ЖЫЛДАР ОЗСА ДА ЕРЛІК ӨШПЕЙДІ, ЕР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Батыр Жәлел Қизатов

Мемлекетімізде Ұлы Отан соғысына қатысып, өшпес ерліктің үлгісін танытып, бейбіт өмірде ел игілігіне адал қызмет еткен тұлғаларымыз жетерлік. Солардың бірі Жәлел Қизатов еді. Соғыс және еңбек ардагерінің жуырда аталып өтілген 100 жылдығының құрметіне   еліміздің біртуар азаматы туралы мақалаларды жариялап отырмыз.

Еліміздің біртуар азаматы

Жәлел Қизатұлы 1920 жылдың 9 қазанында  Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы  Қарағай ауылында туған. Еңбек және  соғыс ардагері, қоғам қайраткері. Кеңес Одағының Батыры (15.1.1944). 1940 жылы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген соң, Қызыл Армия қатарына шақырылады. 1942 жылы кіші лейтенанттар курсын бітірген Қизатов 154-гвардиялық артиллерия полкінің взвод командирі қызметіне тағайындалады. Соғыс жылдары жоғары артиллерия  мектебін бітіреді.
Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысады. Ол  Одесса, Қырым, Сталинград, Белоруссия майдандарында, фашистермен шайқасты, батыр қалалар Одесса, Керчь, Сталинградты қорғауға, Украина, Белоруссия, Польшаны фашистерден азат етуге қатысты, Германия жерінде соғысты. 1944 жылы Днепр өзені үшін болған шайқаста көрсеткен асқан ерлігі үшін аға лейтенант Жәлел Қизатовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғысты майор дәрежесінде аяқтады Соғыстан соң әртүрлі салаларда жемісті еңбек еткен.
Жеңіс парадына екі рет қатысты. Ол бірнеше өлең, повестер, поэмалар мен әңгімелер жазған қаламгер. Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстық халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып сайланған. 2 рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы, 1,2-дәрежелі Отан соғысы, 3 рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Шын атым – Ғабдол-Жәлел

(«Өмір мен өлім» деректі повесінен үзінді)
Көкшетау мен Солтүстік Қазақстан об­лыстарының шекарасында Жалғызтау атты тау бар. Бұл атақты Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының атамекені. Таудың өңі­рі мен жотасын жапқан қалың қайың мен қарағай көз тұндырады. Қайыңның іші – шие, төңірегі – жидек. Көкше өлкесінде Жалғызтау – биік таудың бірі, көкке тиген төбесінен қысы-жазы бұлт кетпейді.
Осы таудың бір жотасына шығып, күн-батыс жағына көз тастасаң, теңіздей теңселіп жатқан Аяқкөл көлін көресің. Бұл – дөп-дөңгелек көлемді көл. Жағасы – жасыл шалғын мен қамыс қопасы. Ортасы – жалтырсу. Дөңестеу жерден қарасаң, орталай құйған қымызы бар сырлы аяқтан айнымайды. Ертедегі шешен де тапқыр бабаларымыздың көлдің атын Аяқкөл қоюының себебі де осыдан болуы керек.
Ол кезде қазақта туған баланы тіркейтін заң орны болмаған. Әкем балаларының атын, туған жылын және күнін «Қисасы үләнбия» кітабының бірінші бетіне жазып қояды екен. Мен туғанда, үлкендердің айтуына қарағанда, үш күн, үш түн ойын-сауық болыпты. Ауылдағы Фарди атты татар молдасы азан шақыртып, Ғабдол-Жәлел деп қойыпты. Бірақ ес білгелі өзімді «Ғабдол-Жәлел» деп атаған кісіні көргем жоқ. Туыстарым да, басқалар да қосалқы атымның бірінші жартысын алып тастап, тек «Жәлел» деп кеткен көрінеді.
Әкем Қизат Бекмағамбетұлы 1922 жылы 33 жасында қайтыс болған. Атам Бекмағам­бет пен шешем Жамал, басқа да туысқандардың айтуына қарағанда, Қизат орта бойлы, толық денелі, әдемі, ақсары өңді, бір аяғын сылтып басатын, ұрыс-жанжалда жұмысы жоқ, ашық мінезді, ақкөңіл адам болған сияқты. Әкемнен жастай қалсам да, жетімдік, жоқтық, қорлық көрмей өсуіме атам көп еңбек сіңірді. Есімді біліп, жақсылық-жамандықты айыра бастағанда атамның жасы 70-ті алқымдап қалған еді. Ел адамдары атамды Бекмағамбет пірәдар, кейбіреулері қысқартып Бекет пірәдар дейтін. Кең маңдайлы, ақсұр жалпақ бетін аппақ күміс сақал-мұрты жауып тұратын. Атқа қарғып мінетін, қартайғанша өте қуат­ты және пысық болып өтті.
Ол бертін келгенше аңшылығы мен саятшылығын бір тоқтатқан жоқ. Қасқырды бір қаққаннан қалдырмайды екен. Қасқыр қуатын жүйрік торысы, «Алақұс» дейтін қас­қыр алатын иті болған. Атын бәйгеге қосқанда бірінші-екінші болып келіп, бәйге әпер­мегенімен, қасқырды көргенде желдей есетін қасиеті бар екен. «Қасқырды екі қайтара ұрып көргенім жоқ», – дейтін атам. «Ме­нің барлық күшім қолымда, балам», – деп сөзін жалғастыра беретін.
Мен бала кезімде Үкілі Ыбырайдың өле­ңін тыңдап, оң тізесінде отырғаным бар. Молдекең де өлең айтқанда бір орында отыра алмай қозғалақтап, шайқалақтауы дәл сол Ыбырайға тартқан екен деп ойладым. Соңынан естіп-білсем, Молдахмет керемет суырыпсалма ақын, үлкен композитор Үкілі Ыбырайдың қасында көп жылдар жолдас болған аталас інісі екен. Бұл арада жалғыз ғана «Гәккуді» айтсақ, оның әні мен аңызы, келісімді сөздері қазақ өмірінде әлі салыстырымы жоқ туынды деуге болады. Ал, Молдахмет Тырбиұлы Ыбырайды естумен өскен, көптеген ақындармен айтысқан суырыпсалма, өлеңдері келісімді, әндері алты қырдан асатын керемет әнші, ақкөңіл адам екен.
Жәлел ҚИЗАТОВ.

Жолдастыққа берік еді…

Менің нағашым Жәлел Қиза­тов соғыстың алғашқы күн­дері­­нен алдыңғы шепте болып, Орел – Курс иініндегі шешуші ұрыстардың бірінде өзі құралып­тас қазақ жауынгерін кезіктіреді. Таныса келгенде, Ақмола облысындағы Атбасар ауданынан Ақан Құрманов деген азамат болып шығады. Күтпеген кездесу араларынан қыл өтпейтін дос­тыққа ұласады. Жәлел майдан даласында ерлікпен қаза тапқан есіл ерді өз қолымен арулап жер­лейді. Ақан Құрмановқа да Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
Нағашым кейін марқұмның ту­ған-туыстарын, ағайындарын арнайы іздеп барып, жолығады. Олар «Сіз жау­ға қарсы бірге атойлаған туысқанымыздың сыралғы қаруласысыз, ерлік істерін көрген куәгерлердің бірісіз. Өлең-жыр арнаңыз», – деп қолқа салады.Жұртшылықтың өтінішімен жазылған «Ақан батыр» поэ­масы:
Бауырым, досым еді, қымбат маған,
Екеуміз тізе қосып, шыңға аттанған.
Таңдалып сен қолбасшы назарына,
Ісіне түсі лайық сымбатты ағам, –
деген шумақпен бас­та­лып, қазақтың қайсар ұлының тайсалмай өлімге де қарсы буырқана шабатын, жаудан еш қаймықпайтын мінезін шабыттана жырға қосады.
Ұмытпасам, осыдан екі жыл бұрын Ақан Құрмановтың 100 жылдық мерейтойы Ақмола өңірінде кеңінен атап өтілді. Ұйымдастырушылар нағашымның көзі ретінде мені де шақырды. Қосбармақ ауылы батырдың есімімен аталады екен. Көне­көз қариялар 1957 жылы КСРО Жо­ғарғы Кеңесінің депутаты Жәлел Қизатов досының анасына сәлем бере келгенін қимастықпен еске алысты. Сол жолы кей­уанаға дұрыс зейнет­ақы тағайындалмағанын біліп, осы мәселемен қоса қызы Ғайни екеуіне үй-жай мәселесін де шешіп беріпті. Нағашымның ұсынысымен 1959 жылы марқұмның денесі жерленген жерге ескерткіш белгі қойылыпты.
Марат ОСПАНОВ,
Жәлел Қизатовтың жиені.
Сәкен Сейфуллин ауылы,
Зеренді ауданы.

Ұқсады отты жасынға

Кәкімбек САЛЫҚОВ.
Жәлелді көрдім жасымда,
Ауылға келген Есілден.
Ұқсады отты жасынға.
Ешқашан кетпес есімнен.

Отырды батыр қақ төрде,
Сыпайы күліп өрленбей.
Құбылыс біздей жас төлге,
Қобыландыны көргендей.

Басында шашы толқындап,
Желпінген талдай еседі.
Атамды отыр ол тыңдап,
Өмірді айтқан кешегі.

Көрінді атам қарлы күз,
Жас батыр гүлді көктемдей.
Сымбатты екен нұрлы жүз,
Қабағы ашық өткелдей.

Сөз алса атам тоқталып,
Ол айтты қызу майданды.
Ұшқыр сөз оқтай топталып,
Жаныма дәріс байланды.

Ертегіден білгендей,
Көзімнің алдын өрт етті.
Бір ұшқынын ілгендей,
Балдырған жүрек дір етті.

Маңында ел, жұрт қаулаған,
Тарқаттым мен де шерімді.
Теңізде көзді арбаған,
Межешам болып көрінді.

Ноқтаға басы сыймаған

Жерлесіміз Жәлел Қизатов ата­мыз – елжандылық қасиетімен ерекшеленген асқақ тұлғалардың бірі. Жастық жалыны еңбекте лаулаған жас жігіт өзіне тапсырылған іске жоғары жауапкершілікпен қарап, зор ынта-жігермен атқарды. Сол кездегі халық арасындағы сауатсыздықты жоюға белсене араласып, бастауыш білім беру бағдарламаларының жүзеге асуына зор үлесін қоса білді. Осылайша шыңдалу мектебінен өткен жас ұстаз ауылдастарының білімге деген сүйіспеншілік сезімін арттыруда аянып қалған жоқ. Өзінің терең білімімен, жоғары ұйымдастыру шеберлігімен, еңбекқорлығымен ерекше құрметке бөленді.
Жәлел Қизатовтың 1943 жылы Днепр өзені үшін өткен жан алып, жан беріскен жойқын шайқаста теңдесі жоқ ерлік көрсеткені үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болуы еліміздің шежірелі тарихи жылнамасына мәңгі жазылып қалғаны талассыз ақиқат. 1945 жылы жас офицер запасқа шы­ғып, туған еліне оралады. Елінде партия, кеңес және шаруашылық жұмыстарында қызмет атқарады. Соғыстан кейінгі жылдар кезеңінде оның жаңа қырлары ашыла түседі. Жоғары билік өкілдерінің тапсырмасына сәйкес өлкенің саяси-әлеуметтік дамуына бел шеше кіріседі. 1946-1947 жылдары Совет ауданы партия комитетінің хатшысы, 1947-1950 жылдары Ленин, 1952-1957 жылдары Булаев ауатком төрағасы болып қызмет атқарады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланады. Таман дивизиясы атындағы кеңшарды, Қарақоға элеваторын басқарады.
Соғыстан кейін Қазақстан аумағында да жұрттың аш құрсақ екені, тойып тамақ ішпейтіні анық байқалып тұратын. Солтүстік Қазақстан облысында егістік көлемі 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда 8,4, оның ішінде дәнді дақылдар алқабы – 15,8, ал, бидай себу 38,7 пайызға азайып кеткен болатын. Ел ішінде қуаңшылық белең алып, ауыл шаруашылығына үлкен қатер төнеді. Ауылда еңбек ететіндердің әлеуметтік жағдайы да, күнкөрісі де күрт қиындап кетеді. Ұжымшарларда әскери тәртіп орнатылып, адамдарға әділетсіз зорлық жасалады. Шексіз талаптарға мойынсұнбағандар қудалауға ұшырады.
Облыстық партия комитетінің 1948 жылы өткен ІІ пленумында сөйлеген сөзінде Ж.Қизатов ауыл шаруашылығының жағдайын сипаттай келіп, ащы шындықтарды жайып салады. «Біз 1947-1948 жылдары біраз жаңа трактор ал­дық. Бірақ, ол мүлдем жеткіліксіз. Ауыл шаруашылығы толық меха­никаланған жоқ. Әлі де болса күш-көліктің үлесі көп. Ауыл шаруашылығының мамандары, агрономдар облыс орталығында отырып қалған. Шаруашылық жайынан хабарсыз», – деді.
Атамыздың ойынша, аграрлық саясатты жүргізудің маңызды тетігі кеңшар басқармаларын дұрыс іріктеу және оларды міндетті жоспарларды жүзеге асыруға бағыттай білу еді. Сол кезде «кеңшарлардың мемлекетке астық тапсыру нормаларын орындау көбінесе басқармаларға байланысты еді» деген көзқарас үстем болды. Осылайша сөз жүзінде «өз жарғысы негізінде ұйымдасып, басқарылады» деп жарияланған ұжымдық шаруашылық демократиясы туралы қағиданы көпе-көрнеу аяққа басып, мемлекеттің кеңшарлардың ішкі ісіне орынсыз араласуы келеңсіз зардаптарға соқтырғанын Ж.Қизатов еш қаймықпастан өткір сынға алды. Басқарма төрағаларының жұмысшылар алдында есеп бермеуі, қаржыны, мүлікті және өндірілген өнімді өз бетімен, өз қалауынша ұстауы шаруашылықты жүргізуге кедергі келтірді. Кеңшар басшылары адамдардың тағдырын өз еркімен шешуге, тіпті тұрған жерінен басқа жаққа көшіруге дейін құзырлы болды. Еңбек-күнге берілетін астық, шаруалардың жеке табысының мөлшері де оларға тәуелдітұғын. Осындай көзге шыққан сүйелдей бадырайып тұрған кемшіліктерді сынап қана қоймай, алға қойған мақсатқа жетуге жігерлендіріп, тұйықтан шығудың жолдарын ұсынады. Мал шаруашылығын қиын жағдайдан құтқару үшін жемшөп базасын жасап, көпжылдық шөп өсіру және малды сумен қамтамасыз ету қажет деп, мәселені төтесінен қояды.
Ол өзінің атақ-даңқының саясын сағалаған жоқ. Тың игеру жылдарында да, одан кейінгі ауылдың қиыншылыққа толы тұр­мыс-тіршілігінде де сол баяғы майдандағыдай «жауып тұрған оқтан жалтарған емес». Ымыраға келіп, илікпейтін, әскери тік мінезді ол жоғарыдағылардың тарапынан талай рет сөгіс алды. Ол кездері әміршіл-әкімшіл жүйе нақақтан-нақақ қысым көрсетудің сылтау мен себебін оп-оңай табатын. Облыстық мемлекеттік архивте сақталған құжаттарда оның өмірбаянының кейбір тұстары көрнекті түрде баяндалған. Мысал ретінде айтатын болсақ, 1957 жылы Жәлел Қизатов сол кездегі қорғаныс министрі, маршал Г.К.Жуковты лауазымынан босату туралы КОКП ОК пленумының қазандағы шешіміне ашық қарсы шыққан. Бұл әре­кетіне «Тов. Кизатов продолжая антипартийные разговоры считал действия ЦК КПСС в части Жукова неправильными, а его освобождение не заслуженным», деген «баға» берілген. Бұлай бетке тіліп айтуға облыстық, республикалық, тіпті одақтық деңгейдегі басшының батылы жетпесі анық. Бұл жерде Ж.Қизатовтың майданда даңқты қолбасшының басшылығымен соғысуы ғана емес, шын мә­нінде жерлесіміздің ақыл-ой мен адамгершілік сезімін әрқашан биік ұстауында еді.

