Заң ғылымының заңғары

Еліміздің заң ғылымын дамытуға елеулі үлес қосқан заң ғылымдарының докторы, академик Салық Зимановтың (1921-2011) есімі жұртшылыққа кең таныс. Еліміз тәуелсіздік алған тұста ол тәуелсіз еліміздің заң саласын дамытуға белсене атсалысты. Сол тұста көптеген заңдар оның атсалысуымен қабылданғаны белгілі. Сонымен бірге, Салық Зимановтың Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер екендігін біреу білсе, біреу біле қоймайды.

Ол Оңтүстік Кавказ, Солтүстік Кавказ, Воронеж, 2-ші Украин, 2-ші Беларусь майдандарына қатысып, соғысты Берлин түбінде аяқтаған. Өзінің майданда көрсеткен батылдығы мен батырлығының арқасында қатардағы жауынгерден гвардия майоры атағына дейін жетіп, әскер қатарынан 1949 жылы маусымда босап, елге оралады.
Соғыс кезінде төрт рет жарақаттанған Салық Зиманов екі рет І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Кавказды қорғағаны үшін» және «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.
Салық Зимановтың Бүкілодақтық заң институтында жоғары заң білімін алып (1948), ғылыми жолға түсуі оның ерекше шығармашылық қабілеті мен ғалым ретіндегі бейнесін ашып көрсетті. Ол Мәскеуде КСРО Ғылым академиясының Құқық институтында ғылыми-ізденушілік жұмыстарын жүргізіп, 1950 жылы «Бөкей Ордасының қоғамдық-саяси құрылысы» тақырыбында заң ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесіне диссертациялық жұмысын сәтті қорғап шықты. Қазақтың саяси-құқықтық ілімдерінде бұл жұмыстың маңызды орын алатынын сол кезде де және бүгінде де ғалымдар мойындайды.
Үлкен ғылыми жолға куәлік алған жас ғалым үздіксіз ізденушілік жұмысын одан әрі жалғастырып, «Қазақстанның қоғамдық-саяси құрылысы» тақырыбында заң ғылымының докторы ғылыми дәрежесіне диссертациялық жұмысты сәтті қорғап шықты. Нәтижесінде ол заң ғылымдарының докторы дәрежесін иеленген алғашқы қазақ болды. Өзінің отандық заң ғылымына қосқан қомақты үлесі үшін С.Зиманов 1967 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының академигі атағын иеленді. Академик С.Зимановтың қазақстандық заң ғылымына қосқан үлесі шексіз деп айтсақ, қателеспегеніміз. Ол қазақ халқының байырғы әдет құқығын, мемлекеттік және құқықтық жүйесін зерттеп, билер мен шешендердің билік өнерін бүгінгі ұрпаққа жеткізген ғалым. Өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында бірнеше буын ғалымдарды дайындады.
Ғалым ағамыз қазақтың әдет құқығының тарихи дамуын зерттей келе, соның ішінде билер сотының қызметіне аса мән беріп, терең зерттеулер жүргізіп, аталмыш институттың маңыздылығын ашып көрсетті. Қазақтың билер сотының теңдесі жоқ институт екендігін дәлелдеп, келесідей пікір айтады: «Бір жағынан, қоғамдық құрмет пен мәртебенің шыңында тұрған кезде «билер соты» ұғымы кез-келген күрмеулі істің ақиқатын табу және сот кесімінің негізі – әділдікке қол жеткізу түсінігімен тең тұратын. Сондай-ақ, билерден сот әділдігін жүзеге асыру үшін даналық, шешендік, өз теңдес бәсекелестерімен тең дәрежеде сұхбаттасу, тарихтағы түрлі әдет-ғұрыптық, соттық-оқиғалық нормалардан хабардар болу, хандар енгізген заңдарды білу талап етілген».
Билер соты институтына арналған түрлі еңбектерінде ұлы ғалым қазақтың би-қазылары ешкімге тәуелді болмаған, оларды ешкім сайламаған, төрелік айтатын адамды дауласушылар өздері таңдап, оның әділ шешіміне жүгінгендігін атап өтеді.
Қазақтың билер сотын терең зерттей келе, ғалым бұл институттың бүгінгі сот жүйесіне үлгі етерлік тұстары көп екендігін айтады.
С.Зиманов қазақтың билер сотын тарихи және теориялық тұрғыдан зерттеудің нәтижесінде бірқатар ғылыми еңбектер жариялап, онда бүгінгі ұрпақ білмейтін билік өнеріне қатысты көптеген қазақтың мақал-мәтелдерін, әңгімелер мен оқиғаларды жарыққа шығарды. Билер сотына қатысты зерттеулерінің нәтижелері «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» атты жеке еңбегінде, «Қазақтың ата заңдары» атты 10-томдық еңбектерінде және өзге де жекелеген мақалаларында кеңінен қарастырылған.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде мемлекеттің Конституциясы мен қолданыстағы заңдарын қабылдау және жетілдіру бағытындағы оның қызметі зор болды. Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты және заңгер-ғалым, Комитеттің төрағасы және Жоғарғы Кеңес Төралқасының мүшесі бола отырып, С.Зиманов түрлі материалдарға қол жеткізіп, биліктің жоғары деңгейіндегі отырыстары мен талқылауларына белсене қатысты. Ол жаңа Конституцияның жобасына қатысып, сараптама тобының жетекшісі болды. Конституциялық комиссияның мүшесі (1992-1993 жж.), Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының төрағасы, сонымен қатар, Парламенттің бірқатар заң шығарушы комиссияларының мүшесі ретінде еліміз үшін маңызды сол тұста белсенді жұмыстар атқарды.
Жоғары оқу орындарында, ғылыми ұйымдарда басшы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Консультативтік кеңестің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республи­касы Жоғарғы Кеңесінің депу­таты болған жылдарында ана тіліміз бен төл мәдениетіміздің тынысын кеңейтуге, еліміздің ырысын көбейтуге аянбай еңбек сіңірді. Халық алдындағы аманатқа адал болып, жас мемлекетіміздің қанатының қатаюына елеулі үлес қосты.
Ата Заңымыздың негізін қаласып, заңдылықтың салтанат құруына атсалысты. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын да жа­уапты жылдарында Мемлекет басшысының қасында болып, азаттыққа жаңа қол жеткізген Отанымыздың өркендеуіне бағыт-бағдар берді, ұлт зиялыларының өнегесімен халыққа шынайы қызмет етті. Білікті заңгер маман ретінде егемендік, тәуелсіздік жолын­дағы Қазақстанның халықаралық қатынастарын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне белсене араласты.
С.Зиманов қоғамға сіңірген ең­бегі үшін Қазақстан Респуб­лика­сы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Президенттік бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының иегері атанып, «Қызыл жұлдыз», «Отан», «Парасат» ордендерімен, басқа да медальдармен марапатталды. Салық Зимановтың еліміздің еңселі, тәуелсіздігіміздің тұғырлы, келешегіміздің кемелді болуына сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Ірі қоғам қайраткерінің, ғалымның, аяу­лы азаматтың өшпес мұрасы ел тарихынан өзіндік орын алып, бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.
Тоты Берлібекова,
Ақмола облысы бойынша әділет департаментінің
бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар