Биылғы жылдың жазында Щучинск-Бурабай курорттық аймағында бірнеше жаңа туристік нысан қызметін бастайды. Абылай хан алаңында үш жүздің басын қосқан Абылай бабамызға арналған көрме ашылмақшы.
Бұдан бөлек, «Ақбура» кешенінің құрылысы жалғасуда. Нысан швецариялық туристік тәжірибені басшылыққа алады деп жоспарланған. Демалыс орнының алғашқы кезеңі алдағы туристік маусымда қолданысқа берілсе, жобаның төртінші кезеңін жүзеге асыру 2035 жылға дейін жалғасады. Бурабайда Абылай ханның өмір жолы мен арман-мұратына және тәуелсіз қазақ еліне арналған мультимедиялы-интерактивті парк ашылады. Нысан биылғы жылдың жаз айларында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұнда қазақ тарихымен және шежіресімен танысуға және Қазақстанның туристік аймақтарын самұрық құстың биігінен шолуға мүмкіндік бар. 2021 жылдың жазғы туристік маусымында «Ақбура» кешені де пайдалануға беріледі. «AQBURA Resort» Үлкен шабақты мен Теке көлдің жағасында 233 гектар аумақты алып жатыр. Жоба төрт кезеңнен тұрады. Нысан толық қуатына көшсе, 3 мың жаңа жұмыс орны ашылмақшы.
–Нысанды мамандармен қамту мәселесін де ойластырдық. Осы мақсатта Швейцариядан арнайы компания өкілдері келіп, жергілікті тұрғындарға алты ай бойы кәсіптік білім береді,–дейді «AQBURADEVELOPMENT» серіктестігінің директоры Сапар Бекайдаров.
Қазірдің өзінде демалыс орнына 4 миллиард теңге инвестиция тартылған. Нысан алғашқы кезеңде күніне 200 демалушыны қабылдайды деп күтілуде. Нысанның келесі даму кезеңдеріне қаржы салуға қызығушылық танытқан инвесторлар да бар. Алайда, нысанға апарар жолдың болмауы жобаның тартымдылығына кері әсер етіп отыр. Жол құрылысы биылғы жылдың мамыр айында басталмақшы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретте: Бурабайдағы «AQBURA Resort» демалыс аймағы жобасының бір көрінісі.