Өткен ғасырдың орта тұсында елде орын алған «жазалау, қуғын-сүргін тәртібі» жойылып, Сталиннің кезінде жазықсыз қудаланған жандарды жаппай ақтау шаралары жүріп жатты. Бірақ, қанша жер­ден жылымық жел ессе де, партиялық ортада “басы артық сөз сөйлеуге” болмайтын. Мәскеудегі кезекті мәжіліске басқа әріптесте­рімен бірге сапарға шыққан Ж.Қизатовтың пойыз купесінде болған «ашық сұхбаты» «жариялылықтың игілігі» десе де болады. Облыстық пар­тия комитетінің бюро отырысында нар тұлғалы батырдың партияға «қарсы тәртібі» арнайы талқыланып, «Тов. Кизатов …вел антипартийные разговоры, осуждающие решения Пленума ЦК КПСС по антипартийной группе Маленкова, Кагановича и Молотова, считая решения неправильными, а смещение их с занимаемых постов и вывод из состава ЦК и Президиума ЦК КПСС как необоснованное избиение видных работников», деген шешім қабылданады. «Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші және екінші хатшылары неге жергілікті жерден емес, «шеттен» әкелінеді? Неге коммунистер орталықтың өзі тағайындаған адамын сайлау үшін барлығы бірауыздан қолдап қол кө­тереді?», – деген секілді заңды әрі ұсыныс-пікірлері батырды бірден «ұлтшылдар» қатарына қосқаны сөзсіз. Осының өзінен-ақ Қизатов­тың қызмет жолының өрге баспа­уын түсінуге болады. Принципті азамат, дарынды басшының үстінен, оның ішінде, ең жоғары партия және совет басшылық сатыларына жолданған арыз-шағым түріндегі жала аз емес. Олардың бәріне есіл ер ісімен, адал ниетімен жауап берді. Өз есіміне қылау түсірместен өмірден таза күйінде өтті.

Сәуле МӘЛІКОВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар