Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«ИТ» (әңгіме) - АРҚА АЖАРЫ

«ИТ» (әңгіме)

Қояндықызылдың қылтасынан төрт салт атты бір-бірімен үзеңгі қағыстырып, шоқытып шыға келгенде, түн қараңғысы жаңа-жаңа сөгіле бастаған еді.
Таңғы ауада шыңылтыр аяз бар. Ақ мамық көрпеге оранған сайын дала еркін көсіліп, үнсіз мүлгіп тұр. Көз жанары жететін төңірек тып-тыныш, тып-тымық. Әлдеқайдан сауысқанның өлі тыныштықты бұзып, шықылықтағаны естіледі. Иықтарына мылтық асынып, қолдарына қамшы ұстап, тоқ жарау ат мінген аңшылар жылы киініпті. Таңғы тынық ауаны дар-дар айырып, әңгіме айтып келеді.

– Осы тазының күшіктерін үлкен ұлым Болат Өскеменнен әкеліп бергенде, әкем тіріліп келгендей қуандым, – деді есік пен төрдей көшелі торы аттың үстіндегі қаба сақалды Қаби, – бір жүйрік иттің ызасы әбден өтіп жүр еді. Енді сәтімен ауызданса, осы төңіректегі жүгірген аңның бәрі біздің қанжығаға байланады дей бер. Әне, мойыны мен кеудесін көрмейсіңдер ме? Шоқтығы биік, алқымы кең. Қанша шапса да, тынысы тарылмайтын азуы өткір, белі мықты ит.
Шынында да қаба сақал Қаби мақтанса, мақтанғандай. Бұл өңірде кездесе бермейтін тегі асыл, тұқымы сирек тазылардың кейпі шебер суретші салған туынды тәрізді. Ұялас қос тазы жүні сұйық, қап-қара моншақ таңбалы үшкіл танаулы, дөңес жонды екен. Көздері ақыл мен өжеттілікке тұнып тұр.
– Мына Имантауға Қырғызстаннан көшіп келген ағайындарда тазының тайған деген түрі бар екен. Сіздің тазылардан олқылау. Жалпы нобайы ұқсас. Жалғыз-ақ ерекшелігі құйрығында. Сосын мына тазылар тәрізді жыланбас, түлкі тұмсық, қасқыр шеке емес. Ал, құйрықтарының ұшы сүйексіз, қамшықұйрық. Ағайындардың айтуына қарағанда, таулы жерде алдарынан аң қашып құтылмайтын көрінеді, – деді шабдар атты Мәкібай.
Қос тазы арқан бойы жерде із кесіп келеді. Кеше жауған қар үсті жосылып жатыр. Әнебір жерде қоян ізі, шым-шытырық әрқилы құстардың табан таңбасы. Мына тұста тышқан жорғалапты.
Ұялас қос тазы бұта түбін шиырлап, із жосығын шығара алмай жүр. Таңғы таза ауадан әлдебір иіс аңдағандай, орғып-орғып секіреді. Үйіне жаңа толған, алғаш рет қар басып тұрған қос тазының дене бітімі сомданып, құлақтарының бұйра шашақтары төгіліп, жұмсақ түктері қақтаған ақ күмістей жылт-жылт етеді. Майысқақ құба тал тәрізді аяқтарының бұлшық еттері тарамданып, болат серіппедей ширығып тұр.
– Дүбәра тазылардың көзі ойнамалы, ұрлықшы, аузына не түссе, соны жей беретін сұғанақ болады, – деді қаба сақал Қаби. Ал, тамақты талғап ішетін, мінезі байсалды, салмақты тазылар тектілігін аңғартып тұрады ғой…
Төрт салт атты бұлаң құйрықпен Ақтастың иығына іліккенде, күн арқан бойы көтерілген. Кенет қамшылар жақ беттегі қайың шоқтың бауырынан әлдененің жалқын түсті сұлбасы қылаң ете қалды.
– Елік, – деп айғайлап жіберді қарақасқа атты бозбала Балтабай, – елік қашты!
Ұялас қос тазы әуелі ұзын сирақты, қар бетіне тамған жалғыз ноқат іспетті, дөңгелек қара көздері мөлт-мөлт еткен бейтаныс аңға таңырқай қараған. Бойы да өткен күзде өкпелері өшкенше қуған түлкінікі тәрізді емес, ұзын. Бір-біріне ақылдасқандай қарап алған соң, жұмсақ қардың үстіне жосылтып, ұялас тазылар шаба жөнелді. Құтты адырнадан ажал аңсап атылған сұр жебедей екпінді.
Елік жер астынан шыққандай әлдеқайдан пайда бола кеткен қос тазыға әуелі таңырқап қараған. Содан соң созалаңдай орғып, Қарағаштың қалыңын бетке алып жөнеп берді. Қауіп ойлаған жоқ. Итті талай көрген. Өткен жаз Қамысақтының жиегінде жоңышқыға жайылып жүргенде төрт-бесеуі кезіккен. Өзеннің суы тартылған табанын өрлей қашып, бірде емексітіп жақындатып, бірде алыстатып мазақтаған. Сабалақ жүнді, бойлары бәкене топ ит қозыкөш жерге дейін ілесе алмай, ен даланы бастарына көтеріп, ауық-ауық үріп қала берген. Әлде өздерінің осындай мүскін халіне қорланды ма, әлде кем жаратқан, кембағал еткен Жаратушыға назы ма? Әйтеуір, шәуілдеп ұзақ үрген.
Онан соң итке тағы бірер мәрте кезіккен. Тұла бойы жеп-жеңіл, тоқ жарау, болат тұяқтарын шымдауыт жерге шымыр қадап, қаздаңдай басатын, самал желмен жарысуға да шамасы қаптал жететін елік адымы ашылмайтын жаман иттерге шаң қаптырып кеткен.
Бұл жолы да дәл солай боларына кәміл сеніп еді. Тұла бойы дуылдап, шиыршық атып, әлдебір алапат күш құйған. Сұлу мойнын әнтек бұрып, ұялас қос тазыға жаудыраған жанарымен тағы бір қарап алды да, қайысша созылып, құйын-перен шын шабысты бастады.
Алғашқыда жеп-жеңіл қардың еш бөгесіні жоқтай көрінген. Аса бір қауіп ойлай қоймаған елік ұялас қос тазыға алғаш кезіккенде дәл осылай көсілген жоқ еді. Ақ жамылғыға оранған мылқау дала төрт тұяқтың астында зымырап барады. Әлде шыбын жаны мұрнына келген елік даланың үстінде зымырап келе жатыр ма? Әйтеуір, бұл даланың бедерінде бұрын-соңды бола қоймаған жойқын шабыс басталды. Елік қанша жүйрік болса да, созалаңдай шапқан ұялас қос тазы қол созым жерде.
Кеше кешкілік жауған қалың қар, ала қаншық ақ боран ұры сайды кептеп тастаған екен. Жүйрік қос тазының қақпалауынан қыстыққан елік өзекшенің өңешіне кептелген қасат қарды қақ жарып шықты да, тай шаптырым жердегі ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның етегіне ұмтылды.
Ет пісірім уақыт өткенде қос құлақтың түбінен, омыраудан аққан ащы тер ақ сабынданып, сауырға құйыла бастады. Ұялас тазылар орман шетіне ілігуге мүмкіндік бермеген. Қайтадан жазыққа түсті. Елік тумысында мұндай жүйрік итке кезігіп көрмеп еді. Шашақ құлақтары желп-желп еткен ұялас қос тазы ақ қардың үстінде домалатып жіберген екі түйір моншақ тәрізді.
Елік шындап қысылды. Арандай ашылған анау ауыздардағы өткір азулар қорқыныштан дір-дір еткен қорғансыз денесіне кірш етіп қадалатын тәрізді. Сонан соң мынау жарық дүние, лақ күнінде емін-еркін асыр салған қалың тоғай, шүйгін шөп, зеңгір аспан көзден бір-бір ұшатындай. Ал, адал аңға ауызданып көрмеген ұялас қос тазының елікке деген еш өшпенділігі жоқ еді. Тіпті, олар ауыз да салмақ емес. Бар болғаны мынау сайын далада төрт аяқты мақұлықтың ішінде кім жүйрік екенін көрейік деген құмарту болатын.
Елік ит тұмсығы өтпейтін орманнан да, бес жерінен буылып, жағасын жасыл құрақ қаптаған өзеннен де пана таппады. Жазда мәйегіне мелтектеп, қыста жұп-жұмсақ қардың үстінде асыр салған қайран да қайран мына өлке енді бұған бесік бола алмайтындай. Елік бір сәт адамдарды пана көрді. Талай кезіккен. Бәлкім, ажалдан алып қалса, екі аяқтылар алып қалар. Өлмеусіреген осы дәмемен топ аңшыға қарай бет бұрған. Соңында – жалпақ даланың шын жүйрігі кім екенін көрейікші деп, қыр өкшесінен сынық сүйем қалмай қойған қос тазы.
Адамдарға оқ жетер жерге жақындағаны сол еді, әлдене үнсіз мүлгіген Жалғызтаудың қолат қойнауын жаңғыртып, гүрс ете түсті. Қабаттап атылған қос ауыздың дара оқтары қос өкпеден тигенде жұлдыздай ағып келе жатқан елік омақаса құлады…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар