Құрылыс жұмыстарының сапасы ұдайы бақылауда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бауыржан Ерназаров басқарманың өткен жылдың 11 айындағы жұмыс қорытындысы жөнінде айтып берді.

Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өз құзыреті шегінде салынып жатқан объектілердің сапасына, құрылыс салушыларда қажетті жобалау және рұқсат беру құжаттамасының болуына, орындалатын құрылыс-монтаж жұмыстарының, қолданылатын құрылыс материалдары мен жабдықтарының бекітілген жобалау шешімдері мен мемлекеттік нормативтерге сәйкестігіне бақылауды жүзеге асырады, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында мемлекеттік қызметтер көрсетеді. Басқарманың жұмысы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы талаптардың бұзылуының, заңсыз құрылыс фактілерінің жолын кесуге бағытталған. Басқарма басшысы есептік кезеңде жоспардан тыс 11 тексеру жүргізілгенін тілге тиек етті.
–Жоспардан тыс 7 тексерудің нәтижелері бойынша актілер жасалып, тексерген субъектілердің атына анықталған бұзушылықтарды жою туралы бес нұсқаулық енгізілді. Өткен жылдың басынан бері біз сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнаманы бұзған тұлғаларға қатысты 318 әкімшілік іс қозғадық. Осы әкімшілік істер бойынша 39 430 474 теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды, оның 20 272 670 теңгесі өндірілді.Мәселен, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 316-бабының 1-бөлігі бойынша құрылысты жобалау құжаттамасынсыз немесе жобалау-сметалық құжаттамасынсыз жүзеге асырғаны үшін сараптамадан өтпеген 110 әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ, 463-баптың 1-бөлігі бойынша іс жүргізу шешімін қабылдау үшін 124 әкімшілік іс қозғалып, сот органдарына жіберілді. Әкімшілік істерді қарау қорытындысы бойынша 5 433 770 теңге айыппұл салды. Кодекстің 319-бабы бойынша «заңсыз құрылыс үшін» бір әкімшілік іс қозғалып, сотқа жіберілді. Оның нәтижелері бойынша заңсыз салынған құрылыс мәжбүрлеп бұзылды, әкімшілік айыппұл салынды. Салынып жатқан объектілерге мониторинг жүргізу барысында, сондай-ақ, жоспардан тыс тексерулер жүргізу кезінде мемлекеттік құрылыс инспекторлары сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік-құқықтық актілер нормаларының бұзылуын анықтайды, – деді басқарма басшысы.
Заң бұзушылар жобалау-сметалық құжаттама жасамайды, ол жөнінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын органдарға хабарламайды. Сондай-ақ, техникалық және авторлық қадағалаусыз объектілердің құрылысын жүргізе береді. Сөйтіп, бекітілген жобалау-сметалық құжаттамадан ауытқу жағдайларына жол беріледі. Техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын тұлғаларға қатысты жобаны іске асыру сатысында заң бұзушылыққа жол бергені үшін басқарма әкімшілік айыппұл салумен және сарапшылар аттестаттарының қолданысын 6 ай мерзімге тоқтата тұрумен 4 әкімшілік іс қозғады.
– Заңның 34-1-бабына сәйкес техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар ай сайынғы негізде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органына объект құрылысының жай-күйі мен барысы туралы есеп беруге міндетті. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізудің басталғаны туралы келіп түскен хабарламалар мониторингісінің нәтижелері бойынша басқарма қызметкерлері 90 құрылыс объектісін анықтады, техникалық қадағалаушылар бұл объектілер бойынша ай сайынғы есептерді уақытылы ұсынбай келген. Осы заң бұзушылықтар үшін басқарма Кодекстің 462-бабының 1-бөлігі бойынша 30 техникалық қадағалау сарапшысын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Өзге тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау және сертификатталмаған құрылыс материалдарын қолдану кезіндегі заң бұзушылықтар үшін 1 жобалау ұйымы және 8 мердігерлік ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кодекстің 322-бабы бойынша сәулет-құрылыс жобасы мен уәкілетті органның рұқсатынсыз тұрғын үйдегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды заңсыз қайта жабдықтағаны және қайта жоспарлағаны үшін 18 жеке тұлға жауапқа тартылды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні өткенге дейін тапсырыс берушінің Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамада белгіленген нормалар мен талаптарды сақтауы тұрғысынан салыстырып тексеру жүргізеді. Заң бұзушылықтар анықталған кезде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде бұл туралы тіркеуші органға жазбаша хабарлайды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік шараларын қолданады, – деген басқарма басшысы заң бұзған мердігерлер, лицензиялау және аттестаттау қызметінің нәтижелері жөнінде айтып берді. Брифинг соңында журналистер сауалына нақты жауап берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар