Бір шаңырақтың астында

Қазақстанда кәрістердің бесінші ұрпағы өмір сүреді. Кәрістер мен қазақтардың дәстүрі өте ұқсас. Екі халық та үлкендерді құрметтейді, отбасылық байланыстар мен ошақ жылуын қатты бағалайды. Сондықтан, Қазақстандағы кәрістер өздерін жайлы сезінеді. Қазақ және басқа да этностармен бейбітшілікте, келісімде өмір сүреді.

Қазіргі уақытта Ақмола облысында 1400-ден астам кәріс тұрады, оның ішінде Көкшетау қаласында – 338 адам бар. Олардың мәдениеті мен дәстүрін дамытумен биыл құрылғанына алты жыл толатын «Чинсон» кәріс этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі айналысады. Осыған байланысты мен орталықтың құрылуының бастауында тұрған, аймақтағы кәріс мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан өз елінің нағыз патриоты Чжен Моисейді құрметпен есіме аламын. Бұл істе оған оның серіктестері – В. Ю.Пак, Б.А.Ли, Е.Н.Ким, В.Я.Руднева-Цхай, Л.Н.Ким, Е.А.Мун, И.А.Мун, Ж.Н.Цой, А.А.Ли, Г.А.Син, А.П.Ню, В.В.Хан көмектесті.
Бүгінде «Чинсон» мәдени орталығы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ғимаратында жұмысын атқаруда. Мұнда кәріс халқының мәдениетімен танысуға болады. Орталықта халықтық қолданбалы өнердің көрме өнімдері орналастырылған, ұлттық костюмдер, халықтық музыкалық аспаптар қойылған. Мұнда іскерлік кездесулер мен жиналыстар, мерекелік шаралар өтеді. Корей тілі сыныбында тәжірибелі мұғалімнің жетекшілігімен 20-дан астам оқушы ана тілін үйренеді. Біз қазақ тіліне құрметпен қараймыз, ересектер оны түсінеді, ал, балалар мемлекеттік тілді мектепте оқиды.
Мәдени орталықтың жұмысын Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы үйлестіреді. Бүгінгі таңда орталық үшін ең өзекті мәселе пандемиямен байланысты кезеңде отбасыларға қолдау және көмек көрсету болып табылады. Өткен жылы Қазақстан кәрістері қауымдастығының басқармасы мен Қазақстандағы Корея Елшілігінен біз 200 бір реттік және 100 көп реттік маска, 50 пакет дәрумендер, латекс қолғап алдық, олар мұқтаж қала тұрғындарына таратылды. Оңтүстік Кореяның шетелдік кәрістерге көмек көрсету қорының қаржылай қолдауымен 70-тен астам отбасы азық-түлік себеттерін, балаларға арналған тәттілер, санитарлық гигиена заттарын алды. Өткен жылы қайырымдылық акциясы аясында орталық нашар көретін адамдар үшін ұлттық қолданбалы өнер, тұрмыстық заттар, ұлттық костюмдер көрмелерін таныстыра отырып, концерт ұйымдастырды.
Барлық этностар сияқты біз де ұлттық мерекелерімізді – Чусок пен Соллальды құрметтейміз. Чусок – егін жинау мерекесі. Бұл күні біз үлкендерге құрмет көрсетеміз, қарт адамдардың үйіне барамыз, оларға азық-түлік тауарларын, өз қолымен тігілген маскаларды, жеке гигиена заттарын табыс-
таймыз. Биыл ай күнтізбесі бойынша 12 ақпанда біз Соллаль мерекесін – жаңа жылды атап өтеміз. Мерекелік іс-шараны онлайн режимде өткізуді жоспарлап отырмыз.
Біздің орталық Көкшетау қаласында мемлекеттік және ұлттық мерекелер қарсаңында өтетін іс-шараларға белсенді қатысады. Еріктілер жылы орталықтың жас белсенділері Оксана Те және оның әпкесі Виктория Алматы қаласында өткен «Шексіздік шегі» атты ерікті жастар форумына қатысты.
2021 жыл – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Біз кәрістер осы жерде туып-өстік және өмір сүріп келеміз. Сондықтан, Қазақстанды өз болашағымызды байланыстыратын Отанымыз деп санаймыз және еліміздің гүлденуі үшін жұмыс істейміз.
Людмила ЛИМ,
«Чинсон» кәріс этномәдени орталығының төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар