Шәкәрім қажы дәстүрлі діндер туралы

Ұлы Абайдың көзін көріп, тәлімін алған шәкірттерінің бірі және туыс інісі болған Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы ақын, аудармашы, дінтанушы, пәлсапашы ғұлама адам болған. Шәкәрімнің әкесі Абайдың ағасы Құдайберді ертерек қайтыс болады да, ол Абайдың тәрбиесінде болады. Ол ұлы данышпаннан сол заманғы озық ілім салаларын үйреніп, өзі де сегіз қырлы, бір сырлы дейтіндей нағыз данышпан ғұлама болып қалыптасады.

Шәкәрім Құдайбердіұлының сан салалы терең мәнді еңбектеріне талдау жасау ойымызда жоқ, әңгімеміз оның дін тақырыбына арнап жазған жалғыз өлеңі төңірегінде болмақ. Шәкәрім қажы өзі өмір кешкен дәуірдегі адамзат баласы ұстанған дәстүрлі діндердің бәрінің бұрмаланып, алғашқы қуаты мен қайнарынан айрылғанын осыдан жүз жылдан астам бұрын жазылған осы шағын өлеңінде ашық білдіреді.
Пайғамбар Мұса жолықса,
Сөйлесіп көңілім орнықса.
Адасты жебірей – дер едім,
Тәуратты қайта толықта.
Иудейлер ұстанған Мұса пайғамбар негізін салған діннің бұрмаланып, өзінің мәнін жоғалтқандығын Мұса пайғамбардан кейін мың жылдан соң келген Иса пайғамбар да анық айтқан еді. Ол туралы Інжілде нақты айтылған. Шәкәрім қажының мына өлең жолдарына қарап отырып, оның иудейлердің қасиетті кітабы саналатын Тәуратты ғана емес, христиандардың Інжіл кітабын да оқыған, хабардар екендігін анық бағамдауға болады.
Айсаны көрсем егер мен,
Тіріл – дер едім, қайта сен.
Сені құдай деді де,
Айрылды халқың дінінен.
Иса пайғамбарды құдайдың ұлы деп атап, оған табынған христиандар Аллаға серік қосып, әу баста-ақ теріс жолға түсіп кетті. Бұл туралы қасиетті Құранда да айтылады. Құдай әке, Құдай ұл және Қасиетті рух деп бір құдайды үшке бөлген христиандар кейін келе түрлі ағымдарға бөлініп, тіпті бірін-бірі жау көріп, қырықпышақ болып кетті. Сол заманда бастау алған  католиктер мен протестанттардың арасындағы қайшылық-қақтығыстар әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Мұхаметті көре алсам,
Сөз айтып жауап бере алсам.
Адасты молда – дер едім,
Құраныңды үйрет келе алсаң.
Бұл күнде дұрыс иман жоқ,
Шатақ дін нәпсі тыйған жоқ.
Ақылы саудың ойына,
Алдамшы діндер сыйған жоқ.
Осыдан жүз жыл бұрын Шәкәрім қажы айтқан ислам дініндегі адасушылық қазір көз алдымызда анық көрініп тұр. Жүз жыл бұрын қазақ арасында имандылық бар еді, дін арасындағы бұрмалаушылықтар болғанымен, дәл қазіргідей деңгейде емес еді. Міне, сол кезден бастау алған адасушылықтар кейін келе мүлдем өршіп, дін исламның атын жамылған теріс ағымдардың күш алуына әкеп соқтырған сияқты. Қолына қару алып, жазықсыз жандарды өлтіріп жатқан дін атын жамылған лаңкестердің теріс әрекеттері өзге халықтардың ислам дініне деген өкпе-ренішін ғана емес, жеккөрінішін туғызғанын айғақтайтын жайлар әредік көрініп қалады. Ол жекелеген адамдардың қасиетті Құранды жыртып, не өртеп, аяқ асты етіп таптау сияқты әрекеттерінен, әлеуметтік желілердегі ислам дініне қатысты теріс пікірлерден байқалады. Оқыған, көзі ашық бірқатар қазақ азаматтарының ескі замандағы қазақтар ұстанған тәңіршілдікті дін ретінде қайта жаңғыртуға талпынуы да ислам дінінің жұрт арасындағы абырой-беделінің түсіп кеткенін көрсеткендей.
Шәкәрім қажы осы шағын өлеңінде бүгінде миллиардтан астам адам ұстанатын буддизм дінінің бұрмаланғандығы туралы да айтады. Өткен ғасырда шарықтау шегіне жеткен материалистік түсініктің терістігі мен адамзатқа залалы жайында:
Затшылдық көзiн байлады,
Адастырып айдады.
Жан билемей, тән билеп,
Ақылдың соры қайнады.
Ғылым деп уды жегiздi,
Денесiз зат жоқ дегiздi.
Дәлелсiз пәнмен перделеп,
Тапқызбай қойды негiздi, –
дейді.
Шәкәрім Құдайбердіұлының бір ғасыр бұрын жазған бұл өлеңінің мәні әлі жойылған жоқ, керісінше қазір онда айтылған жайлар өмірлік маңызды мәселеге айналып отыр.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар