табалдырығын аттағаннан кейін әр баланы ертең бұл өмірде өз орнын таба білуге ынталандыру мақсатында ұсынылған эссе заман талабына сай мазмұнды шықты. Болашаққа енді қадам басып, іргелі елдің ертеңі болуға аттанар жас талапкерлер өз эсселерінде өздерінің болашақ өмірін ел тағдырымен қалай байланыстырғысы келетіндігі жайында қалам тартып, келешекке деген арман-мақсаттарымен бөлісті. Өтіп бара жатқан жыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен де салмақты дейтін болсақ, оқушылар жазған жұмыстарында ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен мысалдар келтіріп, ойларын дәйекті тұжырымдағандары көрініп тұрды.
«Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем» тақырыбында өткізілген апталық мектебіміздегі мемлекеттік тілге деген құрметтің айқын көрінісі. Ұлт бар жерде – тіл бар. Ана тіліміздің мәртебесі әрдайым биік болсын!
Майра Тұрсынбаева,
Тұрсынгүл Қазыбаева,
Көкшетау қалалық №2 орта мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар