Ел Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласымен мұқият танысып, оң әсер алдым.
Ата-бабаларымыздың асыл арманы болған тәуелсіздігімізді қазақ халқының егемендігі, бостандығы үшін атақты батырларымыз, «Алаша Орда» үкіметі кезіндегі батыл тұлғаларымыз, желтоқсан оқиғасына қатысқан айбарлы боздақтарымыз жүргізген күрестің нәтижелері деп білеміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақаласында барша қазақстандықтарға ортақ байлығымыз – Тәуелсіздік деген ұлы құндылығымызды, оның қалыптасу тарихын қарапайым тілмен, терең мағынада түсіндіріп қана қоймай, оны әрі қарай нығайту, мемлекетімізді одан әрі дамыту жолдары жайында өз ойымен бөлісті.
Егемендігіміздің үштағаны ретінде байтақ жерімізді, тілімізді және береке-бірлігімізді белгілеп, оларды сақтау, қастерлеу, жастарды отансүйгіштікке, жасампаздыққа тәрбиелеу, тарихымызды тереңнен зерделеуді жалғастыру және тағы басқа да көптеген міндеттерді алдымызға қойды. Өкілетті органның өкілі болғандықтан, биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру, ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту бойынша көзделген шараларды өте қажет деп санаймын.
Осы мақаладағы Мемлекет басшысының азаматтарымыздың экологиямызға немқұрайлықпен қарайтындарына қатысты сыны, жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиістілігіміз, тәлім-тәрбиеден басталатын сөздері, бәрі де орынды айтылған.
Сөзімді қорыта кетсем, Мемлекет басшысының мақаласын толықтай қолдаймын. Тәуелсіздік деген ұлы құндылықты қабыл алып, бірлігіміз бен еңбегіміз арқылы тарих сынағынан сүрінбей өтіп келеміз. Сондықтан, осы Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білейік дегім келеді.
Қайрат Ауғалиев,
Зеренді аудандық
мәслихатының хатшысы.