«Білген адам білімді өмір бойы іздейді», деген Ахмед Иүгінеки. Университетіміздің студенттері білім алумен ғана шектеліп қалмай, өзін-өзі дамытуы үшін көптеген іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Оқу процессінде ғана емес, тәрбие саласында да өзіндік орны бар бұл шаралар әр студент үшін маңызды деп есептеймін.
Сондай маңызды жиындардың бірі – дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын елдік дәрістер. Жаңашылдықты жаны сүйетін, білімге құмар жастарға берері мол. Еліміздің әдебиеті мен тарихына зор үлесін қосқан небір беделді тарландармен еркін әңгіме жүріп отырады.
Кемеңгер ойшыл, ұлтымыздың тарихында ерекше орын алатын ұлы тұлға, ақын Абайдың туғанына – 175 жыл. Осы тұста, ақынның өмірі мен шығармашылығын кейінгі ұрпаққа насихаттау барысында көптеген іс-шаралар жүргізіліп отыр. Соның ішінде филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраевпен өткен кездесуді ерекше атап өткім келеді. Кездесудің тақырыбы: «Абайтанудың қазіргі мәселелері».
Кеште ұлтымыздың рухани байлығы – Абай мұрасы жайлы біршама пікірлер айтылды. Шығармаларынан көрініс тапқан философиялық, психологиялық ойларды Шәкір ағай білім алушыларға анық түсіндірді. Студенттер кемеңгерді жаңа тұсынан танып білді деп ерекше мақтаныш сезімімен айта аламыз. Университетіміз білімді де, талантты тұлғалардың білім ордасы адамгершілік пен тәрбиенің ордасы. ЕҰУ-де оқитын әр студенттің үлкен мүмкіндіктері бар. Ең бастысы, дұрыс бағытты таңдау және мақсатқа жету. Университетіміз білім алушыларды барлық жағынан дамыту мақсатында бар мүмкіндікті жасап отыр. Сондықтан, Еуразия ұлттық университетін білімнің қайнар бұлағы дер едім.
Жұлдыз Амантай,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
журналистика және саясаттану факультетінің «Көзқарас» клубының мүшесі.