Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Ұлың болып,жырың болып қаламын!» - АРҚА АЖАРЫ

«Ұлың болып,жырың болып қаламын!»

Сайлау Қабыкенұлы Жылқыбаев 1958 жылы Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Бозтал ауылында туған. Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік педагогика институтының көркемсурет-графика факультетін бітіріп, көп жылдар ауылда ұстаздық қызмет еткен. 2003 жылы «Ауылдың үздік ұстазы-2003» облыстық байқауында «Гран-при», сол жылы осы аттас республикалық байқауда жүлделі екінші орынды жеңіп алған. Бірнеше мәрте облыстық, аймақтық, республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы атанды.
Өлеңдері «Жыр өзегі – елдік, тіл, рух» (Көкшетау, 2009 ж.), «Ерейменім – мерейлі елім, ән, жырым» (Астана 2009 ж.), «Шығыс шынары-III» («Тұран» Алматы 2013 ж.), «Бір мені балаушы еді бір тайпа елге» («Тұран» Алматы 2014 ж.) атты жинақтарға енді. 2010 жылы «Бозталда қалған қолтаңба», 2015 жылы «Құдіретпен тілдесу» деген атпен өлендер жинағын шығарды. 2012 жылы Өскемен қаласында өткен дәстүрлі «Шығыс шынары» Халықаралық мүшәйрасына қатысып, топтама өлеңдері осы аттас жинаққа енді.
2014 жылы Ерейментауда Алаш ұстанымы үшін құрбан болған Перуаш Кәрімұлының 100 жылдығына арналған республикалық мүшәйрада жүлделі екінші орынды иеленді. Өз өлеңдеріне графикалық иллюстрация-суреттер салумен және ән шығарумен де айналысады. Алпысқа тарта әндердің авторы. Гитарада сүйемелдеуімен біраз әндерін өзі орындайды. Туған жер және патриоттық тақырыптағы «Бөгенбай батыр», «Олжабай батыр», «Ерейментауым», «Баянауыл», «Біз біргеміз» секілді әндері мен лирикалық әндері ел ішіне кеңінен тараған. Қазір Ерейментау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады. Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі.

Ұлы Далам…
Ұлан ғайыр кең өлкем!

Ұлы Далам…
Ұлан ғайыр кең өлкем,
Мен де, өлемін,
Ғайып болып,
Сен өлсең.
…Ұлылықтың өлшемі боп, тұра бер,
Бір күндері келмеске мен жөнелсем.

Көз алдымда тұра берші, киелім,
Сенде қалар жаным, тәнім, сүйегім.
Саған ғана мұң шағамын, жабықсам,
Сені ғана, жан-тәніммен сүйемін.

Таңғажайып жыр-аңызды түнеткен,
Төскейіңнен кімдер көшіп, кім өткен?
…Сұр жебе кеп, қадалғандай дір еткен,
Соққан сайын тіршілікті жыр еткен.
Сырларыңды әр төбеңде сақтаулы,
Түсінемін мынау тылсым жүрекпен.

Баһадүр боп, шайқастарда жан қидым,
Шайырың боп, кеудеме жыр, ән жидым.
Бөрің болып жортып Айды бетке алып,
Қаңбағың боп, түзді кезіп қаңғимын.

Менің нәзік жанымды ұғып, тыңдаған,
Сағынышым, мұңдасым сен,
Мұң Далам.
Сенің қатал, құбылмалы мінезің,
Мені өмірге бейімдеген, шыңдаған.

Абыз Далам…
Данышпаным, ғұламам,
Алабыңда сүрініп те, құлағам.
Айналамда қалмай сол кез бір адам,
Сенен ғана рухыма күш сұрағам.

Көкшіл таулы, көгілдір көл, көрнектім,
Көз алдымда ғажап сурет, өрнексің.
Қос әлемнің ортасында-Жер, Көктің,
Неге, мәңгі, жоғалып мен өлмекпін…

Неге, мәңгі мөлдірейді «Құс жолы»,
Ұлы Далам, құшағыңа құшшы оны.
Жұлдыз жырым жауар сол сәт төсіңе,
Гүл көктемнен хабар жетіп қыс соңы.

Ұлан ғайыр, кең өлкелі алабым,
Саған әлі, талай теңеу табамын.
Ұлылықтың өлшемі боп тұра бер,
Сенің ғана ұлың болып қаламын,
Ұлың болып, жырың болып қаламын.
(Қазан, 2017 жыл).

Күншалғанға барғанда

Күншалған тау,
Жыр қонған тау,
Жыр мүсін,
Жыр боп, тұнып жүрегімде тұрмысың.
Жан сырымды өзіңменен бөліссем,
Көгіңе кеп, шыр айналар жыр құсым.

Күншалған тау,
Күй қонған тау күмбірлеп,
Хал-күйіңді кім сұрамақ…
Кім білмек?
Уысынан босатса егер, жетейін,
Өмір дейтін, дүбірлеткен бір дүрмек.

Күншалған тау,
Мұң шалған тау,
Мұнарлым,
Мұңға батып, шыңдарыңа шығармын.
Қияңда өскен кәрі қайың, абыздан,
Тіршіліктің тылсым сырын сұрармын.

Күншалған тау,
Сыр қалған тау басыңда,
Ойға батып Ақдің жатыр қасыңда.
Дүниеге жолаушылап бір соққан,
Қанша жанның ізі қалды тасыңда?

Күншалған тау,
Үн қалған тау тектіден,
Өз үнімді мен де, саған жеткізем.
Биігіңде табан тіреп тұрғаным,
Құдіреттің ұлылығы деп, білем.

Күншалған тау,
Ән қонған тау айналып,
Айналаңда тірлік тойы тойланып…
Мені баурап Ерейменнің келбеті,
Қалғандаймын саған мәңгі байланып.
Күншалған тау,
Күн шалған кез шыңыңды,
Саған айтам,
Саған шағам мұңымды.
Саған арнап осынау бір күнімді,
Жырға қиям ұйқысыз бір түнімді.
Ала кеттім жүрегіммен жылытып,
Сары күзде аяз ұрған гүліңді.
(26.10.2018 жыл).

Жүйріктерге

Арындап, алға шыққан Құлагердей,
Топ жарып, бас көтерсек, бұға бермей.
Тілеші, тілеуімді, ей, ағайын,
Бұққанға қанжарыңды сұға бермей.

Қарамай, ішті өртеген күйік, шерге,
Құс болып, Күнге ұмтылсақ, биіктерге.
Бауырым, қолың созып, демеп жібер,
Құласақ, қанатымыз күйіп жерге.

Ғаламат бір күш бітіп, жыр-қаламға,
Жырлап біз, тірлік әнін шырқағанда.
Замандас, жақын келіп, үніңді қос,
Қасыңда елің тыныш, жұрт аманда.

Қона алмай айдынына, көкте қазым,
Басымнан бағым ұшып, өтсе жазым.
Досым-ау, ол да, бір күн жоғалар хақ,
Жүректе жүрген реніш, өкпе, назың.

Жоғалар, бәрі де, өтер, жалған бәрі,
Бергені, пенделердің, алғандары.
Жүйрік пен, бәрі кетер, тарландары,
Азулы, бөрі тектес арландары.
Уақыттың жетегінде біз барамыз,
Көшіне мәңгіліктің жалғанғалы.
(04.02.2020 жыл).

Ерейменнің етегінде үш найза..

Ерейменнің етегінде,
Үш найза,
Үш найзаға қарап, толды,
Күш бойға.
Басын қосып, батырлары Үш Жүздің,
Ел қорғаған,
Сол бір дәуір түсті ойға.
Ерейменнің етегінде үш найза,
Үш найзаны құлататын күш қайда…
Көз алдыңда тұрса сесті үш қару,
Ой-қиялың құсқа айналып ұшпай ма?

Үш найза тұр…
Жүректегі үш сенім,
Бабалардың рухы қандай күшті едің…
Ел іргесі үш бөлек боп, бөлінбей,
Барша қазақ қан майданға түскенің.

Үш найза тұр…
Мызғымастық белгісі,
Ердің күші, емес пе ол, ел күші.
Қанжығалы Бөгенбайдай қолбасшы,
Бар қазаққа қорған болған, өр кісі.

Үш найза тұр…
Секілденген үш тағдыр,
Көсемдер де, қолға қару ұстап дүр,
Жалынды сөз, ұран тастап Үш Жүзге,
Жыраулардың кеудесінен ұшқан жыр.

Үш найза тұр…
Үмбетейден жыр тұнып…
Сөгілгенде, кіреукелер жыртылып,
Абыз баба мысын басқан дұшпанның,
Адуын жыр жүрегінде бұлқынып.

Үш найза тұр…
Сомдап соққан үш қырлы,
Толғап қалсаң, асатындай үш қырды.
Әйтеуір, сол, суық қару жүзінде,
Жүрегіңді дір еткізер, сұс тұрды.

Бұл арада өлмес рух бар, расында,
Бабалардың ізі қалған тасында.
Кім біледі, қарт Бөгенбай дамылдап,
Отырды ма, осы қырдың басында.

Кім біледі…
Етсе де елге иелік,
Жайсыз ойлар түйсігіне жиі еніп.
Қамын ойлап, ұрпағының Нар баба,
Тұрды ма екен, найзасына сүйеніп.
Кім біледі…
Ел біледі, ежелгі,
Елдік, ерлік сынға түскен кезеңді.
Үш найзаның астына кеп, бір сәтке,
Сол дәуірдің тынысын бір, сез енді.
Қайта оянып атойлаған жыр тағы,
Дүбірлетті тау мен дала, қырқаны.
Бүгін енді, Үш найзаны көтерді,
Кешегі өткен батырлардың ұрпағы.

Ерейменнің етегінде үш найза,
Үш найзаны құлататын күш қайда…
Рухын көріп асқақтаған Үш Жүздің,
Қаның тулап, толады екен күш бойға.
Ерейменнің етегінде үш найза!

Ереймен елінің қарттарына

Мазасыз жылдар…
Қызық пен қайғы,
Артта мұң.
Арқаға батар өмірдің жүгі артқаның.
Талайлы тағдыр азабын кейде тартқаның,
Көк бөрі мінез,
Жапанға сыймай жортқаның.
Ерейменіңнің бар шежіресін түгендеп,
Алшаңдай басып,
Жүрмісің аман, қарттарым.

Ақтара қалсақ,
Бойыңнан бәрі табылар,
Ақындар шерткен Даламның дастан, әні бар.
Құз-жартас сынды қайталанбайтын сәні бар,
Жүзіңде арай, мейірім, шуақ таңы бар.
Қатуланғанда арнаға сыймай кететін,
Батыр бабаңның тулаған ыстық қаны бар.

Сайын далада мелшиген қырат, шоқыдан,
Дәуірдің сырын сендерсің, ұғып, оқыған.
Келмеске кеткен күндерді жүрсің ұзатып,
Сағымға еріп, түз тағысындай жосыған.

Үстінде емес,
Астында жүріп ауырдың,
Ыстық пен суық,
Өтінде болдың дауылдың.
Жиырмасыншы,
Ғасырдың жайсаң жастары,
Нар жігіттері кешегі өткен дәуірдің.

Атадан қалған шопан таяғы қолыңда,
Жылқы да бағып,
Жүрдіңдер малдың соңында.
Темір тұлпардың нық ұстап қолда тізгінін,
Дала төсінде айырдың жердің тоңын да.

Ту қылып ұстап, өнер мен спорт, білімді,
Өнеге болдың, жас ұрпақ үшін бүгінгі.
Халқымның салт пен дәстүрін сыйлап, ұмытпай,

Қастерлей білдің, тар кезеңде де, тілімді.

Бозала таңнан бозторғайменен үндесіп,
Күнді батырып,
Жұлдызбен түнде тілдесіп.
Ұрпақтың қамы үшін деп, қызмет еттіңдер,
Алғы күндерге сеніммен қарап, күн кешіп.

Сендерді енді,
Қарттары дейміз, бұл күннің,
Қазынасы деп, бағалаймыз ел-жұртымның.
Тілеуін елдің,
Отырған тілеп,
Жүзіңнен,
Болашағы мен болмысын көрем ұлтымның.

Таулардай маңғаз,
Рухтары биік,
Өр кілең.
Жолынан таймас,
Таймайтын жандар, сертінен.
Ерейментаудың емендей мықты қарттары,
Өтіңдер аман, ғасырдың мынау дертінен.

Өтіңдер аман,
Киіп ап, сыйлы шекпенді,
Аппақ күмістен Қараша сыйын төкті енді,
Сағынта қозғап, жүректегі қыл, шектерді,
Қалықтап ақ қар тауларды келіп, өпкен -ді.
Талай белес пен қыр асқан менің, қарттарым,

Көрейік бірге келетін Ару Көктемді,
Аға деп, ерген,
Інілерің бар соңыңда,
Ізіңмен біз де,
Келеміз басып өкшеңді.

Сайлау Жылқыбаев

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар