Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өнегелі ғұмыр жалғасы - АРҚА АЖАРЫ

Өнегелі ғұмыр жалғасы

Ақын-жыршы, жырау, журналист-жазушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, қазақ баспасөзінің белді өкілі Жұмабай Есекеевтің Көкшетау қаласындағы көп жылдар бойы тұрған үйінде орнатылған ескерткіш тақта осы бір жаны жайсаң, сан қырлы талант иесіне қайтыс болғаннан бері көрсетілген әріптестер құрметінің ең бір айшықтысы болды.

Бұл сауапты іс кезінде Жұмабай ағамен журналистика саласында бірге қызмет атқарып, жан жылуын сезінген үзеңгілес інілерінің өткенді құрметтеп, ескере білер азаматтық ұстанымдарының арқасында жүзеге асты. Мемлекет және қоғам қайраткері, «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев осы ескерткіш тақтаны орнатудың бастамашысы болса, белгілі жазушы-журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі, Жұмекеңнің жиені Байқал Байәділов демеушісі болғаны көңілге үлкен жылылық ұялатады.
Жұмабай Қабділмәжитұлы Есекеев 1939 жылы сал-серілер мекені Көкшетау аймағындағы Айыртау ауданының Егіндіағаш ауылында туған. 1963 жылы Қазақтың Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
Журналистік қызметімен қатар ұстанған өнерін ұштай жүріп, ол жетпісінші-сексенінші жылдарда айтыскерлік қырынан да таныла бастады. Жұмабай Есекеев сол жылдары Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, көкшелік белгілі айтыскер ақындар Мұса Асайыновпен, Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеевпен бірге жүріп, өкшелерін басып, тәлімін көріп, бірсыпыра облыстық, республикалық, республикааралық ақындар айтыстарына қатысқан.
Жұмабай аға өнерінің екінші бір қыры – жыршылық. Бұл өнермен де ол бала жасынан айналысып келді. Бала кезінде «Алпамыс», «Ер Тарғын» қиссаларынан үзінділер, кейінірек ел ішіндегі жыршылар дәстүрімен небір қиссалар мен дастандарды жырлады. Оның ішінде Көкшетау, Қызылжар төңірегіне белгілі Байсейіт жырау дәстүрімен Шығыстың көне «Мұңлық-Зарлық» дастанын өзіндік мақаммен жырлауға машықтанды. Бірнеше рет Алматы қаласындағы республикалық теледидарға шақырылып, Көкше еліндегі сал-серілік дәстүр, оның сабақтастығы туралы кеңінен әңгімелеп берді. Сөйтіп, қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Жұмабай Есекеев Көкшетау өңірінің ақын-жазушылары, айтыскерлері, сазгерлері және белгілі тарихи тұлғалары туралы танымдық деректі әңгімелер мен очерктер, повестер, эсселер жазып, «Айыртау арыстары» кітабын және «Кеудемнің көгала үйрегі» атты поэзиялық жыр жинағын, басқа да кітаптарын шығарды.
Міне, осындай өнер мен әдебиетте үлкен орны бар кесек тұлғаның ескерткіш тақтасын ашу рәсіміне асыл ағамыздың әріптестері, ағайын-тумалары, отбасы мүшелері жиналды.
Алғашқы сөз Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Уақыт Бейсенбаевқа беріліп, Жұмабай Есекеевтей дарын иесінің атына жылы лебіздер білдірілумен қатар, оның атын, өнегелі істерін ұмытпауды мақсат тұтқан әріптес іні-қарындастарына да алғыс сөздері айтылды. Одан кейін Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, журналист-жазушы Жабал Ерғалиев, Жұмабай ағаның туған жері Айыртаудан әдейі осы шараға қатысқан бажасы, 91 жастағы абыз ақсақал Айтмағанбет Дауылбаев, қазақ баспасөзінің ардагері Балталы Сәрсенбаев сөз алып, осы бір тұғырлы Көкше перзентінің үлгілі өмір жолына, соңында қалдырған ізі мен тағылымды істеріне тоқталды.
Қаланың нағыз орталығындағы көп қабатты еңселі үйдің қабырғасында көпшілік назарын аударып тұрған айшықты ескерткіш тақтаны ашу құрметі қала әкімінің орынбасары Уақыт Бейсенбаев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевке берілді. Салтанатты шараның соңында Жұмабай ағаның жары, баспасөз саласының ардагері Мәраш Рахымова сөз сөйлеп, аяулы жұбайын ескеріп жатқан қала басшылығы мен әріптестеріне жүрекжарды алғысын білдірді.
Еліне өнерімен қызмет еткен айтулы ағаларымыздың аты өшпейтіндігінің белгісіндей, абзал ағаның өзі ойлана қарап қалған ескерткіш тақтасы ендігі жерде бұл үйде кім тұрғанын қалың көпшілікке жақсы таныта түседі деп білеміз. Ерін ескерген азаматтардың осы бір игілікті ісі Жұмабай ағаның екінші ғұмыры болып жалғасатындығына да сөз жоқ.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар