Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өнеркәсіп қуаты артып, жаңа жобалармен толығып келеді - АРҚА АЖАРЫ

Өнеркәсіп қуаты артып, жаңа жобалармен толығып келеді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов өңірдің индустриялық дамуы жөнінде баяндап берді.

Басқарма басшысы алдымен, Мемлекет басшысының ел халқына арнаған Жолдауының Ақмола облысында жүзеге асырылу барысына, жетістіктер мен алдағы жоспарларға тоқталды. Мәселен, индустриялық сектор облыс экономикасының алдыңғы қатарлы саласы болып отыр. Оның жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 25 пайызға жетіпті. Облыстың индустриялық секторында 1226 кәсіпорын мен өндіріс орыны жұмыс істейді. Соңғы он жылда тауарлық өнім өндірісі 5 есе өсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі тұңғыш рет 1 триллион теңгені құрады. Өңірдің өңдеуші өнеркәсібі Қазақстан бойынша төртінші орында.
–Аграрлық облыс түрлі-түсті металлургия, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және құрылыс индустриясы тәрізді бағыттарды дамытудың үлкен әлеуетімен индустриялық-аграрлық болды. Қазақстан Республикасы тау-кен металлургиялық кешеніндегі құрамында алтыны бар кеннің әрбір екінші тоннасы, алтынның әр төртінші келісі Ақмола облысында өндіріледі. Еліміздің машина жасау саласында әр индустриялық подшипник, әр бесінші жүк автокөлігі, әр екінші арнайы мамандандырылған автокөлік, әр төртінші комбайн, әр екінші трактор Ақмола облысында өндіріледі. Құрылыс индустриясы саласында әр төртінші полипропилендік қап, әр жетінші керамикалық кірпіш, әр сегізінші тонна қиыршық тас біздің өңірде өндіріледі. Тамақ өнеркәсібі саласында әр 5 тонна құс пен ірі қара еті, әр өңделген сүттің 7 тоннасы, минералдық судың әр 13 литрі, сары және өсімдік майының әр 14 тоннасы Ақмола облысында өндіріледі,–деген басқарма басшысы өнеркәсіп пен өңдеуші секторға бағытталған негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 3 есе көбейгенін айтты. Мәселен, өткен жылдың он айының қорытындысы бойынша негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 336 миллиард теңгені құрапты. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 1,2 есе көп. Инвестиция көлемінің өсуі негізінен, өнеркәсіп саласында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына ықпал ететіні белгілі.
– 2010 жылдан бері 220 индустриялық жобалар жүзеге асырылып, жаңадан 12 мың жұмыс орны ашылды. Оның 89 жобасы индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. 2020 жылы барлық салада 120 жобаны жүзеге асырып, 2,7 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 28 жобасы өнеркәсіп және өңдеу саласында 1,3 мың жұмыс орнын ашуға бағытталған. Негізінен, бұл жобалар тамақ өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс индустриясы және қосалқы энергетика саласында іске қосылады. Атап айтқанда, бұл Аршалы ауданындағы жер паркі, Целиноград ауданындағы күн электр станциясы, Бұланды ауданындағы бройлерлік құс фабрикасы, Ерейментау ауданындағы жел электр станциясы, Бұланды ауданындағы өсімдік майын өндіретін зауыты,–деді басқарма басшысы. Жақын арада 61 ең маңызды жоба іске қосылып, 5,3 мың жұмыс орны ашылмақшы. Оның 44 жобасы өнеркәсіпте. Одан әрі басқарма басшысы жүзеге асырылатын осы жобалар жөнінде жеке-жеке атап өтті.
– 2020 жылы экспорттың жалпы көлемі 31,1 пайызға көбейді. Экспорт өнімдері әлемнің 26 елімен жөнелтіледі. Облыста экспорттаушылардың 50 компаниясы жұмыс істейді. Негізінен, подшипниктер, ұн, ет пен сүт өнімдері, тауық жұмыртқасы, өсімдік майы, сусындар, полиэтилен мен полипропилен қаптары, авиациялық және өзге де өнімдер экспортталады. Бүгінгі күні облыста импорт алмастыруды дамытудың 35 жобасы қолға алынды,–деген облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов әр жобаға жеке-жеке тоқталды. Брифинг соңында тілшілер сауалдарына толымды жауап берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар