Екі аптаға локдаун жарияланды

Ақмола облысы бүгін төртінші күн «қызыл» аймақта. Осы орайда, облыс аумағында екі апталық локдаун жарияланды. Карантин талаптары бойынша қолданыстағы қаулыға өзгертулер енгізіліп, ол бүгін, яғни, 14 қаңтарға қараған түні 00:00-ден бастап күшіне енеді. Осы енгізілген шектеулер екі апта бойы сақталады. Бұл жөнінде облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте хабарлады.

Облыстың бас санитарлық дәрігері аймақта інденттің таралуы күшейіп бара жатқандығын ескертіп, карантиндік шектеу шаралары қатаңдатылғандығын айтты. Індеттің таралу географиясы жағынан Көкшетау қаласы алдыңғы орында. Одан кейін Степногорск қаласы, Бурабай, Сандықтау, Зеренді аудандары.
– Облыс шеңберінде алатын болсақ, бұл аудандар мен қалалар да «қызыл» аймақта. Індетті жұқтырушылардың эпидемиологиялық зерттеулерін қарасақ, 50 пайызынан астамы тұмау немесе жедел респираторлы жұқпаларға шағымданып, өз учаскелеріне дәрігерге көрінуге барғандар, яғни, ерікті түрде келушілер қатары артуда. Ал, науқастардың қырық пайызы контактіде болғандар тарапынан анықталған. Коронавирусқа шалдыққандардың 10-15 пайызының алдын алу скринингтер кезінде індетке ұшырағандары анықталған. Осы орайда, репродуктивті көрсеткіш 1-ді құрайды. Бұл эпидемиологиялық жағдайдың күшейіп бара жатқандығын білдіреді.
Індетке шалдыққандардың 40 пайыздан астамы 60 жастан асқан адамдар болса, 30 пайызы ұжымдардың қызметкерлері. Қарым-қатынас көп жерде індетке шалдығу фактілері де көбейетіндігі жасырын емес.
Бүгінгі таңда облыс стационарларында 455 науқас ем қабылдап жатса, 298 адам медициналық көмекті амбулаторлық түрде алып жатыр. Әзірленген төсек-орындардың 45 пайызы қолданыста. 3 мыңнан астам адам үй карантинінде. Оларды дәрігерлер бақылауда.
Облыста әкімдіктердің жандарынан ашылған 152 мобильдік топ жұмыс істейді. Олар осы уақытқа дейін 5 мыңнан астам нысанды тексеріп, 160-ында талаптардың бұзылғандығы анықталған. Соның ішінде көпшілік іс-шаралар өткізу бойынша 50-ден астам іс бар екен. Басым бөлігі Көкшетауда. Егер осындай жағдайлар қайталана берсе, нысан сот шешімі негізінде толығымен жабылып қалуы мүмкін. Сонымен қатар, жаңа жылдық корпоративтерді атап өтуге жағдай жасаған 11-ден астам нысан тіркеліпті. Олардың істері қазіргі уақытта құқық қорғау органдарында қаралуда,
Сонымен бірге, бас санитарлық дәрігердің мәліметінше, эпидзерттеулер кезінде науқастардың 30 пайызы сау-
да орталықтары мен сауда үйлерінде болғандығы анықталыпты. Олар – «Смолл», «Рубин», «Орталық базар», «Рио», «ЦУМ», «Кристалл» сауда орындары. Әсіресе, жаңа жыл кезінде барлық тұрғындар осындай жерлерде болып, қажеттерін сатып алып жүргендігі белгілі. Осы бір ығы-жығы кезде масканы дұрыс тағу режимі қадағаланып, әлеуметтік арақашықтық сақталып, тепловизорларды қадағалайтын адам болуы тиіс. Енді алдағы күндері әкімдікпен келісімді түрде аумағы 2 мың шаршы метрден асатын сауда орындарының тізімі жасалып, арнайы орындарда ілініп тұратын болады.
Шектеулерге тоқталсақ, демалыс күндерінде локдаун сақталады. Яғни, көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Ойын-сауық орталықтары жұмыс істемейді. Театрлар мен кинотеатрлардың жұмысын тоқтату сақталады. Қоғамдық тамақтандыру орындарында келушілер саны 30 адамнан аспауы тиіс. Бұған дейін қоғамдық тамақтану орындарына 50 адамға дейін рұқсат етілген болатын. Оларда арақашықтық сақталып, жұмыс уақыттары кешкі 20.00-ге дейін болады. Тамақты жеткізіп беру қызметі тәулік бойы жұмыс істейді. Жабық сауда-саттық орындары мен базарлар сенбі, жексенбі күндері жұмыс істемейді. Ауданы 2 мың шаршы метрден асатын сауда үйлері де сенбі, жексенбі жұмыс істемейді. Барлығының жұмыс уақыты 20.00-ге дейін.
–Мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметтерде қызметкерлер 80 пайызға дейін қашықтықтан жұмыс істеуге жіберілуі керек. Егер осыған дейін ұжымда шамамен 40 адам болса, оның 60 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге жіберілуі тиіс-ті. Енді талаптар күшейтілді, ұжымда 15 адамнан асса, оның 80 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге ауысулары тиіс. Бұның барлығы зерттеулер мен мониторингтер кезінде анықталған жағдайларға байланысты енгізіліп отыр, –деді Айнагүл Мусина.
Брифинг соңында бас санитарлық дәрігер кәсіпкерлер мен қарапайым халықты мас-
ка режимін, карантиндік талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Масканы дұрыс тағу қажеттігін ескертті. Алдағы уақытта сауда орындарында сатушылар маскаларын дұрыс тақпаса, қолғап кимей жүрсе, қатаң жазаланатыны айтылды. Термометрияны да қадағалайтын адамдардың тұруы тиіс, себебі, ыстығы көтерілген адамдар шығып жатса да, орталық ішіне емін еркін кіріп кететіні алаңдатып отыр. Жақындарымыздың жағдайын ойласақ, тиісті талаптарды сақтағанымыз абзал.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар