Індет наурыз айында қайта өршуі мүмкін

Індет наурыз айында қайта  өршуі мүмкін

Ақмола облысының аумағында соңғы аптада жүргізілген эпидемиологиялық мониторинг коронавирусқа шалдығу деректері біршама азайғанын көрсетіп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді.

–Бүгінгі таңда облысымыздағы эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталды. Соңғы аптада аурудың 1,04 есеге төмендегені байқалады. 2021 жылдың 2 наурызына дейінгі жағдай бойынша бір тәулікте 69 адамда коронавирус инфекциясы лабораториялық жолмен расталды. Бұл науқастардың басым бөлігі Бұланды, Бурабай, Жарқайың аудандарының және жетеуі Көкшетау қаласының тұрғындары, – деді өңірдің бас санитарлық дәрігері.
Жалпы, коронавирус пандемиясы басталғалы облыста 13802 адам індет жұқтырған. Оқушылар арасында коронавируспен ауыру деректері әлі де тіркелуде. Бір тәулікте сондай 14 жағдай анықталыпты. Оның төртеуі Бұланды, екеуі Есіл, бесеуі Жарқайың және үшеуі Бурабай аудандарында тұратын балалар. Айта кететін бір жай, осы жолы ауру қашықтықтан білім алып жатқан оқушылар арасында көбірек анықталған. Сол себепті, бас санитарлық дәрігер үй жағдайында оқып жатқан оқушылардың ата-аналарын балаларының карантин талаптарын сақтауын, адам көп жиналатын жерлерге бармауын, көшеде маскасыз жүрмеуін қамтамасыз етіп, денсаулықтарына барынша абай болуға шақырды. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан оқушылар арасында 565 коронавирус дерегі тіркелсе, оның 238-і штаттық, 327-сі қашықтықтан білім алып жатқан балалар. Өткен ақпан айының ортасынан бері облыс бойынша 13 мектеп қашықтықтан оқытуды жалғастыруда.
Соңғы рет коронавирустың өршіген кезеңі өткен желтоқсан мен қаңтар айларында болса, енді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі наурыз айында да сондай жағдай қайталануы мүмкін деген болжам жасауда. Ауру асқынған кезеңде бәріміздің карантин талаптарын бұлжытпай орындап, денсаулығымызға сақ болғанымыз жөн.
Брифингте облысымызда коронавирусқа қарсы екпе салу науқаны жалғасып жатқаны айтылды. Қазіргі таңда «СпутникV» екпесінің екінші кезеңі қолға алынуда. Айнагүл Мусинаның айтуынша, екпенің екі компонентін алған адамда 56-ыншы күні ауруға қарсы иммунитет қалыптасады. Осы уақытқа дейін 1298 адам екпенің бірінші компонентін алса, оның 660-ына екінші компоненті салынған. Оның жетеуі мұғалім, тағы жетеуі мемлекеттік қызметші және 646-сы медициналық қызметкер.
2021 жылдың 2 наурызында облысымыздағы арнайы егу пункттеріне екпенің 3700 дозасы әкелінген. Екінші кезеңде мұғалімдер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері екпе алады деп жоспарлануда. Жуырда әкелінген екпенің бірінші компонентін 275 адам алып үлгеріпті. Оның 22-сі мұғалімдер, 18-і күштік құрылымдардың қызметкерлері, 44-і учаскелік полицейлер және қалғаны медициналық қызметкерлер. Екпе алғандардың ешқайсысында асқыну белгілері байқалмаған. Өткен айда екпе тек Көкшетау қаласы мен Бурабай, Зеренді аудандарындағы екпе пункттерінде жасалса, енді наурыз айында облысымыздың барлық өңірлерінде жүргізіледі.
Сөз соңында Айнагүл Мусина карантин талаптарының сақталуын қадағалайтын мониторингтік топтардың жұмысы туралы айтып, Ақмола облысы бас санитарлық дәрігерінің карантин шараларын жеңілдету туралы 2021 жылғы 24 ақпандағы қаулысына енгізілген өзгерістер жайлы хабардар етті. Қаулыға сәйкес, кинотеатрлар мен театрлар сыйымдылықты 20 пайыздан асырмай және залда екі метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, қызмет ете алады. Ашық азық-түліктік және азық-түліктік емес базарлар бутикте бір келушіге 4 шаршы метр аумақтан келетін әлеуметтік қашықтықты сақтауы тиіс, балалардың ойын алаңдарына, аттракциондардың қызметіне бұрынғыша рұқсат жоқ делінген қаулыда. Ал, 1 наурыздан бастап мектеп асханаларының жұмысы жанданды.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *