Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Алдағы жылдың 10 қаңтарында өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауына байқаушылардың дайындығы» тақырыбында брифинг өтті.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына сәйкес, еліміздегі саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары сайлау комиссиясының отырысына қатысуға, дауыс беруге, соның ішінде үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға құқылы. Осы ретте, біздің облысымызда да сайлауға байқаушы ретінде қатысуға ниет білдіріп отырған қоғамдық ұйымдар баршылық. Солардың бірі – Ақмола облысының кәсіподақ орталығы. Брифинг барысында сөз алған орталық төрағасы Қали Рахметовтың айтуынша, 2020 жылдың 1 желтоқсанына дейінгі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы мен оның мүшелік ұйымдары атынан 5762 тәуелсіз байқаушы тіркелген. Олар еліміздегі 3726 сайлау учаскесінде дауыс беру барысын қадағалайтын болады. Сайлауды байқау жөніндегі облыстық кәсіподақ штабының құрамына салалық және жергілікті кәсіподақтарының өкілдері енген. Ақмола облысы бойынша кәсіподақтар қозғалысының атынан 191 сайлау учаскесінде 200 байқаушы сайлау процесіне қатыспақшы. Соның ішінде, Көкшетауда 56 кәсіподақ мүшесі 67 сайлау учаскесінде байқаушы болады.
«Ақмола облысының Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Зәкіриянов та алдағы сайлауға байқаушы ретінде қатысуға әзір екендіктерін жеткізді. Өткен айда қоғамдық бірлестік жанынан сайлауалды штаб құрылған. Штаб мүшелері аудандардағы 100-ден астам байқаушылармен сайлау туралы заңнаманы түсіндіру бойынша оқу-семинарлары мен тренингтерді өткізуде.Сонымен қатар, брифингте «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі облыстық филиалының төрайымы Ирина Терентьева журналистерге Азаматтық Альянстың байқау процесіне қалай қатысатыны туралы айтып берді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.