Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын - АРҚА АЖАРЫ

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын

Қазақстан егемен ел атанып, дербес мемлекет болғаннан бері халық қамы үшін экономикалық және әлеуметтік салаларда бірталай шаруалар атқарылды. Бүгінде қазақ елінде өзінің Ата Заңы, Қарулы Күштері, әлем халқы танитын Елордасы, жалпы, ел болуы үшін не қажеттің барлығы бар. Күні кеше «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен әлі де көңіліміз толмай келе жатқан мәселелер жайлы ашық айтты. 

Мен Целиноград ауданының Қараөткел ауылында дүниеге келіп, сол өңірде ат жалын тартып өскен азаматпын. Бүгінде тарихшы, әдебиетшімін. Халқымыздың ұлы мұраты – ел тәуелсіздігіне қолымыз жеткелі Президентіміз айтып өткендей бірқатар ауқымды істер атқарылды. Өшкеніміз жанып, бұрмаланған тарихымыздың шындығын ұрпаққа еркін айта алатын жағдайға ие болдық. Жалпы, Целиноград ауданына келсек, бұл мекен Тәуелсіздіктің шарапатын көп көрді. Елордамыз оңтүстіктен Арқаға көшірілгеннен кейін, оның айналасындағы елді мекендерге де көп көңіл бөлініп, олардың да дамуына ерекше ден қойылды. Ауылдар бой көтеріп, ескілері жаңара түсті.

1986 жылы Желтоқсан оқиғасы орын алғаны белгілі. Бұл орайда, Қ.К.Тоқаев: «1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деді. Расымен, Сәбираларымыз бен Қайраттарымыздың ерлігі әлі де толық айтылып болған жоқ, әлі де зерттеулерді қажет етеді… Одан кейін 1989 жылы тіл мәселесі қозғалып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Сол кезде Целиноградта Саят Қамзебаев деген азамат әкім болды. Аудандық білім бөлімін басқарған Балкен Игімбаев екеуі бірлесіп, біраз істің басын қайырды. Құжаттардың қазақ тілінде жүргізілуіне назар аударды. Қазақ тілі қоғамдарын құрды. Жабылып қалуға шақ қалған ауылдар қайта жанданып, қазір үлкен ауылдарға айналды. Бұрынғы Ақмол, Қабанбай, Қосшы, Көктал жерлерінде бірыңғай орыс мектептері болған. Оларды қазақыландырып, қазақ мектептерін ашты. Сол ауылдар қазір үлкен округтер, халқы өте көп. Қазір оларда тіпті екі-екіден, үш-үштен қазақ мектептері салынды. Міне, бұл тәуелсіздіктің жарқын көрінісі, жемісі.

Бұрын аудан орталығы Көктал ауылы болатын. 2007 жылы Ақмолға ауыстырды. 2014 жылы аудан әкімі болып Мәлғаждар Тәткеев деген азамат тағайындалды. Ол аймақтағы көп істің басын қайырды. Кеңес дәуірі кезінде рұқсат етілмеген мешіт салынды, көптеп балабақшалар ашылды. Мемлекеттік те, жеке меншік те балабақшалар қазір жас отбасылардың балалары үшін кең сарайдай білім ордасы. Қазір 13 ауылдық округтың барлығында да қазақ балабақшалары бар. Аудан экономикалық-әлеуметтік жағынан жақсарды. Міне, бұл да тәуелсіздіктің жақсылығы. Қазақ ауылдары көркейіп, мәдениет ошақтары ашылды, бұзылып қалғандары қалпына келтірілді. Жаңажол, Қараөткелде жаңа ауылдар бой көтерді.

«Мәдени мұра», кейінгі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да ауданда өшкеніміз жаңғырып келеді. Осы тұрғыдан да бірталай жұмыстар атқарылды. Жамбыл Артықбаев деген тарихшы ғалымның бастауымен ұмыт қалған батырлар, би-шешендерді зерттеп, тану жұмыстары жүргізіліп жатыр. АЛЖИР мемориалдық кешенінен бастап, осы аймақта болған атақты билер, аға сұлтандар, батырлар зерттелуде. Қабірлері табылып, оларды қоршап, ұрпаққа өнеге етіп, жаңартып қойдық. Қабанбай батырға үлкен мемориал салынды. Целиноград ауданының өз басында Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов пен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіш мүсіндері орнатылды. Ауылдар мен көшелердің бұрынғы орысша аттарына қазақша атаулар берілді.

Целиноград ауданы 1928 жылы құрылған. Мұндағы елді мекендердің басым бөлігі Семеновка, Малиновка, Романовка секілді орысша атаумен аталып келді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазір барлығы нақтырақ айтқанда, 98 пайызы қазақшаландырылды. Әлі де Софиевка, Родина секілді бірді-екілі ауыл қалды. Соларды қазақшалау қиын болып отыр. Қазір сол жерлердің тарихы, бұрынғы атаулары зерттелуде.

Ауданда Ақмол ауылынан басқа, барлық елді мекендерде таза қазақ мектептері бар. Алдағы уақытта бір ретін тауып, аудан орталығында да таза қазақ мектебін ашқан жөн болар еді. Мұндағы халықтың 80 пайызынан астамының балалары қазақ сыныптарында білім алады. Әр адам өз туған жерінің патриоты, жанашыры болуы керек. Бізде 2005 жылға дейін табиғаты ерекше Жалаңашкөл деген жер болды. Экологиялық жағдайларға байланысты сол жер қазір суалып қалды. Бұрын дем алуға болатын әсем жерлердің бірі еді, соны қалпына келтірсе жақсы болар еді. Бұған ауданның қауқары жетпейтіні аян, дей тұрғанмен, республика көлемінде ескеріліп, қаржы бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Тәуелсіз мемлекетті айқындайтын ең негізгі тетіктердің бірі – оның мемлекеттік тілі. Алайда, тіл мәселесін қаншама патриот азаматтар көтеріп жатса да, мемлекет тарапынан оны дамыту ісіне әлі де көңіліміз толмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді» деді жоғарыда аталған мақаласында. Жалпы, Қазақстан бойынша тіл мәселесі өте өзекті. Биліктегі басшылардан бастап, тілді құрметтеп, мемлекеттік тілдерінде сөйлеулері керек. Басқа мемлекеттердегі басшылар өз тілдерінде сөйлесе, біз ғана орыстың тілінен арыла алмай отырмыз. Отыз жыл жырлап келеміз, бірақ, жағдай әлі де сол бәз баяғынша, қолданылу аясы тар, менсінбеушілік басым. Тіл мәселесіне, әсіресе басшылық тарапынан көп көңіл бөлінуі керек. Тәуелсіздігімізді айқындайтын жеріміз, шекарамыз бен заңымыз, халқымыз бар, дегенмен, тіліміз дұрыс жолға қойылса, қандай тамаша болар еді. Мақаламды:

–Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік. Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу, –деген Президенттің сөзімен аяқтағым келіп отыр.

Серік ҚАНАПИН,

Ақмол орта мектебінің

тарих пәнінің мұғалімі.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар