Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақжанның ақ жолы - АРҚА АЖАРЫ

Ақжанның ақ жолы

Ақмола облыстық сотының ұйымдастыруымен тәуелсіз еліміздің сот жүйесін қалыптастыруға сүбелі үлесін қосқан, отыз жылдан астам сот саласында еңбек еткен Ақжан Ештайдың 60 жылдығына арнап шығарылған «Ақжанның ақ жолы» кітабының тұсаукесер шарасы өтті. Кітап Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың алғысөзімен ашылып отыр.

2017 жылы 56 жасында Алматы қалалық сотының төрағасы болып қызмет етіп жүрген кезінде дүниеден өткен Ақжан Ештай көзі тірі болса биылғы жылдың 5 ақпанында 60 жасқа толар еді.
Онлайн режимінде өткен шараға қала, аудандық соттардың судьялары, Ақжан Ештаймен қызметтес болған әріптестері, ардагерлер, ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір ашып жүргізген шараның беташары Ақжан Ештайдың еңбек жолы туралы бейнебаяннан басталды. Орта мектепті алтын медальмен, Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін қызыл дипломмен бітірген жас маман еңбек жолын бұрынғы Торғай облысының Амангелді ауданында бастап, 25 жасында облыстық соттың судьясы, 44 жасында Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы болды. Ол 2009-2013 жылдарда Ақмола облыстық сотының төрағасы болып істеді. Ол басқарған жылдарда облыстық сот ғимаратының алдынан қазақтың данагөй үш биінің еңселі ескерткіші бой көтеріп, сот тарихына арналған мұражай ашылды, майдангер судьяларға арналып ескерткіш-тақталар орнатылды. Адам тағдырын таразылайтын судья мамандығы білім мен біліктілікті ғана емес, қара қылды қақ жаратындай әділдікті, сабырлылықты, байыптылықты қажет ететін күрделі де қиын мамандық. Ақжан Жайлауханұлының бойында кәсіби судьяларға тән сондай қасиеттердің бәрі молынан табылатын. Содан болар, ол қай жерде қызмет етпесін, өз ортасында үлкен беделге ие болып, айналасындағылардың сый-құрметіне, сүйіспеншілігіне бөленіп жүрді. Бұл жайында осы шарада сөйлеген Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының кеңесшісі Нұрлан Қалқа, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, отставкадағы судья, облыстық соттың ардагерлер кеңесінің төрағасы Мейрам Ғибадилов, Қарағанды облыстық сотының судьясы Тотай Ерімбетов, «Көкше-Медиа» серіктестігінің директоры Жалғасбек Сүлейменов ақтарыла айтып берді. Ақжан Ештайдың жұбайы Айгүл Ештай мен қызы Динара Ештай осындай игі шараны ұйымдастырып, кітап шығаруға атсалысқан азаматтарға деген ақ алғысын білдірді.
«Ақжанның ақ жолы» кітабында мемлекет және қоғам қайраткері, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры, белгілі қаламгер Жабал Ерғалиев, Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір, Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов сияқты Ақжан Ештайды көрген, қызметтес болған адамдар ол туралы өздерінің естеліктері мен жүрекжарды тілектерін білдірген. Сондай-ақ, кітапта Ақжан Ештайдың әр жылдар баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары топтастырылған.
Қ.КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар