Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мақсатымыз – бір, міндетіміз – ортақ - АРҚА АЖАРЫ

Мақсатымыз – бір, міндетіміз – ортақ

Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен басқарушы аппараттың  тиімді жұмысын қамтамасыз ету бағытында елімізде бірқатар құқықтық реформалар жүргізіліп келеді.  Осы орайда, біздің  мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлықты тамырымен жою бағытында «Нұр Отан» партиясымен бірлесе атқарып келе жатқан жұмысымыз нәтижелі деуге болады.

Осы орайда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша Тәртіптік кеңесі  өз құзыреті аясында   мемлекеттік қызмет саласындағы бірегей саясатты жүргізу, аталған құрылымның сапалы кадрлармен толығуын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметшілердің жемқорлыққа қарсы ел заңнамасы мен Ар-намыс кодексін сақтауын жіті  назарда ұстауға бағытталған нақты шаралар легін қолға алуда.
Ал, Тәртіптік кеңес қызметінің негізгі бағыты − сыбайлас жемқорлықпен күрес десек, қателеспейміз.  Бүгінде бұл тек біздің агенттік пен құқық қорғау органдары ғана емес, жалпы қоғам бас қатыратын өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан да болар, аталған кеселмен күрес жалпымемлекеттік деңгейде жүзеге асырылуда. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың алдын алып,  оның барлық көріністерін мүмкіндігінше шектеу мақсатында біз  «Нұр Отан» партиясы қоғамдық және саяси күштермен бірлесе кешенді шараларды іске асырудамыз.  Жалпы, бұл қоғамдық дертпен күрестің негізгі үш тетігі бары белгілі. Олар – осыған жол берген жауапты тұлғаларды қылмыстық жазаға тарту, оның алдын алуға бағытталған үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және аталған лауазымды тұлғаға тәртіптік ескерту жасау. Бұл тәсілдердің ішіндегі жемқорлықтың алдын алуға бағытталған істе Президент Жарлығымен құрылған Тәртіптік кеңестер жұмысының  маңызы зор.
Бүгінгі таңда алқалық органдар санатындағы  осы кеңестердің    ашықтық,  тұрақтылық пен алдын алу бағыттары бойынша өз жұмыстарын үйлестіру арқылы сапалы қызмет атқарып келе жатқандығы белгілі.  Облысымыздағы Тәртіптік кеңес қызметі де осы үдеден шығуда десек, артық айтпаған болар едік.  Біз жыл басынан бері кеңестің 11 отырысын өткізіп, онда аса маңызды деген 45 мәселені қарадық. Ол отырыстарға  аудан әкімдері мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысып,  өз салалары бойынша жемқорлықпен күрестің жайы жөнінде есептер берді. 
Осы орайда, Тәртіптік кеңесте аталған мерзім ішінде қаралған 34 тәртіптік істің 30-ы сыбайлас жемқорлыққа байланысты болған еді. Қалған төртеуі ғана Ар-намыс кодексін сақтамаған мемлекеттік қызметшілерге қатысты қозғалды. Яғни, бұл  қоғамдағы осы жағымсыз  құбылыспен  күресті күшейту қажеттігін тағы да айқындап тұрғандай.  Аталған сөзімді нақтылай түсу үшін тағы бір дәйек айта кетейін.  Өз қызметіміздің бақылау функциясының аясында мемлекеттік қызметшілердің сала заңнамасын сақтауына қатысты 38 тексеріс жүргіздік. Соның екеуі ғана жоспарлы, қалғаны  азаматтардың өтініштері бойынша жүзеге асырылды. Бұл да ойланарлық жайт.
Жалпы, Тәртіптік кеңестің ұсынысы бо-йынша  27 мемлекеттік қызметші  тәртіптік жауапкершілікке тартылды.  Оның ішінде облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары және ондағы бас мамандар, аудан әкімдерінің орынбасарлары, қала, ауыл әкімдері мен мемлекеттік мекемелер директорлары бар.  Барлық іс бойынша аталған лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қолданылды.  Осындай маңызды істер қаралған кеңес отырыстарының республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өтуі де біздің жұмысымыздағы ашықтықты қамтамасыз етіп,  қоғам өкілдерінің билікке, ондағы әділдікке  деген  сенімін қалыптастыруға ықпал етуде.
Тәртіптік кеңес төрағасы аудандарға шығып, «Нұр Отан» партиясының  қоғамдық қабылдауларында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап тұрады.  Бұдан басқа бізде аймақтық және көшпелі семинарлар өткізу де дәстүрге айналған.  Мемлекеттік қызметшілердің біліктіліктерін арттыруға бағытталған осындай шараларды жуырда Бұланды, Бурабай, Еңбекшілдер, Жарқайың аудандарында ұйымдастырдық.  Осы орайда,  кеңестің партияның облыстық филиалымен бірлесе атқаратын жұмыстары да жетерлік. Филиалдағы жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясымен де тығыз байланыс-тамыз. «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  мен облыс әкімі аппаратының басшысы  да Тәртіптік кеңестің құрамына енеді.  Бұл да кеңес  жұмысының мән-маңызы мен оның беделін айқындай түсуде. Департамент басшылығы мен  оның жауапты қызметкерлері  партиядағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырыстарына қатысып,  жемқорлықтың алдын алу мен  мемлекеттік  қызметтерді көрсету сапасына қатысты  жайттардан хабардар етіп отырады.
Біздің заңдылық пен   қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған  үйлестіру кеңесімен байланысымыз да жолға қойылған.  Бұл жерде бізде тәртіптік істерді қарау жүйесінің жетілдірілгенін де ерекше атап өткен жөн.  Өңірде прокуратура,  Ұлттық қауіпсіздік комитеті,  ішкі істер органдары  және тәртіптік кеңес мүшелерінен құралған  жұмыс тобының  да ісі аз нәтиже беріп отырған жоқ.  Департамент алдағы  уақытта да  сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл іс-қимыл танытып, қауіпті кеселмен күреске бағытталған барлық тетіктерді қолдануға мүдделі. Біз осы кешенді шаралар халықтың билікке деген сенімін күшейтуге игі  ықпал етеді деген ойдамыз.
Олжас НЫШАНБАЕВ,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаменті
басшысының міндетін атқарушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар