Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жануарларға да жанашырлық керек - АРҚА АЖАРЫ

Жануарларға да жанашырлық керек

…Мейірімсіздіктен-ау, бәрі!.. Жүректе иманның жоқтығынан ба? Неге екені белгісіз, соңғы кезде жануарларды аяусыз өлтіріп, осы бір ісін мақтаныш көргендей әлеуметтік желіге салып жататындардың қарасы көбейген. Біз неге ұлы істермен мақтана алмаймыз? Жетімге қамқор, жесірге пана болған қазақтың ұрпағы қайда? Иә, рас, «Оң қолыңмен бергенді сол қолың көрмесін» деген сөз бар. Бұл да болса қарапайымдылықтың, ізгіліктің, қазақы тәрбиенің бір үлгісі. Қалай дегенмен де, мақтану жақсы қасиет емес. Ал, озбырлық әрекетті мақтаныш санау – надандық.

Батысқа еліктеп, жастарымыз азғындыққа, мәдениетсіздікке үйір болып жатыр деп дабыл қағамыз. Негізінде тәрбие тал бесіктен бастау алмай ма? Жан түршіктірер жағдайларға да көз үйреніп келеді. Көз үйренгенді былай қойғанда, жануарларды қорлап жатқандардың әрекетін қызыққа балап, күлкіге қарқ болып, тамашалап жатқандардың қылығы тіпті ерсі әрі қорқынышты. Бұрындары қала қазағы көшеде қараусыз ит қаңғып жүрсе, бала-шағаны қауып алады деп дабыл қағып, үрейленетін. Ендігі арада ит-мысық адамдардан қорқатын болар…
Аңыз әңгімелердің талайында ит адамның досы екені айтылады. Сүлеймен пайғамбардың жан-жануарлардың тілін білгенінің өзі неге тұрады?! Қамқорлық, мейірім, жылулық міне, осы бір абзал қасиеттер қазіргі таңда тапшы дүниеге айналып барады. Әйтпеген күнде, қоқыста шарана шырылдап, жәбір көргеннен қан-жоса жан-жануарлар болмас еді ғой…
Сөзіміз дәйексіз болмасын, бірнеше мысал келтіре кетейік. Өткен жылғы жаз айында адамдар бір-бірімен жануарларды қорлауда кім алға шығады деген жарыс ұйымдастырған сыңайлы. Былай деуімізге себеп, әлеуметтік желіде жануарларды қорлап, мазақ еткендердің бейнетаспалары бірінен соң бірі тарап кетті. Алдымен, Елордада бір қасқой төрт итті зорлады деген жантүршігерлік жағдай орын алды. Бұл хабардан соң іле Өскемен қаласында иттің басына шеге қаққан азамат ел сынына ілікті. Алматыда жаңа туған марғаудың көзіне, құлағына желім құйып тастаған балалардың әрекеті де көпке ой салғандай. Ал, видео арқылы тарамағаны қанша, кім білсін?! Және бір мысал, өткен жылдың мамыр айында Атырауда екі адамның көшедегі иттерді атқан видеосы кең талқыға түскен. Бір ғажабы зообелсенділер көшеде ит атқан адамдардың ветеринария станциясында жұмыс істейтіндіктерін анықтаған. Атыраудағы Еркіндала ауылының тұрғыны өз итін әуелі қылқындырып, кейін басын ескі тоңазытқыштың есігіне қысқан. Жіпке тізгендей бәрін саралап, жаза берсек, айтар оқиға аз емес. Алайда, мәселе сондай жантүршігерлік жағдайлардың көбейіп жатқандығында. Біз осы орайда, психолог мамандармен де тілдесіп көрдік. Олардың айтуынша, бұл сұраққа психологтардан гөрі психиатр мамандар егжей-тегжейлі жауап бере алады. Азина Сариқызы Ақмола облыстық алғашқы психикалық денсаулық орталығында учаскелік психиатр болып жұмыс істейді. Білікті маман сұхбат барысында қазіргі таңда атадан балаға мұра болған тәрбиеге селкеу түскендігін баса айтады.
Жануарларды ермек қылып азаптайтын адамдардың барлығында психологиялық ауытқу бар деген түсінік дұрыс емес. Әрбір адамның бойына біткен өз мінез- құлқы болады. Менің ойымша, барлығы да тәрбиеге байланысты. Соңғы кездері ата-аналардың басым көпшілігі жұмысбасты болып, бала тәрбиесіне аса мән бермейді. Балаларға бала деп қана қарайтын болдық. Алдына қалаған тамағын, ойыншығын әкеп берсек болғаны. Ал, оның болашақта қандай азамат болып қалыптасатыны туралы ойлап жатпайды жастар. Көңіл аударып, жан жылулығына бөлеу – ата-ананың негізгі міндеті екендігін ұмытып кетеміз кей сәтте. Кезінде ата-анамыз бізге кез-келген ситуацияны ақылмен жеткізіп, айғай-шусыз түсіндіруші еді ғой. Жауыздықтың түп тамыры тәрбиенің осалдығында, – дейді білікті маман.
Біз жоғарыда еліміздің өзге өңірлерінде болып жатқан жағдайларды тілге тиек еттік. Облыс орталығы Көкшетау қаласында да жаңа жылдың қарсаңында ветеринарлық инспекция қызметкерлері көшедегі қараусыз иттерді атып көзге түскен. Ақмола облыстық ветеринарлық инспекцияның қызметкерлері он жеті жасар қыздың жалбарынып өтінгеніне де қарамастан, үш итті көзінше атып тастаған. Басқарма қызметкерлері, соңғы кезде қала көшелерінде қаңғырған иттер көбейгенін баса айтады, бұл тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатқан шаралар дейді олар. «Өмір» орталығының үйлестірушісі Дана Жантемірованың айтуынша, жануарларға жанашырлық таныту азаматтықтың белгісі.
–Қараусыз жүрген үй жануарларына да қамқорлық қажет. Көшеде ел көзінше иттерді аяусыз өлтіру деген сұмдық нәрсе. Жылына мемлекеттен ит-мысықты атуға қаншама қаражат бөлінеді. Оның орнына оларға пана болатын бір үй болса деген ой көкейде тұрады. Өткен жылы волонтерлер жылы болып белгіленді. Көптеген волонтер қыз-жігіттердің көмегімен қаншама ізгі шаралар өткізілді. Облыс орталығында ашылған «ЛиС» волонтерлік қозғалысының қыз-жігіттері осындай қараусыз қалған ит-мысықтарды өз қамқорлықтарына алуда. Ал, жануарларды жауыздықпен өлтіріп, оларға жәбір көрсету азғындықтың бір белгісі. Қай кезде болсын, адамзат өмір үшін жауапты екендігін ұмытпауы керек деп ойлаймын! – дейді Дана Асадқызы.
Иә, Дана дұрыс айтады. Әлбетте, жануарларға да жанашырлық керек!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар