Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялады. Бұл балалар тақырыбына жазатын қаламгерлерге ерекше күш-жігер беретін бұрын-соңды болмаған игі бастама. Осыған орай, облыс орталығының іргесіндегі Краснояр қалалық кітапханасында Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, балалар ақыны Қайырбай Төреғожамен «Көкшетау қаламгері» атты кездесу кеші болып өтті.
Балалар әдебиеті сөз өнерінің арналы бір саласы. Кез-келген халықтың әдебиетінің өзі осы балалар әдебиетінен басталады. Әдебиеттің бұл түріне жататын шығармалардың оқиғасы балалар жанына жақын, қызықты да тартымды, тілі жеңіл, көркем, түсінікті де айқын әрі әсерлі болуы тиіс. Бұрынғыдан молайып келе жатқанымен, елімізде әлі де болса, балаларға арналған әдебиет түрлері көп деп айта алмаймыз.
Өйткені, балаларға арнап шығарма жазу оңай емес. Кез-келген қаламгер бұл қадамға бара алмайды. Себебі, бұған балалар жанын, ойын әріден түсініп, ұғатын өзгеше бір қабілет керек. Сондай өзіндік бір күрделілігіне қарамастан, балалар әдебиеті қашанда үлкендер әдебиетінің көлеңкесінде қалып жататыны жасырын емес.
Осыны түсінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 5 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тәуелсіз еліміз үшін мемлекеттік тілдің маңызын айта келіп, «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шет ел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары» деп тектен-тек атап көрсетпегені белгілі. Бұл орайда биылғы жыл нақ осылай «Балалар әдебиетін қолдау жылы» деп жарияланып отырғаны бізді, кітапхана қызметкерлерін де қуантады.
Олай болса, шынымен де «балалар әдебиетінің бүгінгі жай-күйі қалай немесе біздің өңірімізде осы тақырыпта кімдер қалам тербеп жүр?» дегенге келер болсақ, қаламы қарымды журналист, ақын-жазушы Қайырбай Зейноллаұлы Төреғожаны алдыңғы қатарда атап өтер едік. Оның бала тілімен мектеп оқушыларына, бала бақша тәрбиеленушілеріне арнап жазған өлеңдері біздің өңірімізден балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес деп айтар едік. Оған ақын өлеңдерінің көптеген республикалық мерзімдік басылымдарда, атап айтқанда, «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен», «Жыл он екі ай», тағы басқа газет-журналдарда жарық көріп, 2014 жылы 4 сыныптың әдебиет оқулығына енгенін айтар едік.
Осылайша ақын өлеңдері жас ұрпақты Отанын, елін сүюге, үлкенді сыйлауға, ізгілік пен мейірімге, патриоттық сезімге баулумен келеді. Қаламгердің балаларға арналған «Арайым-Айым», «Қызыл алма», «Менің әріптерім», 2020 жылы облыс әкімінің демеушілігімен жарық көрген «Көкжиек» атты кітаптары соның айқын айғағы. Бұл басылымдардағы басты ерекшелік, қолына жас бүлдіршіндердің жан дүниесін, жас ерекшеліктерін ескеріп барып қалам алғандығында.
Кеш барысында Қайырбай Зейноллаұлы жиналған бүлдіршіндердің «Алғашқы оқыған кітабыңыз есіңізде ме?», «Ең алғашқы өлеңіңізді қай сыныпта жаздыңыз?», «Бала кезіңізде кітап оқуға қалай қарадыңыз?» деген сияқты көптеген сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, автордың «Ақбота» өлеңін Кәусар Азат, «Шығу керек сенімнен» өлеңін Элмира Ұзақбатыр жатқа оқыса, балалар ақынының өзі де соңғы кітабынан бір топ өлеңдерін мәнерлеп оқып беріп, балаларға жыр базарлығын ұсынды.
Кітапхананың жас маманы Нұрлан Қыстаубай жүргізіп отырған әсерлі кештің соңында қонағымыз бірнеше кітабын кітапханаға сыйға тартты. Сөйтіп, алғы күнге талпынған балалар үшін бұл кештің мәні зор болды.
Әлия БӘЙТЕНОВА,
Краснояр қалалық кітапханасының меңгерушісі.