НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов Азия даму банкінің басшылығымен вакцинопрофилактика бойынша серіктестік орнату мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрліктен мәлім еткендей, М.Шоранов Қазақстандағы Азия даму банкінің тұрақты өкілдігінің директоры Нариман Маннапбековпен және Орталық және Батыс Азия елдері бойынша Азия даму банкінің өкілдерімен кездесті. М.Шоранов Қазақстанда COVID-19 таралуының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, соның ішінде вакцинопрофилактика мәселелері туралы хабардар етті. Сондай-ақ ол АДБ-ға денсаулық сақтау жобалары бойынша тиімді ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін алғыс білдірді. АДБ осы ынтымақтастық аясында және коронавируспен күрес мақсатында аз қамтылған отбасыларды құрамында дәрі-дәрмек пен қорғаудың бастапқы медициналық құралдары бар қобдишалармен қамтамасыз етуге гранттық көмек көрсеткен. «1 ақпаннан Қазақстан Республикасында халықты жаппай коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация басталды. Бірінші кезекте ол инфекциялық стационарлардың, жедел медициналық жәрдемнің, сондай-ақ басқа да медицина қызметкерлерін қамтиды. Кейін вакцина көлемінің жеткіліктілігіне қарай вакциналанатын контингентті одан әрі кеңейте отырып, қатарға педагог, күш құрылымдарының қызметкерлері қосылатын болады. Бүгінде халықты коронавирустан қорғау, яғни КВИ бойынша қалыптасқан жағдайды жеңуге және карантинсіз әдеттегі өмірге оралу үшін вакцинациямен қамту өте маңызды», – деді М.Шоранов. Өз кезегінде Н.Маннапбеков АДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің қазіргі қызметі туралы бөлісті. Кездесу барысында АДБ қызметкерлері вакцинаға қол жеткізуге жәрдемдесудің Азия-Тынық мұхиты тетігін (Asia Pacific Vaccine access Facility, APVAX) таныстырды. APVAX дамушы мүше елдерге COVID-19 вакциналарын сатып алуға және жеткізуге қолдау көрсететін ресурстар пакеті мен механизмді ұсынады және 2 компоненттен тұрады: жедел әрекет ету компоненті және инвестициялық компонент. Вакцинамен алдын алу мәселелері бойынша шетелдік серіктестерді ынтымақтастыққа тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын ескере отырып тараптар Қазақстан Республикасының аталған APVAX тетігіне қатысу мүмкіндігін қарастыруға келісті.