Ақпанда коронавирусқа қарсы вакцина  егу басталады

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен Ақмола облысына коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник – V» вакцинасының 100 мың дозасы бөлінетін болды. Ақпан айында алғашқы 4 мың доза жеткізіліп, ол бірінші кезекте індетті жұқтырып алу қаупі жоғары медицина қызметкерлері, педагогтар мен құқық қорғау органдарының мамандарына егіледі. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте белгілі болды.

Ақмола облысындағы коронавирус жұқпасына байланысты эпидемиологиялық жағдайға қатысты өткен брифингке облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін  бақылау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасы басшыларының орынбасарлары Серік Омарханов пен Нариман Сыздықов қатысты. Алдымен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау  қызметінің өкілі облыстағы ахуалға қатысты статистикалық мәліметтерге тоқталды. 24 желтоқсандағы жағдай бойынша облыста пандемия басталғалы лабораториялық жолмен анықталған 6803 оқиға тіркеліпті. Олардың 91 пайызы ересектер, қалғандары 14 жасқа дейінгі балалар. Бүгінге дейін өкінішке орай, аты жаман індет өңірдің 94 адамының өмірін қиған екен. Қазіргі таңда облыстың стационарларында 380 науқас коронавирустан ем қабылдап жатса, 482 адамға медициналық көмек амбулаторлы түрде көрсетілуде, яғни, алдын ала әзірленген төсек-орын қорының 38 пайызы ғана пайдаланылуда.

Соңғы аптада КВИ бойынша 404 оқиға тіркелсе, оның алдыңғы жұмасында 471-ге жетіпті. Індеттің таралу көрсеткіші 1,2 пайызға төмендеп, жағдай тұрақталуда. Өткен тәулікте 57 оқиға лабораторлық жолмен анықталды. Осылардың 28-і өз учаскелеріне жедел респираторлық жұқпалы инфекцияға шағымданып келгендер арасынан анықталса, 21-і індетке шалдыққандармен қарым-қатынаста болғандар, ал қалған 8-і кәсіби тексеріс кезінде белгілі болыпты. Контактіде болған 150 адам мониторингке алынған.

Індеттің көп тіркелген аймақтарына жекелей тоқталсақ, ең алдында Көкшетау қаласы тұр. Одан кейін Степногорск қаласы және Бурабай, Сандықтау аудандары.

Осы уақытқа дейін балалар арасында 201 оқиға тіркелген, оның 65-і дәстүрлі форматта оқитындар болса, 136-сы қашықтықтан білім алушылар. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде де 52 бүлдіршін мен 15 тәрбиеші індетке шалдығыпты. Оның басым бөлігі Көкшетау қаласында. Сонымен бірге, өңірде карантиндік шектеулер енгізіліп, мониторингтік топтар рейдтерге шығып, тексеріс жүргізіп жатқаны белгілі. Осы ретте, соңғы тоқсанда 7113  нысан тексеріліп, олардың 550-інде карантин талаптары бұзылғандығы анықталды.  Жергілікті полиция қызметкерлерінің мәліметінше, осы орайда 862 айыппұл салыныпты. Рейдтік іс-шаралар кезінде қоғамдық тамақтану орындары мен үйлерде  көпшілік іс-шаралар өткізудің 51 фактісі тіркеліпті.

Бұдан әрі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықов медициналық мекемелердің медициналық және техникалық құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі, медицина қызметкерлерінің үстемеақылары мен қайтыс болған дәрігерлердің әлеуметтік өтемақылары жайлы жан-жақты баяндап, келер жылдың ақпан айынан бастап, халықты ерікті негізде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинамен жаппай егу жүргізіле бастайтындығына назар аударды.

–22 желтоқсаннан бастап елімізде, нақты айтқанда, Қарағанды фармацевтикалық кешенінде «Спутник – V» вакцинасы өндіріле бастады. Келер 2021 жылдың ақпан айынан бастап жаппай вакцинациялау жүргізіледі. Алғашқы кезекте жоғарыда атап өткеніміздей, екпе ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтар мен құқық қорғау органдарының, әлеуметтік-медициналық мекемелердің контингентіне, сондай-ақ созылмалы аурулары бар қауіптілік топтарының өкілдеріне егіледі, –деді Нариман Ермекұлы.

Бұл орайда, біздің облысқа 100 мың доза вакцина бөлініп, алғашқы 4 мың доза ақпан айында жеткізіледі. Оларды сақтау үшін облыста әрқайсысының көлемі 1,48 текше метрді құрайтын 3 мұздатқыш құрал әзір тұр. Қазіргі таңда облыстық бюджеттен барлық медициналық мекемелерге мұздатқыш және оны тасымалдайтын құралдарды сатып алуға қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда.

«25 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында карантиндік шаралар қатаңдатыла ма?» деген БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалға спикерлер қолданыстағы қаулы бойынша көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын айтты. Яғни, Жаңа жылдық мерекелік таңертеңгіліктерді, отырыстарды ұйымдастыруға болмайды. Бұл қолданыстағы қаулыда да көрсетілген. Сондықтан, әзірге карантиндік шектеулер қатаңдатылмайды. Барлығы эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Сонымен бірге, ата-аналар балаларының көңілін көтеру үшін «Аяз атаны» үйге шақыруларына болады. Бірақ, «сақтықта қорлық жоқ»  демекші, рұқсат етілді екен демей, шақырылатын кейіпкерлердің ПТР тестісін сұраған абзал.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар